Факт шындыққа сәйкес келмейді. Антикор шулы видеоға түсінік берді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің басшысы Денис Шакенов әлеуметтік желіде кең тарап, қоғамда үлкен резонанс туғызған видеоға қатысты түсінік берді.
Айта кетейік, видео Өскемен қаласындағы мектептердің бірінде түсірілген. Онда оқушы қыз өзімен шамалас қызды ұрып-соғып, шешіндіргені көрсетіледі. Қазір әлеуметтік желіде тым қатыгездікке барған қыздың әкесінің антикорда істейтіндігі айтылуда. Алайда Денис Шакеновтың айтуынша, бұл шындыққа жанаспайды.
«Әлеуметтік желілерде, АДК сауда орталығында орын алып қоғамдық резонанс тудырған оқиға қатысушыларымен, ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қызметкерлерінің бірінің туыстық қарым-қатынастары бар деген ақпарат таратылуда. Осыған байланысты, бұл факт шындыққа сәйкес келмейтіндігін ресми мәлімдейміз, оқиғаға қатысқан адамдардың ШҚО Антикор қызметкерлерімен ешқандай туыстық қатынастары жоқ.
Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әлеуметтік желілерді пайдаланушыларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабының 2-бөлігінің 3-тармағына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауаптылық көзделгенін ескертеді»,-деп жазған Шығыс Қазақстан облыстық антикордың жетекшісі.
Қазіргі уақытта полиция осы факті бойынша «бұзақылық» бабымен қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.