Тоқтар Төлешов не үшін тұтқындалды?

Oinet.kz 10-06-2019 1075

Screenshot_7.jpg 

Шымкентік бизнесмен Тоқтар Төлешевтің тұтқындалуы жұрт арасында үлкен қоғамдық пікір туғызып отыр. Мұның астарында саяси тапсырыс бар екенін көршілес Ресейдің  ақпарат құралдарын  былай қойғанда «Америка дауысының» өзі да жазып жатыр. Ал шымкенттік құқық қорғау органдары үнсіз. Т.Төлешевтің тұтқындалуын бөтен ойлы, басқаша пікір білдіретін азаматтарды жуасыту үшін жасалып жатқан шаралардың жалғасы ма, әлде мұның астарында біз білмейтін бір себеп бар ма? 

Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы  бұл іс бойынша анықтау жұмыстарының жүріп жатқанын айтып, қысқа қайырса, облыстық ішкі істер департаменті бұл қылмыстық іске өздерінің қатысы жоқ екенін, операцияны Ішкі істер министрлігі жүргізгенін алға тартып отыр.  Ал  Ішкі істер министрлігі өткен жексенбіде там-тұмдап қана ақпарат таратты.  Оған қарағанда Шымкентте шұғыл-іздестіру шаралары кезінде Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері төрт азаматты құрықтаған. Сот санкциясымен олардың тұрғылықты жерлері мен жұмыс орындарын тінту барысында отты қару-жарақ, есірткі заттары және әдебиеттер алынған. Ұсталғандардың бірі  - жергілікті атышулы кәсіпкер Тоқтар Төлешев. Қазір алынған айғақтарға сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Бірақ Тоқтар Төлешевке нақты қандай айыптың тағылғаны, әлгі әдебиеттердің мазмұнына қатысты ешқандай түсінік берілген жоқ.  Біздің білетініміз, құқық қорғау органдары Тоқтар Төлешевке құрықты бірінші рет салып отырған жоқ. 

Осыдан бірнеше жыл бұрын  «Шымкентсыра» кәсіпорнының қожайыны, ел арасында дәулетімен, ұл-қыздарының туған күніне шетелдің қымбат әншілерін шақырумен аты шыққан Тоқтар Төлешевтің көлігін кешкі мезгілде полиция қызметкерлері қоршауға алып тоқтатқан. Дереу құжаттары мен көлігінің ішін  көрсетуді талап еткен. Тіпті көлікте заңсыз қару бар деген күдіктерін де айтқан. Төлешев ешқандай қарсылық көрсетпеген. Шамасы құқық қорғау органдарына берілген ақпарат жалған болды ма әлде болжам дұрыс шықпады ма, әйтеуір көліктен заңсыз ештеңе табылмаған. Соның өзінде полиция кәсіпкерді бір сағатқа жуық уақыт ұстап, әурелеген. 

Тоқтар Төлешевті бұл жолы алдын ала тыңғылықты дайындалған сценарий бойынша ұстағаны аңғарылады. Операция болған күні Шымқаладағы атақты «Риксос Хадиша» қонақүйін арнайы жасақ қоршауға алған. Бақайшағына дейін мұздай қаруланған топ осы күні  Тоқтар Төлешевтің үйі мен «Шымкентсыра» кәсіпорнының алдынан да байқалған. Ұстау мен тінту операциясының нендей нәтиже бергенін жоғарыда айттық. 

Тоқтар Төлешевтің осы уақытқа дейін кәсіпкерлікпен ғана емес, қоғамдық жұмыстармен де айналысып келгені белгілі болды. Ол лаңкестік қауіп-қатерді талдау орталығының  Қазақстандағы  өкілдігіне басшылық жасапты. Шымкенттегі тұтқындау шаралары жүргізілген соң, Мәскеудегі аталған орталықтың директоры Рамиль Латыпов ресми сайттарында мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, «Террористтік қауіп-қатерді талдау орталығының» Қазақстандағы өкілдігі 2013 жылдың 12 ақпанында Әділет министрлігінде тіркелген. Өз алдына дербес және  коммерциялық емес ұйым саналады. Ұйымның өкілдігін басқаруға Тоқтар Төлешев ұсынылған. Бұл тағайындау кезінде Тоқтар Төлешев Мемлекеттік Думадағы ТМД елдері бойынша комитетінің дін және қоғамдық ұйымдар жөніндегі эксперттік кеңестің төрағасы қызметін атқарған. 

Р.Латыповтың ойынша 13 баланың әкесі Тоқтар Төлешев Қазақстанның нағыз патриоты. Парасат-пайымы жоғары, жазған мақалаларына, берген сұхбаттарына қарап оның Орталықтың Қазақстандағы өкілдігінің бекерден бекер басқаруға тағайындалмағанын анық байқауға болады екен. Тоқтар Төлешев Ресейдің үлкен досы, екі елдің қарым-қатынасының нығаюына қажырлы еңбек сіңірген адам көрінеді. Т.Төлешев 2014 жылы Ресей Журналисттер одағының Орталық Азия аймағы бойынша өкілі қызметіне тағайындалған. Сонымен бірге ол 2015 жылы «Үдеу-Өрлеу» деп аталатын қоғамдық ұйым құрған. Оның облыстарда,  ірі қалаларда өкілдіктерін ашқан. Осының бәрін алға тартқан әлгі директор Қазақстан билігінің проресейлік бағыт  ұстанушы азаматты тұтқындады деп дабыл қаққандай болады.   

Тоқтар Төлешев 2015 жылдың қазанында өкілдіктің басшылығынан кетіп, бар күш-жігерін өзі құрған «Үдеу-Өрлеу» қоғамдық қозғалысына арнамақ болыпты. 2015 жылдан бастап оның Ресей Журналистер Одағының Орталық Азиядағы өкілдігі де тоқтап қалғанға ұқсайды. 

«Төлешевтің ұсталуы Ресей мен Қазақстан арасындағы салқындыққа себеп болады» деп жазады «Америка даусы». Аталған агенттіктің ойынша Тоқтар Төлешев проресейлік, антибатыстық мәселе көтерген.  ИГИЛ-дің содырлары Украиналық ұлтшылдарға жәрдем беріп жатқаны туралы мақалаларды жазған. Автор бұған дейін әлеуметтік желіде Қазақстанның Ресейге қосылуы туралы жұрттың пікірін білмек болған азаматтың бес жылға бас бостандығынан айырылғанын алға тартыпты.  Қайда қиялап бара жатқаны түсінікті ғой... 

 Оңтүстікте өте дәулетті азамат  саналатын Тоқтар Төлешев қайбір жылдары сайлау кезінде оппозициялық топта жүрген бір депутатты қолдаймын деп, басы әжептәуір дау-дамайға қалғанынан хабардармыз.  Соңғы жылдары ол руласы Жармахан Тұяқбай басқаратын ЖСДП-мен де тығыз қарым-қатынасын тоқтатқан көрінеді. «Шанышқылы» қоғамдық қорын басқарып жүріп те осы рудың атын әйгілейтіндей әдемі іс-шараларды жүзеге асырғаны жайлы да ел ештеңе білмейді. Дегенмен өзінің туған жері болмаса да Төле би ауданы  Қасқасу ауылындағы ақсақалдардың өтінішімен сол елді мекенге мешіт салып беріп елдің алғысын алғанын айтпай кетуге болмас. 

Былтыр ол Сайрам ауданындағы әскери-спорттық базада өзінің әкесі, ұзақ жылдар Мемлекеттік қауіпсіздік саласында еңбек еткен Жүсіп Төлешевтің 93 жылдығына арнап, оққағалар мен антитеррорлық жауынгерлердің жиынан өткізген. Осы жиынға Ресейден өз саласының кәнігі маманы деген әскерилер қатысты. Төлешев Ресейден тек атақты әншілерді ғана емес, мен деген генералдарын да Шымкентке шақыра алатынын байқатқан болатын. 

Тоқтар Төлешев кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, Қазақстандағы казактар ұйымы бас атаманының кеңесшісі қызметін атқарған. Павлодар облысының экс-әкімі Ерлан Арыннның казактардың қолынан шен алып, президент Назарбаевтан кейінгі «Екінші атаман» атанғаны, одан көп ұзамай басына бұлт үйірілгені  осындайда еске түседі екен. 

 Т.Төлешев  «Нұр Отан» партиясының  мүшесі, кезінде осы партия атынан «Құрмет» орденін алған азамат. Партияның Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Берік Оспанов апта басында сайлауды штабтың ашылуына байланысты брифинг өткізгенде оған «нұротандық» айыпталушының тағдырына  қаншалықты араша түсетіні туралы сұрақ қойылды.  «Төлешевтің ісімен құқық қорғау органдары айналысуы керек, бәрі заң аясында шешілуі тиіс» дегеннен басқа асырып ештеңе айтқан жоқ. 

Осы дүйсенбіде түс ауа Ішкі істер министрлігі тағы бір мәлімет таратты. Бірақ бәрібір бұл Тоқтар Төлешевке қатысты түйткілді тарқата алған жоқ.

--Шұғыл-іздестіру операциясы кезінде Тоқтар Төлешевтің тұрғылықты жерінен Алматыда бірнеше адамға қарсы алаяқтық қылмысын жасағаны үшін іздеуде жүрген, 1988 жылы туған Сергей Калтаков деген азамат ұсталды. Т.Төлешев пен С.Калтаков уақытша ұстау абақтысына қамалды,-- дейді министрліктің өкілі  Алмас Сәдубаев. 

Тұтқынға алынған шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешев туралы тың деректер тәулік емес сағат сайын пайда болып жатыр. Әр мәлімет шыққан сайын Тоқтар Төлешев туралы білетінімізден білмейтініміздің көп екеніне таңырқап, еріксіз бас шайқайсыз. Біз оның қыздарының туған күніне шетелдің атақты әншілерін шақыратынын, елде жоқ, қымбат көлік мінетінен ғана біледі екенбіз. Бақсақ, Шымкенттен шыққан кәсіпкер мұхиттың арғы жағында әлемдік деңгейдегі ұйымдарға жетекшілік етіпті. Халықаралық марапаттарды алған Төлешевті америкалықтар, ағылшындар, канадалықтар жақсы таниды екен. Тіпті кейбіреулер ділмәрсіп «Тоқтар Төлешевті тұтқындау оның осы атақ-даңқын көре алмай жүргендердің тірлігі емес пе?» деген де қисынсыздау  ой қозғауда.

Сонымен соңғы ақпараттарға қарағанда, Тоқтар Төлешев Халықаралық полиция орталығының Ресей-Тынық мұхиты аймағы бойынша комиссары қызметін атқарыпты. Халықаралық полиция орталығы 2012 жылдың қыркүйегінде Біріккен Ұлттар ұйымының жарғысы мен Ұлыбритания, Ирландия елдерінің заңы негізінде құрылыпты. Интерполмен, Еурополмен тікелей жұмыс істеген. Штаб-пәтері Канадада орналасқан. Халықаралық полиция орталығының өкілдіктері Таяу шығыста, Солтүстік және Орталық Африкада ашылған. Ақпарат құралдарында осындай өкілдіктің Қазақстанда да ашылғалы жатқаны айтылыпты. Осы ақпараттарға қарағанда, комиссар Тоқтар Төлешев Ливиядағы кепілге алынған бейбіт азаматтарды босатып алу үшін жүргізілген келіссөздер мен арнайы операцияға қатысқаны үшін «Бітімгер» орденімен марапатталыпты. Қазақстанның емес, Ресейдің.  Мәссаған! 

      Кешегі күні, 3 ақпанда Шымкенттегі «Отырар» телекомпаниясының баспасөз орталығында  Т.Төлешевтің адвокаттары мен ол қожайындық ететін «Шымкентсыра» кәсіпорнының жетекшілері бапасөз мәслихатын берді. Шынын айту керек, адвокаттары да, кәсіпорын басшылары  да  Төлешевтің тағдырынан оншалықты хабардар емес. Олар кәсіпорынның келешегіне көбірек алаңдайтынын білдірді. Жылына бір ғана салықтың өзіне 2 миллиард теңгеден астам түсім беретін «Шымкентсыра»  қазіргі уақытта жұмысшыларына 27 миллион теңге берешек болып қалған. Алайда бұл қалыпты жағдай саналады екен. Қазақстандағы сыраның тең жартысына жуығын өндіретін кәсіпорынның қысқы уақытта кірісі азаяды. Баспасөз мәслихатына қатысушылар «жалақы қарызы жуық арада толығымен жабылады, кәсіпорын қалыпты жұмыс істеп тұр, жұмысшыларға, зауыттың өнімін тұтынушыларға алаңдайтын дәнеңе  жоқ» дейді. Адвокаттардың айтуынша, Т.Төлешевтің өзі Астанада қамауда отыр. Оны екі айға қамауда ұстау туралы сот санкциясы алынған. «Есірткі заттарын сақтау, тасымалдау, сату және қылмыстық топтарды қаржыландырды»  деген айып тағылыпты. Ал әдебиеттер туралы ешкім ештеңе білмейді. Тоқтар Төлешев соңғы уақытта ғылыми диссертация жазып жүрген көрінеді. «Әдебиет дегендері осы болуы мүмкін. Басқа болжам жоқ» дейді олар. 

       Әрине, Тоқтар Төлешев туралы әңгіме қозғанда «жығылғанға жұдырық» деген сөз еске түседі. Онсыз да қамауға алынып, артындағы бақ-дәулеті тағдыр талқысына түскелі отырған азамат туралы бірдеңе  айту қиын. Бәріне уақыт төрелік айта жатар. Дегенмен «көп асқанға бір тосқанның»  болатынын да ұмытпау керек шығар.   

«Рейтинг» газеті, №4, 4 ақпан 2016 жыл

Түрлі-түсті революциялар қалай жасалады?
ОҚО-дан «құрама командаға» кімдер ілігеді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу