Назарбаев пен Лукашенконы салыстырамын деп депутат партбилетінен айырылды

Oinet.kz 06-05-2019 1012

50_main.jpg

Ұрандатып сөйлейтіндерше айтсақ мемлекет басшысы, Елбасы—Ұлт көшбасшысы, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Беларусьтің президенті Александр Лукашенкомен салыстырамын деп Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Жамбыл Қалауов «Нұр Отан» партиясы қатарынан шығып қалды. Бұл ел аузындағы алып-қашты әңгіме емес, ресми ақпарат. Жамбыл Қалауовтың партия билетінен айырылғаны былай тұрсын Шымкент қалалық мәслихатындағы депутаттық мандатынан да хош айтысқаны туралы ақпарат та ел арасына таралған. Алайда негізсіз болып шықты. Кешегі күні оның депутаттық өкілеттігінің тоқтатылмағанын Шымкент қалалық мәслихатының аппаратынан сұрастырып білдік.  

Мәселенің мән жайын анықтау кезінде білгеніміз мынау:  Жамбыл Қалауов Беларусь президенті Александр Лукашенконың бензин бағасына қатысты айтқан сөздерін интернеттен көріп, бейнероликті әлеуметтік желіге салған көрінеді. Бейнероликтің астына  "Вот Батька – красавчик, нам бы такого Елбасы" деген сөзді жазып жіберіпті. Бар болғаны осы ғана. Оның бұл сөзін партиялас әріптестері Елбасының еңбегін жоққа шығару, тіпті, билікті құлатпақ болды деп қабылдапты. Астапыралла! Ел сенім артқан азаматтардың ойына қай-қайдағының келе беретініне аң-таң қалмай көріңіз. 

Жамбыл Қалауовтың мәселесі дереу «Нұр Отан» партиясының Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық филиалының саяси бюросында қаралып, оны партия қатарынан шығарып жіберген. Біз бюро мәжілісінің қалай өткенін білу үшін біз «Нұр Отан» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының төрағасы Саттар Қуашбаевпен хабарласқан едік.   

-Жамбыл Қалауов жіберген қателігі үшін партия қатарынан кетті, ал оның депутаттық мәселесіне қол сұғып жатқан ешкім жоқ,--деді төраға.

-Сонда оның бұл әрекеті қателік пе?

-Енді ол әлеуметтік желіге «нам бы такой Елбасы» деп жазған ғой. Елбасыға сөз тигізген. Әлеуметтік желіде депутаттардың арнайы блогы болған. Әлгі сөзді сол арқылы барлық әріптестеріне жіберген.

-Онда Елбасыға дауыс бермеген адамды Қазақстаннан көшіріп жіберу қажет шығар...?

-...Бұл мәселені жалғыз адам отырып шеше салған жоқпын.  Бюрода екі күн қаралды. Екі күн бойы пікірталас болды. Ақыр аяғында дауыс беру арқылы партиядан шығарылсын деген шешім қабылданды. Бюро мүшелері тіпті депутаттық мандатынан да айыру қажет дегенді айтты. Бірақ партия оның депутаттық мәселесіне араласа алмайды. Жамбыл Қалауовтың өзі де бюро мәжілісінің басы-қасында болды. «Бұлай болады деп ойлаған жоқпын» дейді. Басында ұялы телефонын көмекшісіне бергенін, әлгі сөздерді сол салып жібергенін айтты. «Ұялы телефоныңды неге бересің?» деген сауалға жауап берген жоқ.

  Біз пікірлескен бірқатар партия белсенділерінің ой-пікірін қысқаша айтар болсақ, Жамбыл Қалауовтың мұнысы дұрыс болмаған, қазір халық онсыз да дағдарыстан жарыла жаздап отыр, осындай кезде елді ұйыстырудың орнына Елбасыға сөз тигізіп отыр, ал Елбасының ар-намысына тиюге болмайды, ол туралы арнайы заң бар екен.

Яғни, дағдарыс кезінде өзге елде болып жатқан жақсы тірлік бізде де жүзеге асса деп армандауға болмайды. Егер солай деп армандап қойсаңыз, билікті құлатуға әрекет жасаған, Елбасыға қарсы шыққан адам болады екенсіз. Мұнымен келісуге бола ма?

Болған оқиғадан қандай болжам  болады?  Бұл дағдарыс кезінде биліктің қоғамдық пікірді бақылауда ұстап отырғанын, ел ішін бүлдіруге әсер ететін титтей әрекетке жол берілмейтіні, кінәлілердің қатаң жазаланатынын білдіре ме? Егер солай болса, партиядан шығару туралы бастама жоғарыдан, арнаулы органдардан келген болуы әбден мүмкін. Бұл біріншіден. Екіншіден, сол баяғы партияішілік дау-дамай қайта тұтанған сияқты. Естеріңізде болса, уақтысында партияның облыстық филиалының төрағасы, сол кездегі облыс әкімі, қазір партия төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып отырған Асқар Мырзахметовтың партия жарнасын төлемегенін бүкіл елге жария етіп, ақпарат құралдарында абыройын айрандай төккен  де сол «нұротандықтардың» өздері еді. Партияның белсенділері: Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Нұрлан Бекназаровтың, депутат Нұрғазы Бұхарбаевтың,  облыстық мәслихаттың депутаты Сұлтанбек Сүгірбаевтың басынан біраз шым-шытырық оқиғалар өтті. Жамбыл Қалауовқа қатысты шешім «нұротандықтар» арасындағы ескі егестің қайта бой көрсете бастағанын байқата ма?

Егер солай болса, тағы да елге күлкі болудан басқа жол жоқ қой. Бірақ дағдарыс кезінде күлуге бола ма, жоқ па, алдымен соны анықтап алуымыз керек шығар?       

P.S. Біз кешегі күні Жамбыл Қалауовпен ұялы телефон арқылы бірнеше мәрте хабарласып, хабарлама жазып, оның осы мәселеге қатысты пікірін сұрамақ болғанбыз. Әңгімелесуге құлқы жоқтығын байқатты, «кейінірек хабарласамын» деген. Кеш түскенше күттік. Алайда хабарласқан жоқ. Артық ауыз сөз айтып жіберсем, депутаттық мандатымнан да айырылып қаламын ба деп қашқақтағаны ма? Қанша дегенмен «аузы күйген үрлеп ішеді» деген емес пе? Дегенмен депутат алдағы уақытта хабарласып, ашық әңгіме айтамын десе, оның пікірін газет бетіне беруге әзір екендігімізді білдіреміз.

Ғалымжан Елшібай,

Оңтүстік Қазақстан облысы

Мұрағаттан, 2015 ж

Дариға Назарбаеваның вице-премьер болғанын қазақ қоғамы қалай қабылдады?
Жамбыл Қалауов: «Менің коментарийімде таңдану бар, шақыру жоқ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу