Қажыгелдин қартайған шағында елге орала ма?

Oinet.kz 24-04-2019 1677

Screenshot_4.jpg

Фотода: Заманбек Нұрқаділов пен Әкежан Қажыгелдин

Биыл наурыз айында экс-премьер Әкежан Қажыгелдин пайғамбар жасқа толды. 1994-1997 жылдарда ел үкіметін басқарған саяси фигураның төңірегінде түрлі қауесет әңгімелер әлі де толастар емес.  90-шы жылдардың жұлдызды саясаткері, дүрбелең  заманның символына айналған  Әкежан Қажыгелдин көп жылдан бері  шетелде, дәлірегін айтсақ Америкада тұрып жатқанымен, елге оралуды армандайтынын жасырмайды.  Қажыгелдиннің Қазақстанға қайтуы мүмкіндігі біраздан бері талқыланып келеді. Ал Рахат Әлиевтің өлімінен соң бұл болжамның шындыққа айналатын түрі бар. Неге екенін айтайық. 

 «Қажыгелдин елге оралғалы жатыр» деген болжамдар 2000-шы жылдың орта тұсынан айтыла бастады. Бірақ, бұл жолы ақпараттық агенттіктерге сенсек, Қажыгелдинге қатысты кезекті болжамның дерек көзі - «Нұр Отан» партиясындағы қызметкерлердің бірі екен. Осыны ескере отырып, кейбір саясаттанушылар Қажыгелдиннің билік жүйесіне де оралуын жоққа шығармайды. Бұл мүмкін бе? Мүмкін де шығар. Бірақ...

Сарапшылардың басым бөлігі бұған аса сенбейді. «Ол елге оралса да бұрынғы абырой-беделі мен ықпалдылығына жете алмайды. Қазір елде қаржылық мүмкіндігі мен саяси ықпалы жөнінен оны он орап алатын элита қалыптасты. Сондықтан, оның бар мүмкіндігі - «құрметті зейнеткер» атағына қол жеткізу. Ал билікте карьераны қайта жасауға еш мүмкіндігі жоқ» деген пікірлер де естіліп жатады.  Мейлі, бұл енді болашақтың ісі. Алдымен, Қажыгелдинді елге «келтіріп алу» қажет. 

Жалпы, ел тарихындағы екінші премьер-министрге қатысты берілетін баға да әр  алуан екенін атап өткен жөн. Біреулер оны нағыз реформатор, өз заманының прагматик саясаткері, технократ, тіпті ұлттық үкіметті басқарған ең үздік премьер ретінде таниды. Енді біреулер оны  жекешелендіру барысында мемлекеттік мүлікті талан-таражға түсіріп, оңай жолмен табыс түсірген, жеке қалтасының қамын ұлттық мүддеден жоғары қойған ашкөзге балайды. Қалай болса да, Қажыгелдин Қазақстан тарихында өзіндік орны бар саясаткер екені даусыз. 

Қажыгелдин ұлттық элитаға күтпеген жерден баса-көктеп кірді. 90-шы жылдардың басында ол жекеменшік компанияларда жұмыс істеп, кейіннен кәсіпкерлер кеңесін басқарды. Шығыс Қазақстанда  облыс  басшысының орынбасары ретінде де қызмет атқарды. 1993 жылдың желтоқсан айында кенеттен премьер-министрдің бірінші орынбасары креслосына отырды. Ал келесі жылдың қазан айында елдегі шаруашылықты қожыратып, отставкаға кеткен Терещенконың орнын басты. 

Қажыгелдин ұлттық деңгейдегі саяси тұлғаға айналуға қажетті барлық қабілеттер мен қасиеттерге ие  болды.  Ол саяси прагматик  болумен қатар мықты оратор да еді. Демократиялық қоғамға ұмтылыс танытқан сол заман үшін бұл таптырмайтын қасиет.  Әдемі әңгімесімен елдің назарын өзіне аударудан Қажыгелдин қиналған жоқ. Жаңа реформаларды  бастарда шешендік өнердің тамаша үлгілерін көрсете білген үкімет жетекшісінің көпшілік алдында жиі сөз сөйлеп, журналистерге жақын жүруі оның танымалдылығының артуына септігін тигізді. Әкежан Мағжанұлының шектен тыс күшейе бастағаны  байқаусыз қалмады. 1997 жылы ол министрлер кабинетінің жетекшілігінен кетіріліп, Президенттің штаттан тыс кеңесшісі қызметіне бекітілді. 

Қажыгелдиннің ең үлкен саяси қателіктерінің бірі – билік нұсқаған шеңберге сыймай, өз алдына жеке қадамдарға көшуі еді. Премьерліктен кеткен соң  1998 жылдың күзінде республикалық Халықтық партиясының негізін қалап, желтоқсан айында-ақ өз кандидатурасын президенттік сайлауға ұсынды. Бұл енді билікке ашық түрде қарсы шығу ретінде бағаланды. Базбір сарапшылардың пайымдауынша, «жас түркілер» феноменімен танылған бір топ саясаткерлердің толқынын аренаға сүйреп шыққан да дәл осы Қажыгелдин. Демократиялық көзқарастағы жас менеджерлер Әкежанды әкесіндей көрсе де, сындарлы уақытта  оған қолдау жасамады.   

Президенттік сайлауға кандидат ретінде тіркеле алмаған соң Қажыгелдиннің жағдайы тым қиындай түсті. Биліктің машинасы тарапынан жасалған қысымға шыдай алмайтынын сезген ол ақыры шетел асып тынды. 1999 жылы Қажыгелдинге халықаралық іздеу жарияланды. Оған тағылған айып – қызметін асыра пайдалану, бопсалау, миллиондаған доллар көлемінде пара алу. Осы арқылы мемлекетке миллиардтаған теңге көлемінде шығын келтірілген. Сондай-ақ, Қажыгелдинге қару-жарақты заңсыз алу, сақтау және өткізу мен салық төлеуден жалтару секілді айыптар  да тағылды. Осының барлығы жинақтала келе Қажыгелдинді 10 жылға бас бостандығынан айыру мен дүние-мүлкін тәркілеуге қатысты сырттай үкім қабылданды. 

Бостандық Төлқұжатының  27-ші иегері

Иә, Қажыгелдиннің осындай төлқұжаты бар. Ол 2002 жылы Страсбургте өткен Еуропалық парламенттің сессиясында  «көрнекті қазақстандық оппозиционерге» салтанатты түрде тапсырылды.  Бостандық Төлқұжаты - өзінің саяси көзқарастары үшін қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарға моральдық қолдау көрсету мақсатында берілетін арнайы марапат. ТМД елдерінің ішінде мұндай төлқұжатты алғаш алған адам – дәл осы Қажыгелдин. Оған дейін әлем бойынша бар-жоғы 26 адам алып үлгерген еді. 

Бірақ, Қажыгелдин сол күйі көрнекті оппозиционерге айнала алмады. Қазіргі таңда ол – көптеген саяси эмигранттардың бірі ғана. Оның үстіне, жыл өткен сайын саясаткер ретіндегі маңыздылығының төмендеп келе жатқанын өзі де сезген болар. Кешегі күннің «ферзісі» бүгінде «пешкаға» айналған соң да шығар, Әкежан Мағжанұлының көзқарастары мен ұстанымы өзгеріске ұшырай бастады. 

Қажыгелдинді нағыз оппозиционер деп айтуға келмейтін сияқты. Себебі, ол билікке таласамын деп аузының күйгені, ұлттық элитаға сыймай кеткені анық. Оның үстіне, шетелде жүріп Қазақстанға, ондағы билік режиміне қатысты қандай-да атышулы мәлімдеме жасай қоймады. Бұл тұрғыда   компроматқа толы деректерді паш еткен Виктор Храпунов, Рахат Әлиев, Мұхтар Әбіләзов сынды «қашқындар» Батыстың үмітін көбірек ақтағаны рас.  

Ол ол ма, кейбір дерек көздеріне сенсек, осы жылдарда Қажыгелдин қазақстандық билік өкілдерімен арадағы байланысын үзбеген. Тіпті екі арада көпке созылған келіссөздердің жүргізіліп отырғаны да мәлім. Оны Қажыгелдиннің өзі де жоққа шығармайды. Бұрынғы сұхбаттарының бірінде ол 2000-шы жылдарда Рахат Әлиевпен  бірнеше рет кездескенін, сол келіссөздерде оның елге оралу мүмкіндіктері талқыланғанын еске алады. 

Жалпы, Әкежан Мағжанұлының имиджі 2008 жылдан бастап өзгерді. Бұған дейін ол қазақстандық билікті ашық сынайтын оппозиционер болып келсе, енді ол ымыраға келуді қалайтын саясаткер ретінде танылуға ұмтылды. Сол жылы «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Қажыгелдин «саясаткерлер өз қателіктерін мойындай білуі керек. Қазақстанның саясаткерлері, әсіресе қазақтар біріне-бірі мәңгі жау бола алмайды. Біз бір-бірімізге де, халыққа да жау емеспіз. Рас, қарсылас болған да  шығармыз, көп пікірталастық, бірақ дұшпанға айналғанымыз жоқ. Мен осыған сенемін» деп  көсілді. Осылайша сұхбат берген Әкежан Ақордаға белгі беріп, келіссөзге, татуласуға дайын екені білдіргендей болды. Бірақ...

«Мені елден кетірген – Рахат»

Әдемі сөйлей білетін Әкежан Мағжанұлының қазақтан шыққан шынайы дұшпаны болды, ол – Рахат Әлиев десек қателеспеспіз. Себебі, Қажыгелдинге қатысты сот процесінің жүргізілуін қадағалап қана қоймай, экс-премьердің оққағарларын азаптап, өзіне керек-ті түсініктерді алдыртқан. 

Рахаттың өзі  де шетелге қашқан соң оппозиция өкілдері «енді Қажыгелдин мен Әлиев бірігуі мүмкін» деген жорамалдар жасай бастады. Бірақ, экс-премьер мұның барлығын жоққа шығарды. Журналистерге берген сұхбаттарының бірінде Қажыгелдин «Рахат мені  елден кетіруге көп атсалысты. Кейіннен сол  әрекеттері үшін менен кешірім де сұрады. Бірақ,  бұл біздің біз бір партияда қол ұстасып жүргенімізді білдірмейді» деп кесіп айтты.  

Ол ол ма, Қажыгелдин мен билікті   Рахат Әлиев қалай араздастырса, солай татуластыратын түрі бар. Әлиевке қарсы сот процесі басталғанда Ақорда мен Қажыгелдин бірлесе отырып қимылдайтын одақтасқа айналғандай әсер қалдырды. Яғни, екі тарап та Австрия елінің басшылығына Рахат Әлиевтің қылмысын дәлелдеп, оны қатаң жазаға тартылуын талап етті. Бұл жайт та қазақстандық саяси элитаның көңілін  жібітуге септігін тигізген факторға айналуы мүмкін. 

Қалай болғанда да, Рахат Әлиев дүниеден  озған соң Қажыгелдиннің елге оралу мүмкіндігі анағұрлым арта түсті. Бірақ, бұл оп-оңай жүзеге аса салатын тірлік емес. Саясаттанушы Айдос Сарымның пайымдауынша,   Қажыгелдин  елге тек парламенттік сайлаудан соң ғана оралуы мүмкін. Оның үстіне, бұған кедергі келтіріп тұрған заңды шектеулер бар. Оны 10 жылға бас бостандығынан айырған үкім әлі күшін жойған жоқ. Соттың қатаң үкімін  тек амнистия немесе жеке-дара шешім арқылы бұздыруға болады. 

 Ендігі тағдыры не болмақ?

Әкежан Мағжанұлының елге оралуы бір мәселе де, оның кейінгі тағдыры – тағы да бір проблема. «Атышулы экс-премьер Қазақстанға келген соң не істейді? Билікке одан не керек?» деген заңды сауалдар туындайды.  Бұл тұрғыда нақты жауап беруге қиналатынымыз рас. Сарапшылар бірқатар сценарийді ұсынып отыр. Базбіреулердің пікірінше, Қажыгелдин билікпен келісе отырып болашақта елдегі псевдооппозицияны басқарып шыға келуі де ғажап емес. Оның облыс әкімдігінің креслосына отыратынын алдын ала «сезіп» отырған саясаттанушылар да бар. Тіпті үкіметке баруы да мүмкін деген де пікірлер айтылды. Әлгінде айтқанымыздай, сарапшылардың бір тобы Қажыгелдинді тәуелсіз Қазақстанынң тарихындағы ең мықты премьер ретінде таниды. 

Енді бір сарапшылардың  пікірінше, Қажыгелдин премьерлік қызметте  мақтайтындай тірлік жасаған жоқ. Оны мықты менеджер деп айтуға келмейді. Бір саясаттанушы айтып өткендей, «оның мықтылығы -  өзгелердің одан да нашар болуында». Яғни, ұлттық экономиканы сергелдеңге салып, елдегі шаруашылықты есеңгіретіп жіберген Терещенконың жанында Қажыгелдиннің мерейі үстем. Тұңғыш премьердің тұсында ұлттық валюта бағамы долларға шаққанда 5 теңгеден 80-ге дейін бірден шарықтап шыға келді. Терещенконың былығынан соң іске кіріскен Қажыгелдинді кризис менеджер деп те атауға болады. 

Дегенмен,  мамандардың басым бөлігі Қажыгелдиннің жұлдызды сәті артта қалды деп есептейді. Ол енді бұрынғыдай биікке көтеріле алмайды. Қазіргі үкіметте жемісті жұмыс істей алуы да екіталай, себебі біз білетін Қажыгелдин жекешелендіру мен түрлі реформаларға толы өтпелі экономика заманында жұмыс істеу тәжірибесіне ие  болғанымен, тұрақты экономика жағдайындағы тәжірибесі жоқтың қасы. Оның үстіне, жылдар бойы жырақта жүргендіктен, елдегі шынайы жағдайдың қандай екенін білмейтіні де жасырын емес. 

Тағы бір назар аударарлық жайт - кешегі Қазақстан мен бүгінгі Қазақстан салыстыруға келмейді. Қажыгелдиннің тұсында енді ғана құрыла бастаған саяси-қаржылық топтар бүгінде ықпалды кландарға айналып үлгерді. Онсыз да билік эшелонында «қысылып, қымтырылып» жүрген олар тағы бір лидер-саясаткердің пайда болуына жол  бере қоймас. 

Бір нәрсе анық. Қазақстанның имиджі үшін Қажыгелдиннің оралуы оң әсерін тигізері даусыз. Себебі, демократияның  тапталуына байланысты өз тарапына қатаң сыни пікірлер  естіп жүрген Қазақстанның саяси элитасы осы қадам арқылы әлемдік қауымдастықтың алдында мол ұпай жинай алады. Жылдар бойы қашқын болып, саяси босқын саналған адам  өз еліне оралып, «мұнда барлығы тамаша екен, демократия орнаған екен» деп мәлімдеме жасаса, «нұротандықтар» мен шенеуніктер бөркін аспанға атпай ма? Бәлкім, билікке керегі -  қартайған шағында «тәубесіне» келген Қажыгелдиннің  осы сөзі ғана шығар?.. 

Жәнібек Тархан, 

Мұрағаттан, 21.05.2015 ж

Бозымбаев бастаған игi iстi Көкiрекбаев неге қоштамайды?
Министр Сәрінжіпов пен депутат Перуашовтің текетіресі неден туындады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу