Бозымбаев бастаған игi iстi Көкiрекбаев неге қоштамайды?

Oinet.kz 24-04-2019 1027

Screenshot_3.jpg

Жамбыл облыстық әкiмдiгi мен студенттер арасындағы жетi айға созылған дау-дамай бойынша таяуда Тараз қалалық соты нақты шешiм шығарды. Студенттер мен олардың ата-аналары сотқа шағымданғанға дейiн алдымен әдiлдiктi облыс әкiмдiгiнiң өзiнен iздеп, келiсiмге келе алмай, келiспеушiлiк күшейген тұста әкiмдiк ғимараты жанында наразылық жиындарын өткiзiп те көрдi. Былтыр күзде. Бiрақ билiк дегенiнен қайтқан жоқ. Амалы таусылған ата-аналар сот төрелегiне жүгiндi. Соттың алғашқы отырыстарына әкiмдiк өкiлдерiн жiбермедi. Ата-аналардың айтуына қарағанда, жоғарыдағы шенеунiктер бұларға шу шығара берсеңдер жұмыстан кетесiңдер деп қорқытқан. Прокуратура мен полицияның қызметiн пайдаланып, бопсалауға да барғаны телеарналарда тiлге тиек етiлдi. Осылай ырың-жырыңы шыққан дау-дамайды қараған сот сын сағатта студенттердiң емес әкiмдiктiң сөзiн сөйледi. Дәлiрегi сот 116 студенттi далада қалдырды.

Жалпы, Жамбыл облысының тiзгiнiн қолына алғанына бiр жарым жылға жуықтаған Кәрiм Насбекұлын көпшiлiк жергiлiктi жерден шыққан кадр, ымырашыл, ашық-жарқын, ақкөңiл жан ретiнде таниды. Ал билiктiң iшкi асханасын жақсы бiлетiндер оны қызметте жолы болғыш шенеунiк дейдi. Көкiрекбаевтың бағын жандырған бұрынғы әкiм Бозымбаев дейтiндер де табылады. Мұнымен келiсуге де болатын шығар. 2009 жылы өңiрге сырттан әкелiн¬ген кадр Қанат Бозымбаев келгенге дейiн Кәрiм Көкiрекбаев облыс әкiмiнiң қатардағы орынбасарларының бiрi болатын. Ешкiмнiң бет-жүзiне қарамайтын, жалтақтамайтын Бозымбаевқа бiраз адам шыдас бермедi. Келген бойда бұған дейiнгi әкiм Б.Жексембиннiң ең сенiмдi серiктерiнiң бiрi саналатын облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Ермек Үсенбаев пен облыс әкiмi аппаратының жетекшiсi Сер¬ғали Айдапкеловты босатты да жiбердi. Тағы бiр орынбасар Бақытбек Иманәлиев те алдыңғы әрiптестерiнiң кебiн құшты. Тараз қаласының әкiмi қызметiн талай жылдан берi атқарып келген, тiптi бiреулер “түбi облыс әкiмi осы жiгiт болады” деп жүрген Iлияс Тортаевқа да Бозымбаевтың iшi жылымай-ақ қойды. Оның лауазымын төменде¬тiп, аудандарды басқаруға жi¬бердi, ақыры қызметiнен алып тынды. Бозымбаев оң қабақ танытқан кадрлардың бiрi Кәрiм Көкiрекбаев едi.

 Қанат Бозымбаев жаңа қызметке келген бойда Кәрiм Көкiрекбаев облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары лауазымына ауысты. Көкiрекбаевтың айдарынан жел есе бастаған кез осыдан кейiн басталды. 2013 жылдың соңында Бозымбаев Павлодар облысына ауысып, облыс әкiмiнiң орынтағы Көкiрекбаевқа бұйырды. Әрине, әкiмдер келедi, кетедi. Бұдан жаңалық ашайын деп отырған ешкiм жоқ. Келген әкiм бұрынғы әкiмнiң кадрларын тазалайды, өз командасын түгендейдi. Бiр әкiм бастап кеткен iстi келесi әкiм жақтырмайды. Әр басшының өз қалауы, өз жоспары бар дегендей. Бұдан қарапайым халыққа зияны тиiп кетпесе болды дейсiң ғой. Бiрақ зияны тиiп жатса ше? Жоғарыдағы студенттерге қатысты тақырыпқа қайтып оралайық:

2011 жылы сол кездегi әкiм Қанат Бозымбаевтың бастамасымен Жамбыл об¬лыс¬тық әкiмдiгi Алматыдағы С.Асфандия¬ров атындағы Қазақ Ұлттық медицина универ¬ситетiмен келiсiмшартқа отырып, жылына ауыл-аймақтан сабақ үлгерiмi үздiк деген 30 студенттi оқытуды қолға алған болатын. Ондағы мақсат Жамбыл облысының алыс ауыл-аймақтарын дәрiгер мамандармен қамтамасыз ету. Жамбыл өңiрi республикада дәрiгер мамандары жетiспей¬тiн облыстардың бiрi саналады. Қазiрдiң өзiнде шалғайдағы аудандарда 200-ден астам медицина мамандары жетiспейдi. Әкiмдiктiң грантымен оқып келген дәрiгерлер осы жыртыққа жамау болсын, олқылықтың орнын толтырсын деген ниет қой. Бозымбаевтың бұл бастамасын сол кездерi көпшiлiк мақтанышпен айтып жүретiн. Сәтiн салса, мамандардың алды 2017 жылы дипломдарын алып, ауыл-ауылдағы медицина орталықтарын толықтырады деген сүйiншi хабарды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары да жеткiзген. Алайда   2011, 2012, 2013 жылдары бөлiнiп келген грант 2014 жылы Бозымбаев кетiп, Көкiрекбаев келген бойда күрт тоқтатылды. Тоқтатылғаны былай тұрсын, алды жоғары курстарда бiлiм алып жатқан 116 студенттiң оқу ақысына қаржы бөлу заңсыз деген сыл¬тау¬ды алға тартқан әкiмдiк бәрiнен ат-тонын ала қашты. Алайда осы заңсыздық үшiн ешкiм жауапқа тартылған жоқ. Әкiмдiктi былай қойғанда прокуратура өкiлдерi де ешкiмнiң жауапқа тартылмайтынын айтты. 

Рас, Кәрiм Көкiрекбаев студенттердiң мәселесiн шешетiн комиссия құрған. Комиссия ата-аналарға оқу ақысын арнайы бағдарлама бойынша берiлетiн несиемен төлеудi ұсынған. Алайда ата-аналар бұған көнбедi. Қалай көне қойсын, әр студенттiң жылдық төлемақысы миллион теңгеге     жуықтаса. Оның үстiне оқуға түсер кезде жастардың көпшiлiгi ҰБТ-да жоғары балл жинаған. Егер әкiмдiктiң уәдесiнен тай¬қып кететiнiн бiлгенде, олар басқа оқу орнына түсуiне әбден болар едi ғой. Бозымбаев бастаған iстi Көкiрекбаев неге қоштамайды деген әңгiменiң басы осы кезде басталған. Әдiлдiктi соттан таппаған студенттер мен олардың ата-аналары ендi Астанаға барамыз деп отыр. Яғни, iске нүкте қойылды деуге әлi ертерек сияқты. 

К.Көкiрекбаев әкiм болғалы Жамбылда жас мамандарға қатысты тағы бiр шу Талас ауданынан шықты. Осыдан жетi жыл бұрын Қаратауға жоғары оқу орнын бi¬тiрген бiр топ жас дәрiгер мамандар шақыртылған. Әкiмдiкпен арадағы келi¬сiмге сәйкес жас мамандарға пәтер берiледi. Бес жылдан кейiн пәтерлер маманның меншiгiне басыбайлы өтедi деген келiсiм жасалады. Алайда былтыр осы уақытқа де¬йiн уәдесiнде тұрған әкiмдiк келiсiм-шарттар уақтысында пәтер жеке¬мен¬шiкке берiл¬мейдi деп, тоң мiнез танытыпты. Бұған нарызылық бiлдiрген жастар соттасады. Алайда сот әкiмдiктi жақтап шықты.

Бозымбаевтың кезiнде жас мамандардың жайын көбiрек күйттейтiн жамбылдық шенеунiктер ендi халыққа қай бетiмен көрiнерiн бiлмей жүр. Бiр әкiмнiң бастаған тiрлiгiн бiр әкiм белiнен сызып тастай берсе, бұдан кейiн билiкте қандай бедел қалады? Ал Көкiрекбаевтың қазiр қаншалықты беделi бар? Бұған алдағы уақытта арнайы тоқталмақпыз.

Ғалымжан ЕЛШIБАЙ,

Жамбыл облысы 

Жас Алаш №38 (16016) 15 мамыр, жұма 2015

Қазақстанның ең бай 50 бизнесмені
Қажыгелдин қартайған шағында елге орала ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу