Әндіжан: Өзбекстанға өзгеріс әкелген қантөгіс

Oinet.kz 23-12-2015 1391

2005 жылдың көктемі, дәлірегі  мамыр айының 13-і  Өзбекстан  тарихында қаралы күн болды. Әндіжанда заңсыз қамалған бір топ діндар бизнесмендердің туыстары сот қаулысын әділетсіз деп санап, сәуір айының ішінде бірқатар наразылық акцияларын өткізді. 13 мамырға қараған  түні қайдан келгені белгісіз қарулы топ бас көтерді. Кейін «бұл қарулы қақтығыс билік тарапынан ұйымдастырылды» деген әңгімелер де айтылды. Сол қарулы топ Әндіжан түрмесінен біраз тұтқындарды босатып, кейін әкімдіктің ғимаратын басып алды. Ал күндіз алаңға жиналған қара халық билікке  әлеуметтік талаптар қойды,  соңынан бұл талаптар саясилана бастады. Сол жерде болған әріптестеріміз алаңда 10 мыңнан астам адам жиналғанын айтты. Кешке қарай алаңға наразылық акциясына шыққан қара халыққа қарсы үкімет әскерлері оқ жаудырды. Ресми деректерге қарағанда, 200-ге жуық, ал тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, мыңға жуық адам осы жерде қаза тапты. 

Биліктің атқан оғынан тірі қалған бейбіт митингшілер көрші Қырғызстанға қарай ағылды. Шекараға аман жеткен 439 өзбек босқыны БҰҰ-ның қолдауымен Румынияның Тимишоара қаласына жеткізілді. Босқындар сол жерден АҚШ, Австралия, Канада, Финляндия, Чехия, Германия, Голландия, Швейцария және Швеция елдеріне аттанды. Өзбекстанның құзырлы органдары «жазаға тартпаймыз» деп алдап, біраз босқындарды елге әкелді. Билікке сеніп елге оралғандардың көпшілігі алданып қалды, амал тапқандары Қазақстан арқылы қайта Еуропа елдеріне барып, босқын мәртебесін алды. Сол босқындар бүгінде «Өзбекстандағы репрессивтік режим саяси сахнадан кетіп, ертерек демократиялық билік орнаса, туған топырағымызға оралсақ» деген арманмен өмір сүріп келеді. 

C289C977-3903-4176-9496-6081920D1203_w1023_r1_s.jpg

Халыққа атылған оқ

Өктемшіл Кеңес Одағының өзі де  бейбіт халыққа қарсы оқ атып,  қан төккен емес. Кешке қарай бақайшағына дейін қаруланған үкімет әскерлері бейбіт митингішілерді атқылай бастады. Алғашында автоматтан, кейін – үлкен калибрлі қарулардан қара халыққа қарай оқ жаудырылды. 

Біраз күннен кейін үкімет әскерлерінің бейбіт демонстранттарды атқылап, өлім алдындағы адамдардың айқайлаған, ыңырсыған, жан беріп жатқан төзгісіз, жан түршігерлік дауыстары жазылған таспалардың көшірмесі Британия, АҚШ, Швейцария және басқа да мемлекеттердің елшіліктерінің, БҰҰ мен түрлі   халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінің қолына тиіп, әлемге кеңінен тарай бастады. Өзбек билігінің өз азаматтарын атқылап өлтіруі бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Телекоммуникация мен интернет, жалпы ақпараттық технологиялар дамыған заманда дүниенің кез-келген нүктесінде болған оқиға жайлы ақпарат мұхиттың арғы жағына қас қағым уақытта жетеді. Өзбекстандағы қатыгез биліктің өз халқына жасаған зұлымдығы бір-екі күнде бүкіл әлемге тарады. Өкінішке қарай, өзбек ресми билігінің осы қатыгез әрекетін қолдаған адамдар да болды. 

Адамның қаны – арықтың суы емес, әрбір тамшы қанның заң алдында жауабы, Алланың алдында – сұрауы бар. Құранның 5-ші Маида сүресінің 32-ші аятында: «Кім бір жанды (өлтірмеген) және жерде бұзақылық істемеген адамды өлтірсе, демек, ол барлық адамдарды өлтіргендей және кімде-кім оны тірілтсе, (яғни, өлтіруден бас тартса яки өлімнен құтқарса) демек, ол барлық адамдарға өмір бергендей» - делінген.

Қатыгез биліктің табиғаты жайлы ұлы данышпандардың айтқандарын оқып, еркін, зорлық-зомбылықсыз өмірдің адам үшін қаншалықты маңызды екенін аңғарасын. Қытайдың ұлы данышпаны Конфуцийдың (б.э.д. 551-479)  қатыгез билікке қатысты бір ғибратын келтіре кетпекпіз. Бірде Конфуций жолда келе жатып, бар дауысымен айқайлап жылап жатқан әйелді көреді, шәкірттерінің бірін жіберіп, оның неге бұлай жылап жатқанын сұратады. 

 Шәкірт әлгі әйелге келіп: «Сіздің осынша аянышты дауыспен жылап жатқаныңызға қарағанда, мұндай қайғы-қасіретке бірінші рет тап болып отырған сияқты емессіз» -дейді. 

Дауыстап жылап жатқан әйел: «Ия, дұрыс айтасыз, бұған дейін қайныатамды жолбарыс шайнап өлтірді, кейін – жолбарыстың тырнағынан күйеуім қайтыс болды, міне енді жолбарыс баламды жарып өлтірді» - дейді. 

«Онда неге бұл жерден басқа жаққа көшіп кетпейсіз?» деп сұрапты. 

Сонда әлгі әйел: «Бұл жердің билеушілері қатыгез емес» деп жауап берген екен. 

Осыдан кейін данышпан Конфуций шәкіртіне қарап: «Есіңде болсын, қатыгез билік – жыртқыш жолбарыстан да жаман» депті. 

Демократиялық елдерде ресми биліктің өз халқын атқылауы, өз азаматтарының қадір-қасиетін, әлеуметтік, экономикалық немесе саяси құқықтарын аяқасты етуі мүмкін емес. Ол елдерде халық – биліктің қайнар көзі болып табылады, өзі сайлаған билікті бақылап, қажет болғанда тәубесіне түсіре  алады. 

Парсының атақты  ақыны Муслихиддин Саадидің (1203-1292) «Бар әлемнің билігі бір тамшы қанға тұрмайды» деген асыл сөздерін патшалардың тәжі мен тағына ойып жазып қою керек. 

Өзбекстандағы ресми өкімет өз билігін сақтап қалу үшін бір тамшы емес, бір тонна қанды төгуге де дайын. Өзбек билігі өз халқының менталитетін жақсы біледі. Аямай,  жаншып тастасақ, халық кейін бас көтермейді, бас көтеруге қорқатын болады деп есептейді.  

Озбырлық 

Өзбек қоғамын зерттеушілердің айтуынша, Әндіжан оқиғаларына  құқық қорғау органдарының озбырлығы себеп болды. Экстремизмге қарсы күрес сылтауымен билік діндарларды қудалай бастады. Өзбекстанда діни экстремизмге  қарсы күрес 1997-98 жылдары басталды. Бұл науқанның басталуына Ферғана аңғарында ішкі істер органдарының жоғары лауазымды қызметкерлерінің өлтірілуі себеп болды. Милицияға қол көтеру – тек діни экстремистердің емес,  халықтың күштеу органдарының озбырлығына, қарапайым адамды шыбын құрлы көрмейтін сорақы әрекетіне қарсы наразылығының бір көрінісі болатын.

Алғашында уахабилік ағымға қарсы күрес жүргізілді, кейін бұған «Хизб ут тахрир» партиясы қосылды. Өзбекстан үкіметі бұл ұйымдардың қызметіне тыйым салды. Аталған ұйымдарға ұйыған, идеяларын қолдаған, шығарған үндеулерін таратқан немесе оқыған  адамдар қатаң жазалана бастады. Осы тыйым салынған ұйымдарға мүше деп айыпталған жас жігіттер 12-23 жыл аралығындағы мерзімге бас бостандықтарынан айрылып жатты. Облыстар мен аудандардың соттарында бір уақыттың өзінде ондаған процестер жүріп жататын. Әрбір сот процесінде 18-35 жас аралығындағы 15-20 шақты жігіт ұзақ мерзімге қамау жазасына кесілетін. Бір үйден бірден 5-6 адам қамалған жағдайлар да көп кездесетін. Діни экстремизмде айыпталып қамалған тұтқындар әсіресе, тергеу кезінде көп азапталатын. Адам төзгісіз азаптаулар жүйелі сипат ала бастады. 

Біріккен Ұлттар Ұйымының бас комиссары Тео Ван Бовен Өзбекстанға арнайы сапармен келіп, уақытша ұстау абақтылары мен түрмелердегі жағдайды зерттеп, «мұндағы азаптаулар жүйелі сипат алған» деген ресми мәлімдеме жасады. Ол өз мандаты аясында экстремист деп айыпталған тұтқындармен кездесулер өткізген. Осы кездесулерден кейін ол тұтқындардың тірідей қайнап тұрған суға тоғытып өлтірілгені, кейбіреулерінің  тоқ ішегіне бөтелке тығып азапталғаны туралы ақпарат құралдарына сұхбаттар берді. Түрмелер мен уақытша ұстау абақтыларында азаптаудың кең етек алған түрі – діни экстремист деп айыпталған 18-20 жасар жігіттерді аса қауіпті қылмыс жасаған рецидивистермен бір камераға қамап, жас жігіттердің тәні мен жанын жарақаттау, оларды зорлау немесе зорлау қаупімен қорқыту болатын. Түрлі азаптардан қаза тапқан тұтқындарды жерлеу милицияның қатаң қадағалауымен өтті. Әдетте азаптап өлтірілген тұтқындар түнде жерленетін. Жерлеу жайлы тәуелсіз құқық қорғаушыларға ақпарат берген отбасы мүшелері түрлі репрессияларға тап болатын. 

Уақыт өте келе діни экстремизге қарсы күрес Өзбекстан үкіметінің басты саясатына айналды. Орталық және жергілікті билік органдары, теледидар, газеттер, жергілікті қауымдар институттары, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар  – бәрі-бәрі осы тақырып жайлы ой толғап, «діни экстремистерге қосылып кетпеңдер, Отанға опасыздық жасамаңдар» деп, үгіт-насихат жүргізетін болды. Елдегі бар кемшіліктің басты себепшісі діни экстремистер мен террористер (лаңкестер) деп жарияланды. Экономика мен әлеуметтік саланы жөнді реформалай алмаған, елдің қарыштап дамуын қамтамасыз ете алмаған билік бар сылтауды діни экстремисттерге жауып бақты.  

Өзбекстан Жоғары сотының мәлімдеуінше 2000-шы  жылдардың басында 2000-ға жуық адам уақабилік және діни экстремизммен айыпталып, ұзақ мерзімге сотталды. Ал тәуелсіз сарапшылар мен құқық қорғаушылардың есебінше, бұл көрсеткіш 7-10 мың шамасында болды.  «Конституциялық өкіметті күшпен өзгертпек болды» деп айыпталып қамалған 17-18 жасар жігіттер Конституцияның не екенін де білмейтін. Ия, олар намазхандардың жиналысына қатысқан, кейбіреулері нағыз «хизбуттахриршілердің» үгітіне иланып, үндеу қағаздарын таратқан шығар,  бірақ олар 20 жыл жазаға кесілетіндей үкіметке немесе қоғамға қауіп туғыза қойды деп айту қиын. 

Биліктің Әндіжандағы қатыгездігіне наразылық ретінде Еуропаның  елдері Өзбекстанға қарсы санкция жариялады. Халықтың қалыпты өміріне өзгеріс еніп, ел тоқырауға бет алды. Алла бүгінде діни ахуалы ушыға түскен қазақ елін  Әндіжандағы сияқты қырғынның қайталануынан  сақтасын, өкілеттіктің қайнар көзі халық болып табылатын билікті өз халқына қарай қару кезенуінен сақтасын деп тілейік! 

Украинада қанша қазақстандық соғысып жүр?
«Ресейден ешқандай жақсылық күтпеңдер». Путин Еуроодақты осылай деп қорқытты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу