Теңгенің күрт құлдырауы ашық наразылыққа апарып соқпай ма?
Теңге күрт құнсызданған «қаралы күн» - сейсенбіден бері ел-жұрттың мазасы қашты. Әркім бары мен жоғын түгендеп, ұтылатын не ұтатын жерін есептеумен әлек. Валюта айырбастайтын орындар түгілі банктер де ақшалай саудасын мүлдем тоқтатып тастады. Түрлі техника, киім-кешек пен басқа да тауарлар сататын дүкендер 11 ақпанға дейінгі жарияланған бүкіл акциялар мен жарнамалық хабарландырулардың жарамсыздығын ескертіп үлгерді. Зейнетақы мен жәрдемақыға қараған отбасылар ендігі шығын көлемін ойлап, әбіржуде. Әсіресе несие мен қарызды доллармен алғандар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып алды жүрек ауруымен ауруханаға түсіп жатыр.
«Адам үш күннен кейiн көрге де үйренедi», – дейдi қазақ. Сол секілді, «қара сейсенбіден» есеңгіреген ел-жұрт енді-енді ес жия бастаған сыңайлы. Дегенмен, көпшіліктің көкейінде үрей мен күдік басым. Бұл енді девальвацияға тән «симптомдар». Әйткенмен, «бәрекелді, жақсы болды ғой!» деп алақанын ысқылап отырғандар да аз емес. Қысқасы, теңгенің құнсыздануы ешкімді де бей-жай қалдырмады. Олай болса, ұлттық валютаның девальвациясына не себеп болды? Бұған кім кінәлі? Ендігі жағдайымыз қандай болмақ? Осы сауалдарға кеңірек тоқталып өтсек.
Басқа-басқа, Үкіметтің девальвацияға қатысты ұстанымы белгілі. Теңгенің құнсызданатыны жайлы ақпарат ешуақытта алдын-ала айтылмайды. Ол аздай, бағамды 185 теңгеге көтеру жайлы шешім дүйсенбі күні кешкісін қабылданған. Осы Ұлттық банк теңгенің бағамын бір күнде-ақ күрт құнсыздандырып, көпшілікті шалқасынан түсіру әдісіне әбден дәнігіп алған ба дейсің. 1999 және 2009 жылдардағы қаржылық сілкіністер де дәл осындай сценариймен өрбіген еді. Жоғары мінбелерден жағдайдың тұрақтылығын, экономиканың өркендеп дамып жатқаны жайлы ертегісін айта келе бір күнде төбеден жай түсіргендей болады.
Бұл жолы да солай. Ұлттық банк 2014 жылдың 11-ақпанынан бастап теңгенің бұрынғы деңгейін сақтап тұрудан, валюталық интервенциялардың көлемін азайтудан, теңгенің айырбас курсын құру процесіне араласудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Бұл қалай болғаны? Банктің басшылығына келгелі бері Келімбетов көпшілікті «теңгенің құнсызданып кететіні жайлы әңгіме – бос сөз. Жағдайды бақылап отырмыз» деп барынша сендіріп баққан. Оның алдындағы басшы Григорий Марченко да тура сондай мәлімдеме жасаудан шаршамады. Алайда, өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам ғой. Экс-төраға Марченко Ұлттық Банктің төрағалығынан кеткен күні-ақ сарапшылар «Марченко қашудың амалын жасауда. Келесі басшысының басты миссиясы – теңгені құнсыздандыру» деп болжам айтқан еді. Сол айтқандары дәл келді.
Теңгенің долларға қатысты бағамын қалыптастыратын бірқатар себептер бар. Бұл тұрғыда әркім әрқилы пікір айтады. Сарапшылардың бір тобы Қазақстанның төлем қабілетінің төмендеуін алға тартады. Енді бір сарапшылар экономиканың әлсіздігін, шикізатқа тәуелділігін меңзейді. Теңгенің Ресейдің рубліне тым қатты байланып қалғаны да құнсыздануға әкеліп соққан негізгі себептердің бірі ретінде аталып жүр.
Теңге еркін айналымға шыққалы бері Ұлттық банк төл валютамыздың тым құнсызданып кетпеуі үшін өзінің алтын валюталық резервтерін жұмсаумен болды. Бұл мақсатта жыл сайын мемлекеттің миллиардтаған доллары шығындалып отырды. Бірақ, осының барлығы нәтижесіз, құр желге ұшқан қаржы болғаны ма?
Төл валютамыз пайда болған сонау 1993 жылы теңгенің долларға қатысты саудасы 4,75 теңгеден басталған. Бірақ, елдегі инфляция жыл сайын күшейе бергендіктен ұлттық валютамыз 11 есеге құнсызданып, 1994 жылдың соңында ресми бағам 54,26 теңгені құрады. 1999 жылдың 4 сәуір күні әлі де көпшіліктің есінде. Сол кездегі премьер Балғымбаев пен бас банкир Қадыржан Дамитов доллар бағамының бірден 88-ден 134 теңгеге дейін өскенін хабарлап, ел-жұртты есеңгіретті. Девальвация көрсеткіші 64 пайызды құрады. Бұдан кейінгі кезек Марченкоға тиді. 2009 жылдың 4 ақпан күні елдің бас банкирі теңгенің салмағы 22,9 пайызға құлдырап, 148,50 теңге көлемінде тұрақтағанын жеткізді.
Теңгенің күрт құлдырауынан ұтқандар да, ұтылғандар да көп. Бірінші топқа бәрінен бұрын сыртқа шикізат тасушы алпауыт компанияларды жатқызамыз. Себебі, баж салығын доллармен төлейтін олар енді шығындарын 20 пайызға қысқартады деген сөз. Демек, мұнай, газ, металлды экспорттаушылардың қалтасы қампайып, байыған үстіне байи түспек.
Ел үкіметі теңгенің құлдырауын қайта керісінше, жақсылықтың нышаны ретінде алға тартқысы келеді. Келімбетов «бұл отандық тауар өндірушілер үшін өте тиімді, себебі импорт арқылы келетін шетелдік тауарлардың құны бұрын тым арзан болатын. Енді олар қымбаттай түсіп, есесіне жергілікті өнім өндірушілердің бәсекеге қабілеттігі арта түседі» деп мәлімдеді. Белгілі деңгейде бұл сөздің жаны бар. Отандық тауар өндірушілер шеттен, әсіресе ресейлік және белоруссиялық азық-түлік тарапынан туындаған бәсекеге кейде шыдас бермейді. Бірақ, жалпы алғанда теңгенің құлдырауы экономикаға оң әсерін тигізеді деп айту әбестік болар. Себебі, ел экспортындағы дайын өнімнің көлемі тым аз. Қазақстанның экспорт құрылымындағы шикізаттың үлесі 100 миллиард доллармен бағаланса, дайын өнім көлемі бар болғаны 4 миллиард долларға жуықтайды. Ал шикізаттың бағасына теңге/доллар арақатынасының әсері шамалы.
Төл валютамыздың құлдырауынан шығынға белшесінен батып, қиын жағдайға, тіпті банкроттыққа тап болғандардың саны әлдеқайда көп. Бірінші кезекте, бұдан әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар зардап шегеді. Шетелден тауар импорттаушылар міндетті түрде бағаны өсіргенімен, жәрдемақы мен жалақы көлемінің оған ілесе алмайтынын ескерсек, миллиондаған қазақстандықтардың айлық шығыны қараптан-қарап 20 пайызға өсетінін аңғару қиын емес. Бұл өз кезегінде халық тарапынан несие алуға деген ұмтылысты біршама азайтады.
Табиғи монополиялар субъектілерінің де жағдайы біршама нашарлауы мүмкін. Бірақ, олардың түбінде тариф мәселесін шешіп алатыны жасырын емес. Банкирлердің де көңіл-күйі түсіңкі. Онысы халыққа теңгемен берілген несиелер миллиардтаған шығынға батырады деген сөз.
Өзімізді өзге елдермен жиі салыстыратын әдетіміз бар. Соған салсақ, біздікіне қарағанда көршілес Ресейдегі рубльдің құнсыздануы әлдеқайда жұмсақ түрде іске асырылуда. Былтырдан бері Кремль біртіндеп девальвация жасау әдісіне жүгінген. Біздің елдің басшылығы болса басқа әдісті ұстанғанды жөн көрді. Өркениетті елдерде әдетте мұндай дағдарыстан соң министрлер кабинеті отставкаға кетуші еді. Қазір мәлім болғандай, Елбасы 14 ақпан күні бас банкир Келімдетовті аранйы шақырып, жиын өткізбек. Саясаттанушылар «осы мәжілісте Үкіметтің тағдыр шешілуі мүмкін» деген пікір ұстануда.
Неге 185 теңге?
Қалыптасқан жағдайда «ертеңгі күніміз не болады» деп елеңдеп отырған елдің назары сарапшыларға ауды. Белгілі экономист Ораз Жандосов доллар бағамының неге 185 теңге көлемінде тұрақтағанын түсіне алмай дал. «Бұл жағдайға бірінші кезекте Марченко жауапты. Менің түсінбейтінім, бір долларға 185 теңге деген сан қайдан шықты өзі? 19 пайыздық девальвациядан бөлек, 2013 жылдың қаңтар айынан бергі уақытта онсыз да теңгенің бағамы 3,5 пайызға төмендеген. Демек, теңгенің жалпы девальвациясы 24 пайызды құрап отыр. Инфляциясы бізден жоғары болса да, Ресейдің рублі осы мерзім ішінде небәрі 11 пайызға құлдыраған. Ал біздікі неге екі есе жоғары болуы керек?».
Танымал сарапшы Айдар Әлібаев та өз пікірін білдірді:
- Бұл девальвация ерте ме, кеш пе орын алуы тиіс еді. Мен ол жайлы былтыр көктемде-ақ айтқан болатынмын. Бірақ, валюта бағамы мен күткендей 165 теңгеге емес, одан да қатты төмендеді. Негізгі себептер ретінде мына жайттарды атап өтер едім. Біріншіден, біздің елде мемлекеттің қаржысы өте тиімсіз түрде жұмсалады. Яғни, шикізат сатудан түсіп отырған табысты шын мәнінде сезе алмаймыз. Екіншіден, мұнайдан түсетін пайданың басым бөлігі шетелге шығарылып, елдің ішіндегі қаражаттың аз көлемі ғана қалады. Тағы бір себебі – барлық дерлік тауарларды шетелден сатып алып отырмыз, демек, валютаны көп мөлшерде шығындауға мәжбүрміз.
Экономист Төлеген Асқаровтың пікірінше, 185 теңге – құлдыраудың басы ғана. «Бірнеше жылдан соң доллардың құны 220, тіпті 250 теңгеге дейін өсіп кетуі бек мүмкін» дейді ол.
Теңгенің құлдырағанымен іс бітпейтін секілді. Күні кеше мәлім болғандай, алдағы күндерде Қазақстанда жанар-жағармайға қатысты қиындықтар басталғалы тұр. Валютаның құнсыздануы бірінші кезекте жанар май бағасына әсер етеді. Бензиннің бір бөлігі Ресейден жеткізілетіндіктен бағаның өсуі заңды құбылыс. Оның үстіне, теңгенің күрт құлдырауынан рубльдің де жағдайы әлсірей бастаған сыңайлы... Үкімет басшысы тым құрыса жоғары сұранысқа ие АИ-92 маркалы бензиннің бағасын ұстап тұруды тапсырған. Алайда, Мұнай және газ министрі ұзақбай Қарабалин аталған бензиннің қоры әрі кетсе бір жарым айға ғана жетеді деп отыр. Бұл енді не сандырақ? Мұнай өндіруден әлемнің көшбасшы мемлекеттерінің бірі саналатын Қазақстанда бұған қалай ғана жол берілді? «Экономикасы қарқынды түрде дамып келе жатқан, тұрақты өркендеу жолына түскендегі» түріміз осы болса, тақырға отырғандағы күйіміз не болмақ?
P.S. Үкімет халықты сабырға шақыру әрекеттеріне белсене кірісіп кетті. Жер-жердегі әкімдер бағаның «тым құтырып» кетпеуін, бас банкир доллардың құны 185 теңгеден әрі аспауын өз қадағалауына алатынын жария етіп жатқанымен, бәрібір елдің көңілі күпті. Бұлай кете берсе, халықтың көкейіндегі ашу-ыза ашық наразылыққа ұласып кете ме деген қауіп те жоқ емес.