Мұрагер. Болат Өтемұратов
Астанадағы «Бәйтеректен» «Ханшатырға» қарай Нұрлы жолмен аяңдай жүріп, биіктігі екі жүз метрден асатын, ел аузында «кітапша» деп аталып кеткен ғимараттың есік алдынан ары-бері өткен елге бір сұрақ қойып көрдік. Жасы бар, жасамысы бар, еркек-әйелі аралас, жалпы саны жиырма шақты адамның бәрі бір ауыздан «Болат Өтемұратовты танымаймыз» деді. Әлемге аты әйгілі Билл Гейтс мәселен, миллиард долларын осы Қазақстанда тұрып, бағдарламасын шығарып жүріп тапса, бәлкім бас қаланың сол жағалауында «Бәйтерек» пен «Ақорда» емес, сол алтын басты миллиардердің жұмыс кеңсесі ел ауызында бірінші аталар ма еді? Сондай жағдай болса, Астананы сынап, мінеп қалғысы келетін шетелдіктердің алдында «Мына жігіт адал еңбегімен, өз ақылымен, Билл Гейтс секілді тапқырлығымен миллиардер болған қазақ!» деп біз де мақтанышымызды жасыра алмай, шаттанып тұрар ма едік? Алайда, жиырма жылда ел көзіне түспестен ертегідегідей байып шыққан Б.Өтемұратовты қарапайым тұрғындар тани бермейтіндіктен ондай бақыт бізге бұйырмай тұрғандай.
Бірақ, біздің бүгінгі кейіпкеріміздің жүзін бірнеше жылдан кейін еңкейген кәрі,еңбектеген балаға дейін жаттап алуы бек мүмкін. Себебі, кез келген Қазақстанның азаматы секілді ол да президенттік сайлауға түсіп, бағын сынап көруге қақылы. Және ондай додаға түсуге елу бес жастағы Болат Өтемұратов қаржылық қауқарымен ғана емес, саясаттағы тәжірбиесімен пісіп жетіліп тұрғандай. Өмірбаянына қысқаша көз жүгіртсек, билік дәлізінде жүрген қазіргі замандастары секілді ол Мәскеуде тәлім алмаған. Алматыдағы халық шаруашылық институтын бітіре салып, бірер жылдан соң сол кездегі өлшем бойынша, қаладағы ең үлкен «Юбилейный» гастрономының басшысы атаныпты. Одан кейінгі қызметтері Австриядағы Қазақ сауда үйінің бас директоры, Сыртқы экономикалық байланыстар министрінің орынбасары, Қазақстанның Швециядағы елшісі, БҰҰ жанындағы және Женевадағы өзге де халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы тұрақты өкілі, 1999 жылдан бері ҚР Президентінің сыртқы саяси және сыртқыэкономикалық мәселелер бойынша кеңесшісі, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Президент істерін басқарушы, Демократизациялау және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы дегендей жалғаса береді. Бұл кейіпкеріміздің саяси өмірбаяны. Ал, соңғы кездері іскерлік басылымдардың бетінен түспейтін Болат Өтемұратовтың бизнестегі тарихы бір бөлек. Мәселен, инетернетте іздеу салып, газет тігіндісін ақтарып көрсеңіз, Болат Өтемұратов «шет елден немесе ел ішінде пәленбей банкті, қонақ үйді сатып алып жатыр. Болмаса, қырғын қаржыға сатып жатыр» дегендей ақпараттан аяқ алып жүре алмайсыз. Мысалы, ол былтыр «Қазақмыс» акциясының бақылау пакетін «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына 1,65 миллиард долларға сатып жіберген. Кейбір ақпаратқа қарағанда, «Самұрық-Қазына» қоры мұндай ақшаны «Верный Капитал» компаниясынан қарызға алған. Ал, қарыз беруші Б.Өтемұратовпен кіндігі байлаулы мекеме. Сондай-ақ, ол былтыр «Бугер кинг» тез тамақтану жүйесін жолға қойып, елімізде бірнеше мейрамхана ашқан. Бес жұлдызды қонақ үйлер желісі, Beeline Kazakhstan, ForteBank, Kassa Nova банкі, Ақмола облысындағы алтын өңдеу фабрикасы «Васильков КБК» ( президенті өзінің ұлы Әлидар Өтемұратов) секілді компаниялардан табыс тауып отырған Болат Өтемұратовтың қолында өзгелердің арманына айналған ақпарат құралдары да бар. Мәселен, бірлі- екілі газетті айтпағанда, ресейлік «СТС Медианың» құрамына өтіп кетті дейтін «31 телеарна» шенді-шекпендінің ішінде Болат Өтемұратовқа ерекше іш тартып тұратындай. Мысалы, көзіқырағы көрермен байқаған болар,«31» телеарнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметі Ақордадағы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан күнделікті жиындарды көрсете бермейді. Бірақ, жаңалықтар қызметінде бағдарламалары ішінде бірде бір спорт бөлімі жоқ болса да, «31 телеарна» үлкен теннистен елде өтетін кез-келген шараны қалдырмай көрсетеді. Мұндай құрмет әрине теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов үшін арнайы жасалса керек.
Интернет кеңістігіндегі youtube порталының іздеу жүйесіне Болат Өтемұратовтың есімін терсеңіз, түрлі телефон тыңдалымдарының сілтемесі шыға келеді екен. Бірақ, біз сол жазбаларды кейіпкеріміздікі деп анық айта алмаймыз. Алайда, дауыстары ұқсайды. Баспасөзде біраз сөз болған бұл жазбалардан Болат Өтемұратовтың өзі де бас тартқан емес. Қалай десек те, кейіпкеріміздің екі миллиардтай доллар жинап, әлемдегі ауқатты бай манаптардың қатарына иық тіресе қосылуы ел ішіндегі саяси топтар мен қаржылық күштердің көңілін таба білу мен өзін мойындатаудың нәтижесі екені анық.
Осы жылдары тілшілерге теннистің болашағынан басқа тақырыпта сұхбат бермеген, парламент мінберіне шықпаған, депутаттардың сынына ілікпеген, оппозициядағы тұлғалардың назарынан тыс қалған, ресми тексеруші құзырлы орындардың құрығына түспеген Болат Өтемұратов мұхит бетінде көрінбей, тереңде тығылып жатқан қуатты су асты кемесіндей. Бірақ, алдағы жылдары билік басында болуы мүмкін өзгерістер оны осылайша бейқам жатқыза қоя ма? Егер болашақта Қазақстан билігіне үміткер болатын тұлға Болат Өтемұратовтың талғамына сай келмесе ше? Ондай үміткер бүгінгі кейіпкеріміздің миллардтаған көк қағазының соңына шам алып түсетін болса ше? Әрине, жай адамның миллардер болмасы анық. Байлыққа, табысқа қол жеткізген жанның бәрі амбициялы адамдар. Болат Өтемұратовта ондай мінез, қасиеттен кенде емес. Өз «империясын»сұғанақ қолдардан сақтау үшін жалғыз амал ретінде Қазақстан билігіне өзінің қол созбасына кім кепіл? Саяси ойындарды іштей өте жақсы білетін, оның амалдарын кереметмеңгерген, қаржылық топтарды рет ретімен орнына қоя алатын, әлде кімдерге бағынышты емес бұл кейіпкерді орын алуы мүмкін жағдайдың өзі сайлау додасына итермелеп баруы ғажап емес секілді. Және айналасындағылар тасадағы күресті ұлғайтып жібермесе, Болат Өтемұратовтың ел көзіне жарқырай көрінуге бірнеше мүмкіндігі бар. Біріншіден, оның ақшасы қыруар. Ешкімге қаржылық тұрғысынан тәуелді емес. Яғни, «билік басына кедей келгенше бай келсін, ол ақшаға көп қызықпайды. Елді ойлайтын уақыты бар» дегендей үгіт насихатты қарапайым адамдарға оңай жүргізуге болады. Екіншіден, Б. Өтемұратов түрлі қызметте ұшып қонып жүріп, әркімнен ұрыс естіп, сөзге қалып, елге сүйкімін кетірмеген. Үшіншіден, саяси элитаға осы тұрақтылық пен тыныштыққа кепіл бере алады. Төртіншіден, жаңашылдыққа тез наразар аударатын ел «кім келсе де, тезірек келсе екен» деп бейтаныс жаңа адамға қоғадай жапырылуы мүмкін. Дегенмен, Б.Өтемұратовтың да бір кемшілігі бар секілді. Ол мемлекеттік тілде еркін сөйлей ала ма? Осы жағын оншақты әріптесімнен сұрап көрген едім, ешқайсысы нақты жауап айта алмады. Бірақ, ғайыптан тайып бүгінгі кейіпкеріміз келешекте президенттікке үміткерлер арасынан табылып жатса, Мырзатай Жолдасбеков басқарған тіл комиссиясы аман болса, Ғани Қасымов секілді Болат Өтемұратов та қазақ тілінің емитханынан сүрінбей өте шығуы әбден мүмкін. Осы жағдайларды қорыта айтсақ, Болат Өтемұратовтың Қазақстан билігіне қол созып, бағын сынауына толық мүмкіндігі келіп тұрғандай. Бірақ, әзірге сондай ойын ашық айтқысы жоқ-ау...
Келесіге дейін күніңіз жарық болғай!