Ермек Тұрсынов: Тоқаевтың командасы жоқ
Белгілі кинорежиссер, жазушы Ермек Тұрсынов Аман Тасығанға берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмысына баға берді.
Тұрсыновтың айтуынша, Тоқаев 2019 жылы президент болып сайланғанымен, шынайы билік оның қолына енді тиген.
«Мен Қасым-Жомарт Кемелұлын сыйлаймын, өйткені ол кісімен таныспын. Өте білімді, мәдениетті, бірнеше тілді меңгерген көзі ашық адам. Бірақ оның қолы байлаулы. Қаншама істерді айтып жатса да, соларды іске асыратын адамдар жоқ қасында. Командасы жоқ», – деді Тұрсынов.
Тоқаев қаңтар айында берген сұқбатында президент лауазымында конституцияға сай әрі кеткенде екі рет сайланатынын, одан артық отырмайтынын жеткізді. Тұрсыновтың айтуынша, мемлекет басшысы өз сөзінде тұруы керек. Ол үшінші президент кім болуы мүмкін деген сауалға:
«Білмеймін, айта алмаймын. Дайын тұрған адам жоқ сияқты. Тоқаевқа сенемін. Айтқанын орындайтын шығар. Бірақ биліктегі бірде-бір адамға сенбеймін», – деп жауап берді.
Сол сияқты кинорежиссер барлық мәселеге еліміздің бірінші президентін кінәлайтындарға қатысты өз ойын айтты.
«Ол дұрыс емес. Назарбаевтың өз кінәсі бар, бәріміз білеміз. Бірақ кінәнің бәрін бір адамға жабудың қажеті жоқ. Бәріміз кінәліміз. Назарбаевқа ашық қарсы тұрған азаматтар көп емес. Қалғандары сол тізімнің ішінде бар. Оның ішінде мен де бармын», – деді Тұрсынов.
Сондай-ақ кинорежиссер болашақта Тоқаев туралы фильм түсірілуі мүмкін бе деген сауалға жауап берді.
«Мен білетін Тоқаев ондай адам емес. Ол өте мәдениетті, көзі ашық, білімді, өзін-өзі соншалықты жақсы көретін адам емес. Айналасында жүрген алаяқтардан шығуы мүмкін. Соның өзінде де мен онша сеніңкіремеймін", – деді Тұрсынов.