Қылмыс тіркелмейтін ауылдар...
26-01-2024
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім беру ұйымдары басшыларын ротациялау қағидалары Әділет министрлігінде тіркелгені туралы жыл соңында мәлімдеді. «Білім беру саласында 10 мыңнан астам мемлекеттік ұйым бар. Көптеген басшы мерзімсіз еңбек келісімшарттарын жасасқан. Осыған байланысты бір ұйымда 10-15 жыл және одан да көп жұмыс істейтіндер аз емес. Әрине, олардың арасында өз жұмысын жақсы білетін және мектеп, колледж, мектепке дейінгі немесе қосымша білім беру ұйымдарының дамуына елеулі үлес қосатын басшылар бар. Дегенмен 10-15 жыл бойы бір орында отырып, өздерінің бастамашылдығы мен дамуға деген ынтасын жоғалтатын мектеп директорлары да бар», - деді білім министрі Асхат Аймағамбетов. Дамудың даңғыл жолы ретінде таңдалған басшылардың ротациясына сала мамандары не дейді? Oinet.kz тілшісі осы сауалға жауап іздеп көрді.
Айбар АБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы, мұғалім:
Мектептегі білім сапасын қоғам қадағалау керек
Мектеп директорын әр 5 жыл сайын ұжым ішіннен мұғалімдер жабық дауыс беруі арқылы сайлап алу керек деп есептеймін. Директор атауын ұйымдастырушы-менеджер атауымен ауыстырып, атқаратын функциясын өзгерту керек. Мектептегі білім сапасын қоғам қадағалау керек. Мұғалімге шығармашық еркіндік беріп, пәні бойынша жауапкершілік артту керек деген ойдамын. Сол кезде ғана білім саласындағы дау-даумай басылар еді. Қазір комиссия арқылы іріктеу, елді-мекенде бірнеше мектеп болса ғана директорларды ротация арқылы ауыстыру жарты реформа. Ротация жемқорлықтың алдын-алуға әсер етеді. Онда да жартылай ғана.
Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, Шымкент қаласы, педагог:
Барымыздан айрылып қалуымыз мүмкін
Ротация туралы құжат – министрлік тарапынан шала құжат. Уақыт өте кездесуі ықтимал тәуекелдер мен проблемаларға шешім ойластырылмаған. Министр Асхат Аймағамбетовпен 3 желтоқсанда кездескенде өзіне айттым. Жуырда мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринмен кездесуде де осы мәселені көтердім. Ротация туралы құжатты тоқтатып, зерттелеп зерделеу жүргізу қажет дедім. Бір ғана Шымкент қаласында 147 мемлекеттік мектеп бар. Егер соның басшыларын сапырылыстырып, араластырып жіберсек, бұрыннан имиджі қалыптасқан мықты мектептердің «креслосына» қауіп төнеді. Ұжымымен, жетістіктерімен көзге түскен мектептердің басшылық қызметіне бұрыннан «көке, жәкемен», байдың еркелері, депутаттың серкелері құмар еді. Себебі, мектептің материалдың базасы, ұжымдық иммунитеті мықты.
Мықты мектептердің басшылық қызметіне таныс-тамырмен тағайындалған басшылар осыған дейінгі көрсеткіштерді қысқа уақытта-ақ тас-талқан етуі мүмкін. Сондықтан мектеп басшыларының ротациясы әуелі тәжірибе ретінде рейтингтің ең соңында тұрған мектептер арасында жүзеге асырылуы керек. Біз қарастырмаған мәселелерді сонда байқай аламыз. Мысалы, кей ұжымдар басшыны «сырттан келген есерсоқ директор болды» деп қабылдауы ықтимал. Өзгерістерге « кейін келген тоқалдар, шөміш алып қоқаңдар» деп ұжым қарсы шығуы мүмкін. Егер бұл болжам расталса, мектеп ұжымдары 1-2 жылда арыз-шағыммен министрлікті, сотты толтырады. Мектеп басшыларын ротациялау басталғанда жемқорлық саябырылысуы мүмкін. Бірақ ол барлық басшы үйреніскенше ғана жалғасады.
Әлия БАЙЗАҚОВА, Түркістан облысы, экс-директор:
Көптеген түсініксіз махинациялар орын алу ықтималы жоғары
Осы тақырыпқа байланысты бастан кешірген проблемамды айтсам, тақырып ашыла түсер деп ойлаймын. Мен – 38 жылдық еңбек өтілі бар педагогпын. Ол қызметімнен бөлек 1-топтағы мүгедек баланың асыраушысымын. Дегенмен адамдық борышым мен маман ретіндегі міндетіме босаң қараған емеспін. Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы М.Серікбаев 2019 жылы ротация бойынша деп бірнеше мектеп директорларының орындарын ауыстырған еді. Атап айтқанда: «Мырзакент» директоры М.Шағдаровты – «Ғ.Мүсірепов» мектебінің директоры А.Ниязбековпен ауыстырды. С.Рахымов атындағы мектеп директоры Ө.Қыдырбаевты – «Қ.Мүсірепов» атындағы мектеп директоры С.Айтынбетовпен ауыстырды. «Қ.Аманжолов» атындағы мектеп директоры А.Ақназаровты «С.Торайғыров» атындағы мектеп директоры Д.Әбдуғалимен ауыстырды. «Нұрлы таң» мектеп директоры Н. Алмағанбетовты «Тұяқбаев» атындағы мектеп директоры С.Сейдуалиевамен ауыстырды. 2021 жылы бос тұрған «Абылайхан» атындағы мектеп директоры лауазымдық қызметіне «Нұрлы жол» мектеп директоры А.Жолдыбековты конкурссыз ротация бойынша тағайындап отыр. 2021 жылы 15 қаңтарда мені мектеп директоры лауазымдық қызметінен негізсіз босатты. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты менің үстімнен қозғалған іске қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанда, соттың шешімі шықпай жатып, конкурссыз «Мәдениет» мектебінің директоры Н.Асабаевты 16.03.2021 жылы тағайындайды. Н.Асабаевтың «Мадениет» мектебінің де қызмет атқарғанына 1,5 жыл болған. Кейіннен мен ақталдым. Бұл жағдайлардың барлығы заңсыз іс-әрекеттер емес пе? Бұл жағдай бойынша Түркістан облысы Адами әлеуетті басқару басқармасы басшысы (сол кездегі) Р.Жолаевқа шағымданғанмын, Жауап ретінде келген хатта 2021 жылдың 13 қыркүйегіне дейін барлық бұйрықтардың заңсыз екеніне байланысты күштері жойылсын делінген. Неге бір ай көлемде ұзақ уақыт берілген, қазіргі таңда барлық директорлар орындарында отыр. Бұйрықтың күші жойылсын десе, неге оларға ары қарай заңсыз әрекеттер, бұйрықтар шығаруға жол беріліп отыр? Бұйрықтың күші жойылмады. Мен Түркістан облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне арыздандым. Сол жердің бас маманы Тасқулова Мадина жоспардан тыс тексеру жүргізіп арызымның орынды екенін зерттеп-зерделеп кетті. Бәрі дәлелденді деп, 9 ай уақыт беріп барлық басшыларды орнына қайта отырғызу туралы шешім қабылдады. Осынша заңсыздықтарға жол беріп, аудан білім бөлімін былыққа батырып отырған басшы қызметіне лайық па? Яғни мектеп басшыларының ротациясы орын алса, көптеген түсініксіз махинациялар орын алу ықтималы жоғары.
Менің үстімнен қаралау болды, жала жабылды. Біршама қудалаудан өттім. Ақталдым. Мен кейін бұл мәселені БҰҰ-да көтердім. Арада блогерлер маза бермей, қайта-қайта мен туралы жазба жариялап, психологиялық шабуыл жасады. Ол кездер мен үшін стерсске толы болды. Мен өзімді жинақтап ұстай алдым. Алайда дәл осындай моральдық шабуылға өзге мектеп директорлары ұшыраса, барлығы бірдей ерік-жігерінің мықты екенін көрсете алмас еді. «Неткен төмен адам» деп ол кісілермен айтыспадым. Өзімнің заңдық-құқықтық тұрғыда кінәсіз екенімді дәлелдеу үшін бірнеше сот процессінен өттім. Арыз жаздым. Заңды зерделедім. Мен іскерлік пен еңбекқорлық арқылы жетістікке жеткім келді. Алайда «ауыс-түйіс» барысында көзге көрінбейтін детальдар да бар. Лауазымды қызметкер әйелдердің қудалауға ұшырауына байланысты гендрлік теңдікпен БҰҰ Нұр-Сұлтандағы филиал мүшелері іспен танысып, қазірде қолға алды. Алдағы уақытта барлық мәселеден өтіп, жеңіске жетемін деп бек сенемін.
Айман САҒИДУЛЛА, Алматы облысы, мұғалім: Жеті жыл тым көп
Ротация – бекер әңгіме . Біз ұзақ уақыт күттік бұл жаңалықты. Бір орында 25 жыл, 15 жыл, 10 жыл отырған директорлар бар. Директорларға команда жинау үшін 5 жылдың өзі жеткілікті.
Ал, біз асыға күткен құжатта директорлардың 7 жылдан соң ғана ротацияланатыны айтылыпты. Жеті жыл тым көп. Бір ауылда бір мектеп болса, ол мектептің директоры ешқашан ротацияланбайды. Өмір бойы отыруына мүмкіндігі бар . Екі мектебі бар ауыл санаулы ғана. Көп ауылдарда жалғыз мектеп. Яғни, ротация көп директорларды айналып өтеді. Бұл құжат жемқорлықты жояды дегенге сенбеймін. Керісінше , директорларға мектептерді мұраға қалдырғандай көрінеді маған. Мен бір мәселені түсінбеймін. Неге бір адам директор болса, ол өмір бойы директор болуы керек? Ол ең бірінші педагог қой.
Бұл құжатта бір ауылда екі мектеп болса ғана директорлары ротацияланатыны айтылған. Министрлік өкілдері, құжаттың бұл тұсын ,директорлар басқа ауылдарға ротацияланатын болса, оларға үй беруі керектігімен түсіндіреді. Сонда бір ауылдық мектепте 20 жыл директор болған адам қайта мұғалім болуына болмай ма? Ол өмір бойы директор болып өтуі керек пе? Шенділердің осы ойын өзгерту керек. Бұл ой өзгермей , ротация ештеңені шешпейді. Ешкім анасынан директор болып туылған жоқ.
Сәния НҮСІПӘЛІ, Алматы облысы, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі :
Олардың маңдайына бастықтың таңбасын кім басқан?
Директер: «Мен директор болып туған жоқпын. Педагогпын. Егер білім сапасын көтеру үшін дтректорлықтан бас тарту керек болса, бас тартам»,-деген еді. Бұл біздің директордың жаңа мектептің қазақ тілді болып ашылуына директорлар таласы болғанда берген жауабы еді. Барлық директор осылай ойлау керек. Кім директор болса да, қазақ тілді мектеп болып ашылса болды деді. Талғар ауданың Білім бөлімінің басшысы директор болу үшін орыс сыныптарды жинап , өзіне қалқан жасап отыр. Біз тәуелсіз комиссия құрып оқушы қабылдадық. Бүгінгі күні қазақ оқушы – 800.Ал, орыс сыныптың оқушылары – 598.Күрес жалғасады! Мектепті алмай қоймаймыз!
Мәселе, білім бөлімінің басшысы қарабасының қамын ойлап отыр. Аудан әкімі – білім бөлімінің басшылығына жауапкершілігі мол қызметкер қоятын сыңайлы. Соған бола білім бөлімінің басшысы өзіне жайлы орын табу үшін қайткенде де аралас мектеп ашуға күш салып жатыр. Ол жаңа мектептің директоры болмақ. Міне , осылай «бастық боп туылғандар «бастық» боп өлеміз» дейді. Олардың маңдайына бастықтың таңбасын кім басқан? Педагог екен басшылық қызметті істей алмай ма, мұғалім болсын. Сабақ өте алмай ма, табанын білім саласынан жалтыратсын! Ең соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған мектеп қазақтың балаларына берілмейді. Осы мәселемен ашпаған есігіміз жоқ. Бұл мәселені шешетін бір бастық табылмай отыр. Алматы облысы білім басқармасы мен Алматы облысы әкімдігі шешім шығаруға асығар емес. Себебі: мансапқорлық қарға адым бастырмай отыр. Директорларды ротациялау – ештеңені шешпейді. Білім басқармалары мен білім бөлімінің басшыларын қайта тағайындап тазарту жүргізу керек! Себебі: бұл басшылар директорлардың заң бұзушылығына түрткі болады. Оның үстіне мәселеге көз жұма қарайды.