Үкімет басшысы журналистердің сұрағына жауап бере алмаған басшыларды сынға алды
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында Денсулық сақтау министрлігінің брифингісінде вице-министрдің БАҚ өкілдерінің сұрақтарына дұрыс жауап бере алмағанына назар аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елдегі эпидахуал туралы баяндама жасаған денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ведомствоның өкілдерімен өтетін брифингілерге мұқият дайындалуды тапсырды.
«Өткен аптада сіздің орынбасарыңыздың қатысуымен брифинг өткен еді. Денсаулық сақтау вице-министрінің журналистердің сұрақтарына нақты жауап бере алмағаны өкінішті. Осыған назар аударуыңызды сұраймын. Мұндай жағдайлар, құрметті әріптестер, бүкіл Үкіметтің жұмысына кері әсерін береді. Үкімет мүшелеріне журналистермен тығыз байланыста болуды тапсырамын. Біз қоғамға ашық болуымыз қажет. Әрбір қабылданған шешім дұрыс түсіндірілуі керек. Қоғаммен ақылдаса отырып қабылдануы керек. Бұл - Үкіметтің негізгі міндеті», - деді Премьер-Министр.