Праймеризден өте алмаған Қалтаева қалайша Саяси бюроның мүшесі болды?
OINET.KZ - Апта басында «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің қаулысымен партияның Саяси кеңесі бюросының жаңа құрамы бекітілді. Жаңа құрам тоғыз мүшеден тұрады. Олар: партияның жаңа төрағасы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов (тізім жасақталған кезде Қошанов әлі Президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқаратын), Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров, «Егемен Қазақстан» газеті АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Аббат Өрісбаев, Сенат депутаты Ләззат Қалтаева, кәсіпкер Генадий Зенченко және «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Элина Паули.
Бұған дейін аталған бюроның мүшелері болған Дариға Назарбаева, Бауыржан Байбек, Асқар Маминнің партияның съезінде Саяси кеңестің мүшелігіне енбей қалған болатын. Ал Саяси бюро Саяси кеңес мүшелерінің арасынан жасақталатыны белгілі.
Партияның Саяси кеңес бюросына өткен Ләззат Қалтаев керемет карьера жасады. Ол бас-аяғы бір аптаның ішінде Президенттің жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалып, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, одан кейін міне, Саяси кеңес бюросының мүшелігіне өтті. Осындай ғаламат ғарыштық жылдамдықпен өскен Ләззат Қалтаева кім?
Ашық дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда Л.Қалтаева 1965 жылы Қызылордада дүниеге келген. Ляззат Молдабекқызы өзінің еңбек жолын 1987 жылы Алматы қаласының Фрунзе ауданы мүгедектер қоғамының референт – хатшысы болып бастаған. Қазір «Шырақ» деп аталатын мүгедек әйелдер қауымдастығына жетекшілік етеді. 2006 жылдан бастап Президент жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі. 2015 жылы Халықаралық Аймақтық қоғам мен БҰҰ ынтымақтастық тақырыбы бойынша Нью – Йорк қаласында БҰҰ отырысында спикер ретінде қатысқан.
2016 жылы ол Алматы қалалық мәслихатының депутаты болып сайланған. Бұл шақырылымның мерзімі 2021 жылдың қаңтарында аяқталғаны белгілі.
Ләззат Қалтаева 2020 жылдың күзінде «Nur Otan» партиясының өткізген праймеризіне қатысқан. Осы кездері ол инстаграмдағы парақшасында сайлауалды бағдарламасын жариялаған. Алайда оның аты-жөні сайлаудан кейін Алматы қалалық мәслихатының депутаты атанғандардың тізімінен таба алмадық.
Осылайша уақтысында билік партиясының праймеризінен өте алмаған Ләззат Қалтаева Сенат депутаты, сонымен бірге партияның жоғары органдары Саяси Кеңестің және Саясит кеңес бюросының мүшесі болып сайланды. Ал, праймериз партия құрамындағы ең белсенділерді анықтау үшін өткізілді емес пе? Партияның басшылары мүгедектердің мұңын мұңдап, мәселесін көтеріп жүрген, өте белсенді мүшесін қалайша назарынан тыс қалдырған? Әлде праймериз де көзбояушылық па?
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Nur Otan»-ға төраға болып келуімен жағдайдың күрт өзгере бастағаны байқалады. Бұл өзгерістердің әлі басы ғана болуы мүмкін.