«Путин Назарбаевқа «Тоқаевтың жұмысына кедергі келтірме» деп айтады»
Бүгін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі. Келіссөздер барысында ЕАЭО-ны одан әрі дамыту перспективалары мен күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау жоспарланып отыр. Алайда сарапшылар аталған сапарда мемлекет тағдырана байланысты салмақты мәселе қаралады деген пікірде.
Саясаттанушы Әзімбай Ғалитың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың Путинмен кездесуінде бірнеше мақсат болуы мүмкін. Нақтырақ айтсақ, ол Ресейде Қазақстанда қарсы милитаристтік агрессивті пікір күшейіп келе жатқанын еске салды.
«Мәселен кейбір БАҚ «Қазақстаннан орыстар қашып жатыр» деп жазып, халықтың санасына сіңіруде. Өйткені жыл сайын біздің елден 30-40 мыңға жуық орыс көшіп кетіп жатыр. Осындай кезде Путиннің тамырын басу керек секілді.
Сондай-ақ бүгінгі таңда Ресейдің батыс елдері алдында сүйкімі кетіп, санкциялар сансыратып тастады. Сондықтан да Назарбаев Путиннің тамырын басып, көңіл-күйін көтеру үшін барды. Егер Ресей ашуланса біздің солтүстік өлкелерге шабуыл жасауы мүмкін. «Ресей жалғыз емес, біз бауырлас халықты қолдаймыз. Басқаға ренжісең де бізге ренжитін орның жоқ шығар. Баяғыдан сендікпіз» деп, ренжіп, аңырап отырған Путиннің көңіл-күйін табу керек секілді. Менің ойымша, екі елдің арасындағы қарым-қатынасты жақсарту негізгі мақсат. Қазақстанның сыртқы мұхитқа шығатын мүмкіндігі жоқ болғандықтан экономикалық байланысты тереңдету керек. Оның үстіне іргеміздегі Қытайда қауіпті мемелкет. Сондықтан одақтастықты тереңдетіп, экономикалық қатынастарды жандандыру қажет. Қазіргі әлемдік дағдарыстың кезінде біздің де, Ресейдің де жағдайы ауыр. Жығылғанға жұдырық дегендей осындай жағдайда екі мемлекеттің экономикалық жағдайын реттеп, орыстың өкпесін басу маңызды болып тұр», – дейді Әзімбай Ғали.
Алайда саясаттанушының бұл пікірімен «Халық сенімі» азаматтық қозғалысының тең төрағасы Қазыбек Бейсебаев келіспейді. Оның айтуынша, Назарбаевтың бұл жолғы сапарында кадрлық мәселе талқылануы мүмкін.
«Назарбаевтың Мәскеуге сапары Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко Қазақстанға келіп кеткен соң аяқ астынан шықты. Осыдан кейін Назарбаевтың Мәскеуге баратыны белгілі болды. Егер экономикалық, саяси мәселе болса, оны мемлекет басшысы ретінде Тоқаев шешуі керек. Ал Назарбаевтың бұл сапарында ішкі ахуалға байланысты жеке мәселе көтерілейін деп жатыр. Мүмкін кадрлық мәселеге байланысты шешім шығарылуы мүмкін. Себебі бізде елде қос билік орнағаны ешкімге де жасырын емес. Ал қос билік жүйесі Тоқаевтың жұмысына кедергі болып жатыр. Болжамым бойынша, Путин Назарбаевқа «Тоқаевтың жұмысына кедергі келтірме» деп айтады», – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, тек Ресейдің ғана емес, сонымен қатар Қазақ елінің де көрші елге ықпалы бар. Мұны жоққа шығара алмайсың. Алайда біздің де көршімізге әсер ететін ықпалымыз бар емес пе? Мәседен 7 мың шақырым шекара болғандықтан бізде қандай оқиға болса, ол міндетті түрде Ресейге әсер етеді.
«Негізі Кремльге Қазақ елінде тұрақтылық болғаны маңызды. Сондықтан да Валентина Матвиенко елге келгенде жоғары лауазымды 4 бастықпен кездесті. Менің ойымша, Назарбаевтың сапарынан кейін елде кадрлық өзгеріс болады. Әйтеуір Назарбаев пен Путиннің кездесуінде мемлекеттің тағдырына әсер ететін маңызды мәселе талқыланады. Мүмкін саясат сахнасына жаңа адам шығатын шығар. Әйтеуір кездесуде тек қана ішкі саясат пен кадр мәселесі талқыланады. Бұл әрине, билік кімнің қолында болуы керек деген мәселе болуы мүмкін», – дейді сарапшы.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің кездесуінде қандай мәселе талқыланса да, бұл жолғы сапардың астарында терең мән жатқан тәрізді. Егер Қазыбек Бейсебаев айтқандай кадрлық мәселеде өзгеріс болса, оны алдағы уақытта көре жатармыз.
Дереккөз: Arasha.kz