«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов өткен аптада Елбасы кітапханасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына ұйымдастырған халықаралық жастар форумына қатысты. Форумда қазіргі тәуелсіздік жастары туралы ой қозғады. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Ол парақшасында баяндамамдағы негізгі тезистерін ұсынды. Жас депутат қазіргі жастар бақытты елде өмір сүретінін түсіндірді. Себебі қазір бейбіт заман, жастар соғыс көрген жоқ.
"Біз соғыс зардабын сезбеген, бейбіт аспан астында, тұрақты Қазақстанда егемендік рухымен өскен тәуелсіз ұрпақпыз. Көзқарасымыз бен ұстанымдарымыз әртүрлі болғанымен, баршамызды біріктіретін ортақ тәуелсіздігіміз бар.
Расымен де, бұл үлкен бақыт. Жер бетінде елі, белгіленген шекарасы жоқ, ресми мемлекет болып танылмаған ұлттар бар. Әлі күнге дейін тілі, діні, ділі жойылып жатқан елдер жетерлік.
Сәбидің тыныш ұйқысын ұрлап, азаматтық соғыстан көз ашпай келе жатқан мемлекеттерді де, ұрпағы жастайынан қолына кітап емес, қару арқалаған елдерді де көріп отырмыз. Өзара келіспеушіліктер көршілес жатқан елдерді де айналып өте қойған жоқ.
Сол себепті, «Қолда барда алтынның қадірін біліп» егемендікті нығайтуға аянбай еңбек етіп, елдегі татулық пен келісімді сақтап қалу миссиясы - біздің буынға артылған үлкен жауапкершілік.
300 жыл қызыл империя құрамында болған Қазақстан үшін азаттықтың 30 жылы қас-қағым ғана сәт. Біз бой түзейтін, мысалға келтіретін АҚШ, Еуропа елдерінің мемлекет болып қалыптасу тарихы бізден жүздеген жыл ерте басталған. Осыны ұмытпаған абзал.
Бүгінгі форумның тақырыбы «Біз-ел патриоттарымыз!». Жалпы патриот дегеніміз кім?
Осы ретте Бауыржан Момышұлы өз естеліктерінде патриотизм жайлы былай ой қозғайды:
Патриотизм – «Отаным сені сүйемін. Сен үшін құрбан болуға әзірмін» деп құрғақ сөзді гүмпілдете беру емес. Ол – формализм. Елді, жерді, Отанды сүйетіндігіңді сөзбен емес, іспен дәлелде. Ата-анасын сыйлаған шәкірт, студент сабағын да жақсы оқиды, тәртібін де дұрыс ұстайды, шаруакер, адал, әділ болып өседі. Іс деген осы, патриотизм осыдан басталады.
Менің пікірімше, бұл оймен келісуге толық негіз бар" - деп жазды Мәди Ахметов.