Оңтүстікте кәсіпкерлердің құқығы тапталып жатқанын құзырлы органдар растап отыр

Oinet.kz 19-03-2019 1041

Screenshot_9.jpg

Соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында жанар-жағар майдың жетіспеушілігіне байланысты айқай-шу тым жиі шығып жүр. Тіпті, жанжалдың жалыны күшейгені соншалық қайсыбір жолы наразы топтың облыстық әкімдіктің алдына жиналып митинг өткізуі мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың  Астанада Қазақстан халқына кезекті Жолдауын  арнауын бастаған сәтімен дәл сәйкес келген болатын. Сөйтіп  сол жолы Елбасының Жолдауынан көрі ереуілдеушілердің ашынғаннан барған қадамына оңтүстіктегі елдің назары  көбірек ауған еді. Атқарушы биліктегілерге бұл да ащы сабақ бола алмады. Шымкентте жанар май нарығындағы кәсіпкерлерді шөміштен қағып, бензинді зауыттан тікелей алу құқығынан айыру, алалау,  операторалардың тізіміне қолы күзір шенеуніктердің «тілін» тапқандарды ғана енгізуден туындаған дау-дамай әлі жалғасып жатыр. Осы  салаға жауапты облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жыл сайын бастығы жаңаратыны аздай өткен жылғы күзде өскен, өнген, ең халқы көп өңірде  кадр табылмағандай, көршілес Қызылорда облысынан арнайы шақырылған кезекті бастық Дінмұхамед Әбсаттаров келгелі жанар май төңірегіндегі айқай-шу бұрынғыдан да қыза түсті. 

«Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы кәсіпкерлерді қолдаудың орнына, оларды қорлап отыр». Дәл осындай мәлімдемені өткен аптада «Ынтымақ» тәуелсіз жанар-жағар май таратушылар қауымдастығының мүшелері жасады.  Ең сорақысы сол, мұны құзырлы органдар—сот пен прокуратура да растап берген. Алдымен облыстағы жанар май нарығындағы «дертке» дәл «диагноз» қойып берген облыс прокуроры Берік Құлтасовтың облыс әкімі Асқар Мырзахметовке жазған ұсыныс хатына тоқталайық.  

«Басқарманың жанар май тарату жүйесі облыстағы кәсіпкерлер арасында жаппай наразылық тудырып, бұл әлеуметтік шиелініс ошағының тууына және тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін. Басқарма тарапынан жанар май нарығындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытында ешқандай шара қолданылмаған. Керісінше, осы салада төзгісіз жағдайды қалыптастырған» дейді облыс прокуроры өз атынан әкімге жазған ұсыныс хатта. Ұсыныс хаттағы сөздерді әрі қарай сабақтасақ, прокуратуралық тексеру нәтижесінде  нарықта жанар май бағасын үкімет белгілеген бағадан асырып сату фактілері орын алғаны анықталған. Мәселен, бензиннің Аи-92 түріне белгілеген баға 106 теңгені құраса, жоғарыдағы жөнсіздіктерден кейін бензинді зауыттан тікелей алу құқығынан айырылған кәсіпкерлер оны 115-117 теңгеден сатуға мәжбүр болған. 

«Операторлар ешқандай қажеті жоқ, қосымша делдалдық қызмет атқарып келген» деген облыс прокуроры әлеуметтік шиеленістің алдын алу үшін жанар май таратудың жүйесін қайта қарап, өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасы басшыларының тәртіптік мәселесін шешуді ұсыныпты. 

Ал бұған облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев «облыс әкімінің 2012 жылғы 18 қаңтардағы №4 өкімімен жанар-жағармай материалдарын таратуды үйлестіру жөніндегі жұмыстарды жүргізбеу арқылы өзіне жүктелген міндеттерді тиісті дәрежеде атқармағаны үшін облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Д.Әбсаттаровқа «сөгіс» түріндегі тәртіптік жазасы қолданылды  және  мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру және олардың айналымын мемлекеттік реттеу саласында әлеуметтік шиеленістерді болдырмау мәселесі тұрақты бақылауда болады» деп жауап жолдапты. 

Алайда содан бері екі айдан астам уақыт өтсе де жанжалға толы жағдай өзгермей, бәрі бәз-баяғы қалпында қалған соң, «Ынтымақ» тәуелсіз жанар май таратушылар қауымдастығы экономикалық соттан төрелік сұрауға мәжбүр болыпты. Биылғы 26 сәуірде  сот осы іске қатысты шешімін шығарып, талапкерлердің арызын толық көлемде қанағаттандырады. Қысқаша айтсақ басқарманың елді алалап жүріп жанар-жағар май таратуға таңдап алған 25 операторы өздеріне берілген артықшылықтарды асыра қолданған.  Осының салдарынан кәсіпкерлер арасындағы еркін бәсекелестік жойылған. Операторлар өзара баға келісімін жасап, бензинді зауыттан тікелей ала алмайтын кәсіпкерлерді нарықтан ығыстырып шығару шараларына белсенді түрде кіріскен. Мұның бәрі де  мұнай өнімдерін босатылу бағасының өсуіне алып келген. Сот осыған орай кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына мұнай өнімдерін таратудың тиімді әрі әділетті жүйесін жасап, оны облыс әкімдігіне ұсынуды жүктеген.

- Экономикалық соттың судьясы М.Адамовтың біздің талап арызымызды қанағаттандырып, әділ төрелігін айтқанына риза болдық.  «Елге бай құт емес, әділ би құт» деген екен Қазыбек би. Осы сөздің мағынасын енді түсінгендей болдық. Осындай әділдікті Дінмұхамед Әбсаттаров, облыс әкімі Асқар Мырзахметов айта алады ма? Жанар май нарығында кейінгі кездері жағдай онсыз да күрделеніп келеді. Шенеуніктер кезінде бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған қазақ жеріндегі жанар май нарығын айдаһар қытай мен аюдай ақырған орысқа бере салды. Қытайлық «Синойл» мен ресейлік «Газпромнефть» сияқты алпауыттар қазірдің өзінде нарықтың жартысын жаулапүлгерді. Егер оларға тегеурінді қарсылық болмаса күні ертең нарықты толығымен егеленіп алады. Біз түптің түбі шетелдік компанияларды нарықтан ығыстырып шығарғымыз келеді. Ол үшін бізге еркін бәсекелестік керек. Ал басқарма қолымызды жіпсіз байлап отыр. Сонда кәсіпкерлікті қолдауға тиіс басқарма бастығы Әбсаттаровтың көздегені осы ма?—дейді «Ынтымақ» тәуелсіз жанар-жағар май таратушылар қауымдастығының директоры Арыстан Жұмабек. 

- Жанармайды зауыттан тікелей алу құқығын шектегеннен кімнің ұтатынын түсінбей далмыз. Шенеуніктердің шарапатына бөленген 25 оператордың бізден ешқандай айырмашылығы жоқ. Олардың қандай қағидаға сәйкес жанар-жағар май таратуға таңдап алынғаны белгісіз.  Дәл қазір сол операторлар бензинді зауыттан сатып алып, пышақ үсті қайта саудалап жібереді. Иә, мына жерден алып, дәл сол жерде бізге сатып кетеді. Үстіне 20-30 теңгеге дейін пайда қосады. Біздің қауымдастық  мүшелерінің жанар-жағар май бекеттері ауылдық жерлерде. Бензинді 200 шақырымға дейін көлік жалдап алып барасың. Жұмысшыларымыздың жалақысы бар. Жанар майдың құнына 13 пайыз үстеме ақы қоспасаңыз шығынды жаба алмайсыз. Операторлар дәл қазір бензинді зауыттан 97 теңгеден алып, бізге 105 теңгеден сатып отыр.  Егер біз біз де бензинді тікелей зауыттан 97 теңгеден сатып алсақ, ауылдық жерлерде оны 105 теңгеден сатуға мүмкіндігіміз болар еді. Тиімсіз жұмыс істегендіктен бүгінде қаншама бекет жабылып ауылдағы талай адам жұмыссыз қалып жатыр. Жағдай жақсарудың орнына ушығып барады,--дейді Бәйдібек ауданында тіршілік жүргізіп жүрген жеке кәсіпкер Байжұма Шірікбаев. 

- Басқарама бастығы Әбсаттаровқа салса, бәріміздің құрып кеткеніміз жақсы.  Осы жөнінде қаржы полициясына да тексеру жүргізудің өтіндік. Ешкім құлақ аспайды. Бұл неғылған немқұрайдылық?--дейді түркістандық жеке кәсіпкер Серік Алдабергенов. 

Атап айта кетер жайт «Ынтымақ» тәуелсіз жанар-жағар май таратушылар қауымдастығына 125 жеке кәсіпкер мүше. Олардың иелігінде 218 жанар май бекеті бар. Әр бекетте кемінде 10 қызметкер жұмыс істейді. Бұлардан бөлек көлік жуу, техникалық қызмет көрсету, басқа да коммерциялық нысандар бар. Ондағы әрбір қызметкердің артында отбасы, бала-шағасы тұр. Осылардың басын құрасаңыз, жанар май нарығындағы қалыптасқан ахуалдан зардап шегіп жатқандардың саны мыңдап саналады. Күні ертең құзырлы органдардың өздері айтқандай, жанар май дауынан әлеуметтік шиеленіс, дәлірегі от шығып кетіп, оған кім жауап береді?! 

Кезінде облысты басқарған Бердібек Сапарбаев Оңтүстік жұртшылығының іскерлігіне, тез бейімделгіштігіне риза болып, «Шымкенттің кәсіпкерлеріне тек кедергі келтірмеу керек, олар ешкімнен ақыл сұрамай-ақ бизнестің тасын өрге домалатады» деп еді. Бекеңнің сол сөзін жерлесі Дінмұхамед Әбсаттаровтың білмегені өкінішті-ақ. 

Ашаршылыққа—80 жыл: «Көріңде өкіргір, Голощекин!»
Оңтүстікте ана мен бала өлімі азаймай отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу