Бахадыр Нарымбетов: Жеңілдіксіз жолақы тарифін көтеруге болмайды

Oinet.kz 01-09-2011 918

Screenshot_18.jpg

 Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:        

--Бахадыр Мәдәліұлы, жолақыны өсіру-өсірмеу қазір  шымкенттіктер үшін өзекті мәселенің бірі болып отыр. Бұл бағытта қалалық әкімдіктің ұстанымы қандай, ал көлік компанияларының қойып отырған талабы қаншалықты негізді? 

 Жалпы, Сіздің—қала әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасарының көлікке қатысты мәселеге жетекшілік жасауыңызды қалай түсінуге болады?

 --Қалалық әкімдік жолақыны көтеру туралы ұсыныспен шыққанына көп бола қойған жоқ. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы ол үшін алдымен қоғамдық тыңдау өткізуді тапсырды. Осыған байланысты қазір шымкенттіктермен кездесулер өтіп жатыр.  «Көлікке қатысты мәселе әлеуметтік салаға кірмейді ғой» деген сауалыңыз орынды. Бірақ жолақыны көтеру тұрмысы төмен отбасылардың, студенттердің, зейнеткерлердің қалтасына ауыр тиетіні айтпаса да түсінікті. Бүгінде жолақыны өсірудің экономикалық, коммуналдық жағынан гөрі әлеуметтік маңызы басымырақ болып отырғандықтан мәселені тиімді шешудің бел ортасында жүруге тура келіп тұр.  

Халықтың талап-тілегі ескерілетін бірнеше қоғамдық тыңдаулар өткізіп үлгердік, әлі алда тағы осындай бірнеше кездесулер бар. Атап өтер жайт,  қоғамдық тыңдау өткізудегі мақсатымыз көлік компанияларының қалтасын қомпайту немес сойылын соғу емес, тасымалдаушы мен жолаушы екеуінің жағдайына қанығу, ортақ келісімге келу  болып табылады. 

Көлік компаниялары жолақыны өсіруді жыл басынан бері ұсынып келеді. Оларың талабын  негізсіз дей алмаймыз. Оны мына деректердің өзінен-ақ байқауға болады. Жалпы бүгінгі күні қалада  1239 қоғамдық көлік қызмет етсе,  оларың 16 пайызының пайдаланылып келе жатқанына 15 жылдан асып кеткен. Ал норматив бойынша  10 жыл мінілген қоғамдық көлік жарамсыз деп есептеледі. Көліктердің 31 пайызының «жасы» 10-15 жыл аралығында, 38 пайызы 3-10 жыл аралығында.  2006-2007 жыл аралығында қалаға 250 жаңа автобус келсе, 2008-2009 жылдары --25, 2010 жылы —33, ал 2011 жылы  бірде-бір автобус сатып алынбаған. 

Сатып алынатын қоғамдық көліктің бағасы да удай. Мәселен қытайлық автобус—23 мың доллар тұрады, бірақ ол тез тозатындықтан  2 жыл өтпей жатып-ақ шығын талап етеді. Ал одан гөрі сапалылырақ Беларуссияның автобусы-- 130 мың, «Мерседестер»—236 мың доллар тұрады. Соңғы үш жылда доңғалақтардың, жанар майдың бағасы да айтарлықтай өскен. Доңғалақтар 2008 жылы орта есеппен--11 мың теңге тұрса, 2011 жылы 18 мың теңге деп белгіленіп отыр. Ал  А-80 бензині үш жыл бұрын 42 теңгені құраса, қазір 86 теңге. Мұндай шығынмен автобус паркін жаңарту мүмкін емес қой.   

--Еліміздің өзге аймақтарында  жолақы көлемі қанша? Салыстырмалы түрде қымбаттығы жағынан Шымкент бұл тізімде нешінші орын алады?

--Жолақы бізде автобустарда—35 теңге, микроавтобустарда—40 теңге. Бұл республикада ең арзан тариф болып есептеледі. Басқа бірде-бір қалада мұндай арзан баға жоқ. Қоғамдық тыңдау барысында «Шымкент халқының тұрмысын Атыраумен, Астанамен салыстырмаңыздар» деген пікірлер айтылып жатыр.   Жарайды, басқа жаққа бармай-ақ, көршіміз Таразбен салыстырайық. Тараздың халқы шымкенттіктерден бай тұрады деп ешкім айта алмас. Онда автобустарда--45 теңге, ал микроавтобустарда—55 теңге болып белгіленген. Өскенменде-- 50-55 теңге, Қостанайда-50-50 теңге, Астанада-- 60-65 теңге, Алматыда—50-50 теңге. 

Қалыптасқан жағдайдан «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» шығатын екі жол бар. Екі жақ егесе бергеннен ешкім ешкім ұтпайды. Оның біріншісі тарифті өсіру, екіншісі көлік компанияларына мемлекеттен берілетін дотацияны 2-3 есеге көтеру. Шешімді қабылдау үшін барлық мәселені жіті зерттеуміз қажет. 

Тарифті көтерер болсақ, бізге тиімдісі 50-50 теңге. Бірақ бұл мектеп жасындағы оқушылары және студенттері бар отбасыларға ауыр соғары анық. Сол үшін тарифті елу теңгеге көтерер болса, онда барлық оқушылар мен студенттерге 50 пайыздық жеңілдік жасауымыз қажет. Яғни олар автобустарда 25 теңге төлейді. Мұндай жеңілдік жасалынбайынша тарифті көтеруге болмайды. Қазіргі уақытта қала әкіміне оқушылар мен студенттерге аранайы жеңлдік жасау үшін дотация бөлу туралы хат дайындалып жатыр. Дотацияның нақты көлемі анықталуда.   

--Тарифтің көтерілуіне халықтың пікірі қалай?

-- Біздің шамалауымызша, қоғамдық тыңдауға қатысқан азаматтардың 70 пайызы тарифтің көтерілуіне мүлдем қарсы. 20 пайызы жолақыны  40-45 теңгеге көтеруге келісетіндігін білдіріп отыр. Тек 10 пайызы ғана тасымалдаушылардың талап-тілегін, қалыптасып отырған жағдайды түсініп отыр. Өйткені егер тариф көтерілмесе, ертең қыстыңгүні көліктердің 30 пайызы өз қызметтерін атқара алмай қалады. Яғни, осыншама оқушы, жұмысшы діттеген жеріне жете алмай қалады деген сөз. 

 Егер тарифті елу теңге көтеретін болсақ, онда барлық қоғамдық көлік иелерімен келісім-шарттар қайта жасалады. Келісім-шарттағы негізгі талаптардың біріне сәйкес—көлік компаниялары жыл сайын автобустардың 20 пайызын жаңартып отыратын болады. Бұл оңай талап емес. Бұдан бөлек айтқан ұсыныстары қанағаттандырылған соң біз көлік иелерінен сапалы қызмет етуді де талап ете аламыз. Мәселден жуық арада қоғамдық көліктердің қанша табыс тауып отырғанын нақты біліп отыру үшін қоғамдық көліктердің 70 пайызына жуығына автограф деген қондырғы қойылмақ. Осы қондырғымен спутниктің бақылау арқылы автобустың күніне қанша адамды тасымалдағаны, қанша мәрте жолға шықанын нақты біліп отыруға болады. 

Кездесулерде көлік тасымалы саласында мемлекеттік кәсіпорын құру туралы ұсыныстар да айтылып жатыр. Бұл ұсынысты қалалық әкімдік орынды деп тауып отыр. Қазір көлік компаниялары түгелдей жекеменшік. Егер ертең мемлекеттік кәсіпорын құрылса, ол жекеменшікпен бәсекелес болады. Бұл жекеменшік көлік иелерінің өзара баға келісімін жасауына мүмкіндік бермейді. Оның үстіне «жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, құдай бетін аулақ қылсын, төтенше жағдайлар орын алса, мемлекеттік көлік кәсіпорындарына сенім артуға болар еді. 

Қоғамдық тыңдау барысында тым эмоцияға беріліп кеткендер де, бағаның өсуін қалалық әкімдікпен байланыстырғандар да кездесуде. Жалпы бізің мақсатымыз жоғарыда айтқанымдай қарапайым халық пен көлік компаниялары арасында өзара түсінік орнату. Жағдайды түсіне отырып, ортақ шешім қабылдау. Бағаның өсуін билікпен байланыстырудың жөні жоқ. Алдағы уақытта қалада тағы да бірнеше мәрте қоғамдық тыңдау өткізіп,  мәселені зерттеп, одан кейін барып шешім қабылдаймыз деген ойдамыз.  

      «Сізден ынта, бізден көмек» 

--Елбасының өзі  Қазақстандағы  үшінші үлкен қала мәртебесіне ие болады деп үміт артқан  Шымкентте халық саны жыл санап көбейіп келеді. Ал халық көп шоғырланған жерде жұмыссыздық проебламасының туындары анық. Осы орайда облыс орталығында «Жұмыспен қамту—2020» бағдарламасын іске асыру қалай жүріп жатыр?

--«Жұмыспен қамту—2020» бағдарламасы негізі үш бағыттан тұрады. Оның біріншісі халықтың белсенділігін арттыру, яғни тұрғылықты мекен-жайы бойынша жұмыспен қамту, кәсіби оқытуды ұйымдастыру. Осы мақсатта қалада 1030 азаматты жұмыспен қамтып, 60 азаматты кәсіби оқыту көзделіп отыр. Екінші бағыт ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытқысы келген отбасыларға несие беру. Үшінші бағыт еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру. Бағдарлама бойынша алдымен Шымкент қаласы аумағындағы кәсіпорындарға бүінгі таңда және келешекте қандай мамандық иелері қажет екендігі анықталады. Жұмыспен қамту, кәсіби оқыту осы сұранысқа сай жүргізіледі. Мәселен, бір кәсіпорынға дәнекерлеуші қажет делік. Мемлекет жұмыссыз ретінде тіркелген азаматты белгілі бір уақыт аралығында дәнекерлеуші мамандығына тегін оқытады. Қайта оқытудың мерзімі кейбір мамандықтар бойынша үш жылға дейін созылуы және оған мемлекет тарапынан стипендия тағайындалуы мүмкін. Бұдан кейін жұмыс берушімен арадағы келісімге сәйкес дәнекерлеуші мамандығын алған азамат әлгі кәсіпорынға жұмысқа орналасады. Оның  алғашқы алты айдағы алатын жалақысының 50 пайызын мемлекет, 50 пайызын кәсіпорын төлейді. Одан кейін мемлекеттің үлесі 30 пайызға кемиді. 1 жылдан кейін жұмысшыға жалақыны тек кәсіпорын төлейтін болады. 

Осы бағдарламаның арқасында  2011жылдың қорытындысы бойынша 1500-ге  жуық жұмыссыз азамат әлеуметтік, тұрақты жұмыспен қамтылатын болады, яғни жұмысыздық деңгейін төмендетуге мүмкіндік жасалады. Мемлекеттен  атаулы көмек алушылар саны 353 отбасыға азаяды, бұл бюджеттен осы салаға қаралған 4,2 миллион теңге қысқарады деген сөз. Үшіншіден, кедейшілік деңгейі 2001 жылдың 1 қаңтарына 1,9 пайыз деп белгіленсе, 2012жылғы 1 қаңтарында оны 1 пайызға дейін төмендете аламыз. Төртіншіден, жұмыссыздық деңгейі 6,9 пайыздан, 6,1 пайызға төмендейді. Бесіншіден, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 3 пайызға дейін азаяды деп күтілуде. Жалпы бағдарлама азаматтарды масылдық пиғылдан арылтып, тұрмысын түзетуге берілетін мүмкіндік. Сондықтан бұл мүмкіндікке немқұрайлы қараудың, тартыншақтаудың қажеті жоқ.  Біздің ұранымыз «Сізден ынта, көмек бізден».   

Бағдарламаны жүзеге асыру үшін Шымкент қаласы әкімдігінің 2011 жылғы 18 мамырдағы қаулысымен штаттық кестесі 53 бірлікті құрайтын «Жұмыспен қамту орталығы» мекемесі құрылды. Оның ашылу рәсіміне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова қатысып, атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді.   

--Осы бағдаламаның үшінші бағыты бойынша болашағы жоқ ауылдардың азаамттарын Шымкентке көшіру көзделген. Олардың баспана мәселесі қалай шешілуде?

--Бұл келесі жылы атқарылатын шаруа. Бұл бағыт бойынша Шымкент қаласында облыстың  экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерінен қоныс аударатын 800 адамға «Нұрсәт» мөлтекауданынан 200 пәтерлік тұрғын үй салу қарастырылған. Олардың барлығы тұрмысы төмен отбасының мүшелері болғандықтан жұмыссыздардың, тұрмысы төмен отбасылардың санын арттыруға ықпалы етеді. Сондықтан оларды сол аудандардың әкімдіктері біздің сұранысымызға сай оқытып, мамандық иесі атануына жағдай жасаса деген ұсынымыз бар. Екіншіден, 800 азаматты бір үйге қоныстандыру  дұрыс емес сияқты. Олардың барлығы тұрмысы төмен отбасы. Сондықтан  әлеуметтік алалаушылыққа жол беруге болмайды. Мұндай отбасылардың әр жерге орналасуына мүмкіндік берген жөн. 

          Бәрі тәрбиеге барып тіреледі

--Мектеп оқушылары арасындағы қылмыс тақырыбы қазір өршіп барады. Қалалық әкімдік қылмысты ауыздықтау үшін қандай шараларды қолға алып отыр?

--Жасөспірімнің қолымен жасалған әрбір қылмыс тәрбиеге барып тіреледі. Ал, кінәліні іздеу керек болса, жіптің ұшы ата-анаға да, мұғалімге де, учаскелік инспекторға, түптің түбінде бәрімізге барып тіреледі. Менің ойымша, осыдан оншақты жыл бұрын рухани құндылыққа қарағанда материалдық құндылық алға шықты. Міне, бүгінгі бала сол бір рухани құндылықтың арзандаған кезінде егілген дән. «Не ексең соны орасың» деген. Мектепке басы алтын директорды алып келсең де оны бір күнде реттеу қиын. «Бұлақ басынан тұнады» демекші, бәрін бірінші сыныпқа келген баладан бастау қажет сияқты.  

 Жаңа оқу жылынан бастап әрбір баланың әлеуметтік картасы болады.  Баланың әкесі кім, шешесі кім, отбасылық жағдайы қалай, осының бәрі де картада көрсетіледі. Мектеп басшыларына да артылатын жауапкершілік артуда. Қылмыс орын алған мектепте тәрбие жұмыстары жеткілікті деңгейде жүргізілмесе, онда директор қызметінен кететін болады. 

Осы орайда полиция тарапынан қылмыстың алдын алуға жеткілікті деңгейде назар аударылмай отырғанын айта кеткім келеді. Жасөспірімдер арасындағы ауыр қылмыстардың көпшілігі отты қарумен жасалады. Ал бала ол отты қаруды қайдан алды, кім берді деген сауалға жауап табылмай қалады. Құжаттарда көбіне отты қаруды тауып алған болып қала береді. Бұл полицияның өзіне де ыңғайлы шығар, өйткені олар істі ары қарай қазбаламайды, жылы жауып қоя салады. Қазір отты қару бизнесі өркендеп келеді десем қателеспеген болар едім. Осыдан екі-үш жыл бұрын полиция арнайы акция жариялап, қарапайым азаматтардың қолындағы қаруды жинаған болатын. Сол кезде жиналған қару-жарақ қайда? Ол толығымен жойылды ма? Жойылса бүгін жасөспірім шолақ мылтықты қайдан алып отыр? 

--Мектеп оқушыларын жұма намазға жіберу жағы жаңа оқу жылында қалй шешілмек? 

--Білім беру заңы бойынша  мектеп оқушысы оқу процесінен тек денсаулығына байланысты жағдайларда ғана босатылады. Ал сабақ барысында баланың мешітке баруына рұқсат етілмейді. Ал сабақтан тыс уақытта бала толығымен ата-ананың иелігінде. Жалпы, бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі зор. Бала бірінші кезекте ата-ананың өзіне қажет. Өкінішке қарай бар мәселені ұстаздарға жүктеп қойған кейбір азаматтардың мұны түсінбейтініне таңмын.

Oinet.kz мұрағатынан

Бауыржан Рахманов: «Мақсат табыс табу емес, өнердің биік шыңына жету»
Әкімдер де бала болған, мектепке барған...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу