Әкімдер де бала болған, мектепке барған...

Oinet.kz 01-09-2011 1360

Screenshot_21.jpg

Бүгін, 1-Қыркүйек--Білім күні. Алтын ұя—мектеп табалдырығынан аттап күміс қоңыраудың сезімді қытықтайтын сыңғырын еститін естен кетпес шақ. Алағашқы қоңырау. Алғашқы ұстаз. Алғашқы махаббабат...Мұның бәрі бал қызыққа толы бақытты балалық шақпен байланысты.  «Біз бәріміз де балалақ шақтан келгенбіз». Иә, бәріміз де балалық шақ деген ауылдың түлегіміз. Күні кеше ауылдың топырағына кешіп, шаңына аунап өскен бала болғанбыз. Бөгде ғаламшардан келген ешкім жоқ, бүгінгі шенеунік те, атқамінерлер де, бай-бағландар да сол  балалық шақ деген ғажап әлемнің қонағы. 

Қазіргі әкім қаралардың арасында қаланың асфальтіне өскен жаңа қазақтарды кездестіруіңіз нейғабыл. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтен бастап барлық әкімдер күні кеше ауылда әжесінің ертегісін тыңдап,  көбелек қуалап, шыбықты ат қылып мінген ойын баласы екен.  Олар да бір кезде мойнына қызыл галустік байлаған, тәртіпсіз қылығы үшін мұғалімінен таяқ жеген. Олар да ең алғашқы махаббатың дәмін мектеп партасында отырып татып, ғашық болған қыздарына хат жазған. Олар да мына сіз бен біз сияқты бозбалалық шақтың қызығына тоймаған...

 Айлананың бәрін сары түске бояп, сағынышты оятқан алтын күзбен бірге жаңа оқу жылы да жетті. Мектебіне жаңа топлиын киіп, ақ бантигін тағып кетіп бара жатқан ұл-қызына немесе немересіне қарап отырып, әкімдер де сол бір қимас шақты есіне алған болар. Біз бірнеше аудан әкіміне қоңырау соғып, балалық шақтан естелік айтып беруін өтінген едік. 

Бейбіт Сыздықов, Отырар ауданының әкімі:

  «О,о, оқыған мектебіме күнде барамын ғой»

- Мектепті  үздік бітіргенмін. Тәртібім де «5» тұғын. Мектепте өте жуас болып, сабақ оқуды ғана білетінмін. Әсіресе, математика, физика пәндеріне жүйрік едім. 

- Қазір білім алған  мектеппен байланысыңыз қандай?

- О-о,  оқыған мектебіме  күнде барамын ғой. Ол мектеп апатты жағдайда еді. Ауданға әкім болуымының елге де бір пайдасы тиіп жатыр. Жаңа мектеп салып, былтырғы оқу жылында пайдалануға бердік. 

- Ұстаздарыңызбен жүздесіп тұрасыз ба?

- Иә, олармен байланысым жақсы, алғашқы жылы бізге сегіз мұғалім сабақ берген. Оның біреуі қайтыс болды да, өзгелерінің көзі тірі. Сол кездегі мектеп директоры мен оқу ісі жөніндегі орынбасары да арамызда жоқ екен. Биыл мектеп бітіргенімізге 30 жыл толды. Бір сыныпты 19 бала бітірдік. Оның 11-і қыз, қалғаны ұлдармыз. 

- Мектепті айтқанда ең алдымен  есіңізге не түседі?

 - Мұғалімдердің құлақты бұрағаны естен кетпейді.

- Тәртібіңіз де, сабақ үлгеріміңіз де жақсы болса, сіз ол «жазаға» қалай ілігіп жүрсіз?

- Кейде болып қалады ғой енді...

- Партадағы махаббат мәселесі мазалаған кездер де болды ма?

- Ол жағынан ұяттымын. Қыздармен сөйлесуге де ұялатын едік қой. 

Қайрат Әбдуалиев, Түлкібас ауданының әкімі:

  «Мұғалімдер ұрғанда фамилияны ұмытып қала жаздайтынбыз»

- Мен оқыған Киров атындағы мектепте шешем мұғалім болды. Мұғалімнің баласы болудың жауапкершілігі жоғары. Ұстаздың ұлы бола тұра жақсы оқымау ұят нәрсе, тіпті масқара. Тәртіпті болуға тура келді. Үйде де, мектепте де қатаң бақылауда боласың.

- Демек, жақсы оқыған болдыңыз ғой...

- Енді, қазіргі тілмен айтқанда сыныптастарымның арасында лидер болдым. Сурет сабағынан өте жақсы едім. Аудандық жарыстарда да асығым алшысынан тұрып жүрді. Спорт жағынан да жаман болған жоқпын.  

- Үздік бітіруіңізге мамаңыздың да ықпалы, көмегі тиген шығар?

- Қазір оқушыларға мұғалімдер қол көтерсе бастары бәлеге қалады ғой. Ол кезде мұғалімдер ұрғанда  фамилияны ұмытып қала жаздайтынбыз. Сол мұғалімдердің арасында өзімнің мамам да болды, яғни мені елден ерекшелеп еркелетіп, көтермелеген жоқ. Басқа оқушылардан сабақты қалай талап етсе, менен де солай талап етті. 

- Өзіңіз оқыған мектепке жиі бас сұғып тұрасыз ба?

- Ауданға әкім болып келмей тұрып-ақ, мектепке жиі келіп, көп көмектесіп тұрдым. Қайта ауданға әкім болып келгелі аздап сирексіттім. Өйткені, ауданның тізгінін қолға алып, оның тыныс-тіршілігіне жауапты болғаннан кейін барлық мектептерге бірдей көңіл бөлуім керек. 

- Сыныптастарыңызбен сыйластығыңызды білсек.

- Сыныптастардың орны қашан да бөлек болады. Барлығымен дерлік араласып тұрамыз. Екі сыныптасымыз қайтыс болған, солардың отбасына, тұрмыстық жағдайларына көмектесіп тұру да біздің бір парызымыз іспетті. Оны ұйымдастыруды өзім қолға алғанмын. 

- Мектеп қабырғасында жүріп, балаң, балауса махаббатты жолықтыра алдыңыз ба?

- Біздің ауылда кілең бір рудың адамдары тұратын. Сол себепті ондай жағдай болған жоқ. 

- Көрші ауылдың қыздары да бар емес пе?

- Күзде жоғары сыныптың оқушылары жаппай мақта терімге баратынбыз. Махаббаттың барлығы сол мақтада еді ғой. Алайда, өз басым махаббатпен ауырмаған адаммын. 

Райымбек Жолдасов, Бәйдібек ауданының әкімі:

 «Сыныптастарыммен бөле жармай  араласамын»

- Мектепті 4 пен 5-ке бітірдім. Бірінші сыныпқа бұрынғы Ақтас совхозындағы Борлысай деген тау бөктерінде орналасқан ауылдағы мектепке бардым. Кейін Бәйдібек атада оқыдым. Онан соң қазіргі Көктерек ауылындағы мектепте дәріс алдым. Он жылдықты Шаяндағы М.Әуезов атындағы мектепте тәмамдадым. 

 - Бірнеше мектепте тәлім алған екенсіз,  барлығына ат басын бұрып тұруға уақыт табасыз ба?

- Иә, барлығына да барып тұрамын. Әсіресе, 6 жыл оқыған Бәйдібек атадағы Алмалы деген 8 жылдық мектепке, Шаяндағы дербес өмірге жолдама берген білім ұясына жиі бас сұғамын. Бір өкініштісі, бізге дәріс берген ұстаздардың қатары тым сиреп қалды. Көзі тірі ұстаздармен байланысып тұрамын. 

- Сыныптастарыңыз көп екен, барлығымен араласуға мүмкіндік бар ма?

- Сыныптастарымның әрқайсысы әр түрлі салада қызмет етеді, арасында механизаторлар да бар. Мүмкіндігінше  ешқайсысын бөле жармай араласамын. 

  Уәлихан Қайназаров, Сайрам ауданының әкімі:

 «Бірінші ғашық болған қызым өзге ұлттың өкілі еді...»

- Орыс сыныбында оқыдым. Екі-ақ қазақ болдық, оның бірі бүгінде Төле би ауданы әкімінің орынбасары Жасар Рысбеков. Қалғандары орыс, шешен, неміс, түрік, тағы басқа ұлт өкілдері. 

- Мектепте «бұзық» болдыңыз ба?

- Әке-шешемнің айтуына қарағанда мен балабақшаның өзінен  бірнеше рет қуылыппын. Бұзық болғаным үшін. Ал мектепте ептеп бұзықтығым басылды, мінезім өзгерді. Жалпы, «мектепте момын болдым» деп айта алмаймын. 

- Сүйікті пәніңіз қайсы еді? 

- Тарихқа қызығушылығым алабөтен болатын. Бала кезгі арманым – археология еді. Бірақ, өкінішке қарай ол арманым орындалмады. Металлург болып кеттік. Мен мұғалімдердің отбасында тәрбиелендім. Әкем де, шешем де мұғалім болған. Сол себепті де мектеп дегенді, ұстаздардың еңбегінің қандай екенін жақсы түсіндім. 

- Махаббатыңыз партадан басталып па еді?

- 9-сыныптан бастап сезім пайда бола бастады. Оған дейін махаббаттың не екенін толық түсінбедік. Бірінші ғашық болған қызым өзге ұлттың өкілі еді...

- Қазір сыныптастарыңызбен жолығып тұрасыз ба?

- Өкінішке қарай, сыныптастарымның 95 пайызы өздерінің тарихи отандарына оралды. Немістер Германияға, шешендер Чечняға, орыстар Ресейге кетіп қалды.  

- Ал ұстаздар қауымымен қауышып тұрасыз ба?

- Мектеп бітіргенімізге де 35 жыл өтіпті, ұстаздарымыздың біразы дүниеден өтті. Ауылдағы көршіміз маған сабақ берген, қара шаңыраққа барғанда сәлем беріп, жағдайын сұрап тұрамын. 

Oinet.kz мұрағатынан

Бахадыр Нарымбетов: Жеңілдіксіз жолақы тарифін көтеруге болмайды
Мешітіңіз кімнің атында?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу