Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Халық сайлаған депутат аманатқа адалдық танытып жұмыс істесе билік елдің мұң-мұқтажына мойын бұра бастайды. Депутатқа халықтың қалаулысы деген теңеу бекер таңылған дейсіз бе?! Мұндай мәртебе кез-келгеннің маңдайына жазыла бермейтін бақ қой. Баяғы кеңес заманындағыдай емес, депутаттық бақ сауыншылар мен шопандардың, колхозшылар мен жұмысшылардың басынан пыр-пыр ұшқалы қай заман. Бүгінде қолыңда әжептеуір билігің, қалтаңда қомақты қаржың болмаса мәслихаттың мандатын иелену аспандағы айға ұмтылғанмен бірдей әурешілік. «Бардың малын шашатын, жоқтың артын ашатын...», сценарйиі алдын ала әзірленіп қоятын сайлауларда іскер де жігерлі талай үміткердің сыннан оңбай сүрінгенін, екінші турға да өте алмай, топалаң асқанын көзіміз көріп жүр. Сайлаудан кейін өмір жоқтай жан алып, жан беріскен жанталаспен өтетін науқанда беделді ақсақалдарға шапан жауып, ат мінгізу, ауылдың жолын жөндеп, тасын төсеп беру, өзге де сұраныстарды өтеу сәнге айналғанын еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін біледі. Мұндай шаш-етек шығын шығаруға басы жеткеннің жанның «алмақтың да салмағы» бар екенін білмеуі мүмкін бе?! Бәлкім, депутаттық мандатты иеленген соң талай азаматтың халықтың қалауына емес, жеке басының, жеке қалтасының қалауына қарай жұмыс істейтіні де сондықтан шығар. Тоқетеріне көшейік.
Қайсыбір күні облыстық мәслихаттың сессиясында депутаттар Шымкент қаласындағы «Қайтпас-2» мөлтек ауданында салынып жатқан 320 орындық балабақша құрылысына қатысты дауға қаттырақ шұқшиды. Алдымен даудың мән-жайына қысқаша тоқталып өтейік. Балабақшаның жобалау-сметалық жұмыстарын даярлауға 2009 жылы бюджеттен 3 миллион 240 мың теңге бөлінген. Сол жылы 14 желтоқсанда шығарылған сараптамаға сәйкес құрылыстың құны 423 436 000 теңге болып бекітілген. Былтыр балабақша түсетін 1,2 гектар жерге Шымкент қаласының әкімі А.Жетпісбаевтың қаулысымен тұрақты пайдалануға құқық беретін мемлекеттік акті әзірленген. Сөйтсек... Кейіннен анықталғандай аталған жер телімінің 0,72 гектары бір емес екі азаматтың иелігінде екен. Жалпы, жер саласына жауапты шенеуніктердің бір жерге екі мемлекеттік акті беріп, жұртты бір-бірімен қырқыстырып, соның қызығына қарап отыруы ежелден келе жатқан әдеті ғой. Бірақ басқасы басқа әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік нысанның жеріне келгенде мұндай көрсоқырлыққа баруына сіз не айтасыз?! Сонымен не керек, қалалық әкімдік жер иелерімен келіссөзге жүргізуге мәжбүр болады. Соның нәтижесінде жердің 0,48 гектарының иесі Әл Шами М.Басам Ахмед деген азаматқа 3,3 миллион теңгеге өтемақы төленеді. Ахмад дегеннің қай елдің, қай ұлттың азаматы екенін біле алмадық. Десек те ол қалған 0,24 гектар жердің иесі А.Тоқтыбаеваға қарағанда имандылау екен. Ахмадтың жерінің жартысын құрайтын 0,24 гектарға А.Тоқтыбаева екі есе, яғни 7 миллион теңге сұраған.
Соныменен мәслихат сессиясында осы мәселені қызу талқылаған депутаттар мінбеге шығып баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Болатбек Әлиевті әжептеуір қыспаққа алғандарымен даудың туындауына негізгі себепкер Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев пен оның қол астындағы жер мен құрылыс саласына жауапты құзырлы мекемелердің басшыларынан кемшіліктің неге кеткенін сұрамағандарын түсінбедік. Мәслихат сессиясынан кейін мәселенің мән-жайын облыс әкімінің орынбасары Болатбек Әлиевтен біз де сұрағанбыз. «Депутаттардың пікірін, көзқарасын сыйлаймын. Дегенмен мемлекеттің мүддесін қорғауды әркезде бірінші кезекке қойып, келіспеушілікті заң аясында әділеттілікпен шешуге табандылық танытқанымыз жөн. Заңдық тұрғыдан қалай дұрыс болса, солай шешім қабылдануына күш саламын. Мұндайда жеке адамдардың жетегіне еріп халықтың маңдай тері, табан ақысынан құралатын бюджеттің қаржысын желге шашуға болмайды» деп қысқа қайырды ол.
Депутаттардың мінберге шыққан шенеунікке мінез көрсетіп қоюына талай мәрте куә болып жүрген біз алғашқыда бұған оншалықты мән бере қоймағанымыз рас. Бірақ осы мәселеге журналистік зерттеу жүргізу барысында біраз жайтты анықтап, таңданысымыздан басымызды шайқап қалдық. Дәлірегін айтар болсақ, журналистік қызығушылығымызды оятқан «Балабақша құрылысы түсетін жердің иесі А.Тоқтыбаева деген азаматша мәслихатта отырған бір депутаттың әйелі екен» деген ақпарат еді. Әрине ел арасындағы сыпсың әңгіменің не жел сөз екені, не жөн сөз екені анықтауды қажет ететіндіктен біз жан-жаққа сұрау салып, ақыры жіптің ұшын таптық. Журналистік зерттеу жүргізу барысында балабақша түсетін 0,24 гектар жердің иесі Токтыбаева Ақмарал Сеилбековна Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы Қарасу көшесі 23 үйге тіркелген болып шықты. Дәл осы мекен-жайға облыстық мәслихатқа Ордабасы ауданынан сайланған депутат Омаров Ержан Кембілханұлының тіркелгенін көріп «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынына» тағы бір мәрте көз жеткіздік. Ендеше мәслихат сессиясында осы мәселе көтерілген кезде даулы әңгіменің кім жөнінде екенін депутат Ержан Омаровтың әріптестері білмеді дегенге сіз сенесіз бе? Сізді қайдам, біз... Көңілді алаңдатқан сауалға әбден көз жеткізіп алу үшін даулы мәселенің мәнісін депутат Ержан Омаровтың өз аузынан сұрап білгенді жөн санап, оның ұялы телефонына қоңыраулатқанбыз. Халық қалаулысы Ақмарал Тоқтыбаеваның өзінің жұбайы екенін жоққа шығарған жоқ.
--Қалалық әкімдік ешқандай келісім жүргізіп жатқан жоқ. Не ұсынып жатқан жерлері жоқ, не ақшасы жоқ. Үндемейді,--деді ол.
--Сіздер 7 миллион теңге өтемақы сұраған екенсіздер. Қалалық әкімдіктегілерден сұрап білгеніміз бұл өтемақы нарықтық бағаға сәйкес келмегендіктен мәселені сот арқылы шешпекші.
--Сотқа беремін десе, берсін. Бірақ ешқандай жұмыстың жүріп жатпағаны рас.
--Ал, сіздің жер туралы ойыңыз қалай?
--Ол жағы жұбайымның жеке шаруасы ғой. Менің қатысым жоқ. Жұбайымның өзі ойы, өз пікірі бар.
--Дегенмен сіздер заңды некеде, бірге тұратын шығарсыздар?
--Иә.
--Өткенде осы мәселені қараған облыстық мәслихаттың сессиясына сіз қатысқан ба едіңіз?
--Иә, қатысқанмын.
--Ал, депутаттар жердің иесі сіздің жұбайыңыз екенін білетін бе еді?
--Сіз сұрақ қойып тергеп жатырсыз ба, мен түсінбедім. Менің қасымда адамдар бар еді...
Депутат Ержан Омаровпен екеуара әңгімеміз осы тұстан үзілді. Дұрысы ол ұялы телефон арқылы байланысты бірден шорт үзіп тастады. Мәслихат сессиясында депутаттардың бір мәселеге шұқшиып, тосын мінез көрсетуіне бұрын ішіміз жылып қалушы еді. Қазір әр даурығудың, қызылкеңірдек болып айтысудың артында кімнің мүддесі жатыр деген күдік-күмән алдымен қылаң беретін дәрежеге жеттік. Әрине, депутаттың әйелінің де өзіне тиімді мүддені қорғауға құқысы бар. Алайда соңғы кездері облыстық мәслихаттың депутаттары өздерінің жеке бастарына тікелей қатысы бар даулардың отын тұтатуды тым жиілетіп жіберді. Әр депутат ар-ұятты ұмытып көрпені өзіне қарай көбірек тартуға ұмтыла берсе сонда қарапайым сайлаушылардың арман-тілегін кім айтады? Сайлаушылардан дауыс жинап жанталасқанда олар осындай уәде беріп пе еді? Біреуінің әйелінің, біреуінің өзі басқаратын мекемесінің мәселесі оңынан шешіліп жатқанымен дауыс берген халықтың қаншама ортақ жанайқайы жар басындағы жаңғырық күйі тұр. «Сенгенім сен болсаң...» деген осы да. Депутаттар әр аудан, қаладан сайланып елдің аманатын арқалағанымен сол жақта шешімін таппаған өте өзекті мәселелер аз болмаса да көбісінің облыс орталығы Шымкенттегі шаруаларға байланысты шу көтеретінін жеке мүдденің жетегінде кету демей не дейміз? Әрине әркезде осылай жеке бастарын ойлайды деп көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дей тұрсақ та депуттардың арасында, шу шыққан мәселелердің ішінде жеке мүдденің қылаң беріп жүргені ауыр да болса мойындалуы тиіс ащы ақиқат. Егер «халықтың көзі тілі һәм құлағы-баспасөздің» өкілдері қатысатын сессияның өзінде депутаттар өзінің мүддесін көздеп, бір-бірінің шашбауын көтеріп жатса, оның арғы жағында не болып жатқанын кім білсін?! Сіз сайлаған депутаттың сықпыты, деңгейі осыдан аса алмай жатса не айтасыз?
P.S: Шымкент қаласы «Пахтакор» елді мекеніндегі медициналық жедел жәрдем көрсету стансасының құрылысы да былтырдан бері тығырыққа тіреліп тұр. Құрылыс жекеменшікке өтіп кеткен жер теліміне жоспарланған екен. Бүгінде жедел-жәрдем стансасын аталған елді мекеннің өзге жерінен салу туралы шешім қабылданған. Жобалауға кеткен миллиондаған теңге желге ұшты. Жер кодексіне сәйкес мемлекеттік қажеттілік болған кезде жерді жекменшіктен мәжбүрлеп алып қоюдың тетігі болса да, қалалық әкімдік жедел жәрдем салынуы тиіс жерді қайтаруға оншалықты құлық байқатпапты. Кім біледі, бәлкім оның артында да әлдебіреулердің мүддесі бар шығар.
Oinet.kz мұрағатынан