Шардаралықтарды миф жобалар шаршатып бітті

Oinet.kz 12-08-2010 1018

Screenshot_3.jpg

  Дана халық «Баланың ісі шала» деген сөзді тектен текке айтқан дейсіз бе?! Дәл осы сөзді Шардара ауданының әкімі Марғұлан Марайымға қатысты қолдансақ, мұнымен базбіреулер келісе қоймас, сірә. Биыл үш мүшел жасқа толған дап-дардай азамат, оның үстіне  отызында орда бұзып, білдей ауданның тізгінін ұстаған әкімнің дәрежесін бала деп, тым төмендетіп жібердіңіз дейтін шығарсыз. Иә, мұныңызбен келісуге болады.  Бірақ, Марғұлан Марайымның әкімдердің командасындағы ең жасы, тәжірибесінің аздығы рас қой. Ол соңғы жылдары Шардара ауданын басқарғалы  дұрыс тірліктің көзін таппай «көтере алмас шоқпарды беліне байлап жүргені» бүгінде көпшілікке жасырын болмай қалды. Егер естеріңізде болса «Рейтинг» газетінің өткен нөмірлерінде біз: «Айтпаса сөздің атасы өледі». Шардараға әкім тағайындау ісінде жоғары лаузымды жас кадрлардың тәжірибесін шыңдау туралы Елбасы тапсырмасы да ұмыт қалғанын несіне жасырайық. Президенттің сөзімен айтсақ, ел басқару ісінде ұзақ жылдар тапжылмай істеп келе жатқан тәжірибелі мамандар бұл жолы да сырылып, далада қалып қойды. Есесіне атқарушы биліктің тізгіні тұрмақ, баспалдағына табаны тимеген Марғұлан Марайым жоғарыда жасақталатын «командалық жүйенің» сарбазы болып шыға келді» деп жазған едік. Өткен аптада сол Марғұлан  Марайым биылдың жартыжылдығы бойынша атқарған жұмысы жөнінде облыс әкімдігінде есеп берді. Марайымның әкімдік  бітім-болмысының, қарым-қабілетінің қандай екені осы жиын барысында шынайы аңғарылды. Мәжіліс барысында аталған аудандағы кем-кетіктерді тізіп берген облыс әкімі орынасарлары мен тиісті басқарма басшыларының  баяндамасынан кейін облыс әкімі Асқар Мырзахметов:

- Айтылып отырған мәліметтердің бәрін ешкім жоққа шығармайды. Ешқандай бояусыз, ауданның жағдайын айтып отыр ғой», -деп өз бағасын берді. 

Әкім  М.Марайымның тек таң қалдырумен емес, жүзеге аспайтын миф жобалармен де елдің үмітін үкілеп, тағатын тауысып келе жатқанын білеміз. Шіркін-ай, егер кезінде сол жобалар жүзеге асқан болса, Шалғайдағы Шардара теңізінің жағалауына қарақұрым туристтер қаптап, мақта мен мал өнімдерін өңдейтін,  өсімдік майын, спирт, сабын, жіп шығаратын кәсіпорындардың түтіні будақтап тұрар-еді-ау. Бұрын-соңды аудан түгілі облыста болып көрмеген қант зауытын салу туралы жобаның өзі неге тұрады? Кезінде талай адамның ындынын құртқан сол жоба жүзеге асса ала жаздай қызылша екен шаруа пайдаға қарық қылып, бюджеттің бүйірінен ақ май ағып тұрар ма еді?! Өзінің осындай арман-қиялардарын талай  елге көрсетіп, талай аузы дуалы қарияларды «әп-бәрекелді» дегізген М.Марайым миф жобаларды жүзеге асыру түгілі қарапайым мәселелерді шешеуге қауқары жетпейтін болып шықты.

 Турасына көшсек Шардараның бүгінгі ахуалы көңіл көшітерлік емес.  Ауданда 7 мың гектар жер игерусіз жатыр. Кезінде үлкен аграрлы өңір, «ақ алтыннан» мол өнім алудан рекорд жасап келе жатқан ауданда биыл мақта саласына бөлінген субсидия игерусіз қалған. Тамшылатып суару әдісіне деп берілген тапсырманың 48 пайызы орындалмаған. Шалғайдағы ауылдардың санитарлық тазалығы, сапалы ауыз сумен қаматамасыз етілуі сын көтермейді. Ауылдық жерлерде күл-қоқыс тастайтын орындар жоқтың қасы. Соның нәтижесі болар кейінгі жылдары Шардарада жұқпалы дерттер бас көтере бастаған. Атап айтсақ, жедел жұқпалы ішек аурымен науқастанғандар 2,7 есеге, малдан жұғатын бурцелез 24,4 пайызға көбейген.  

Әлеуметтік салада да ақсап жатқан тұстар көп. Былтыр  жаңадан ашылған  218 жұмыс орнына аудандық жұмыспен қамту бөлімі арқылы бір де бір адам тартылмаған. Ол деген сөз Шардарада жұмыссыздардың санын есепке алып, жұмыспен қамту жағы мүлде ұмыт қалған деген сөз. Ауданда шикізат қоры мол болғанымен өнеркәсіп өркен жаймай тұр.  Басқасы басқа мақта-тоқыма саласына бір жаңалық енгізуге болады ғой. Өкінішке қарай, әзірге бәрі арман. Кезінде Шардараның ауыз су жүйесін жаңартуға бөлінген миллиардттаған теңгелердің қызығын халық әлі күнге көре алмай келеді. Қыруар қаржының не Қызылқұмның құмына сіңіп кеткені, не Шардара теңізіне батып кеткені белгісіз.  Ауыз суға келгенде халықтан түсіп жатқан арыз-шағым да көп. 26 елді мекеннің 12-сінде орталықтандырылған құбыр суы болғанымен тұрғындарға су тәулігіне бар-жоғы 6-8 сағат қана беріледі. 

Марайымның миф жобалармен аты шыққан әкім екенін жоғарыда атап өттік. Бірақ Мәкең бұл жобаларын тіпті қағазға түсіруге де құлық танытпапты. Жұрт аузындағы әңгімелерге қарағанда, кезінде  кәсіпкерлікте біршама табысқа жеткен, тіпті осы сала бойынша кандидаттық диссертация қорғаған азамат дені дұрыс бір тәуір жобаға мұрындық бола алмады деген кім сенеді?! Ауданда бес жылдық экономикалық даму көрсеткіші бойынша бар-жоғы  екі жоба ғана қолға алынса, «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша әлі бірде-бір жоба ұсынылмаған. «Әкіміне қарап халқын таны» деген тәмсіл әзірге Шардараға жүрмей тұр. 

Ауданда құрылыс саласы да кенжелеп қалған. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынып жатқан білім ұяларының құрылысы уақытылы пайдалануға берілген жоқ. Қашан берілері де белгісіз. Шардарадағы көпқабатты үйлердің мәселесі де ұмыт қалған. Аудан орталығындағы 72 көпқабатты үйдің жылу жүйесі көп жылдардан бері қараусыз жатыр. Мәжілісте облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы Сұлтанбек  Сүгірбаевтің:

--Шардара өмір бойы құрылысшылардың қаласы болған. Бұл салада істеліп жатқан жұмыстар өте төмен. Аудан әкімінің осы салаға жауапты орынбасары, құрылыс бөлімінің бастығы өз міндетін тиісті деңгейде атқара алмай отыр.   «Айдағаның бес ешкі...» демекші, төрт нысанды қадағалауға болады ғой, --деді. Облыстан келген қонақтарға құрылыс жүріп жатқан нысандарды аралатып, кішігірім кәсіпкерлік нысандардың лентасын қидырудан шаршамайтын М.Марайым құрылысы біткен, нақты көрсеткішке келгенде тағы да төмен қарады.  

Қысқасы аудан, қалалардың рейтингісі бойынша 14 орынға тұрақтаған ауданның мол мүмкіндігі пайдаланылмай жатыр. Құрғақ қиялдарға негізделген миф жобаларға, алдаусыратқанға енді ешкім де сене қоймас-ау.  

--Кеткен кемшіліктің бәрі де жауапкершіліктің жоқтығынан, жұмыс деңгейінің төмендігінен. Шардара ауданы әкімдігінің рейтинг бойынша 14 орынға тұрақтап, соншалықты құлдырығаны айқын дәлелдермен айтылды. Жалпы, бізде кадрларды тәрбиелеп отыратын уақыт жоқ. Бүгінгі сын-ескертпелер мен ұсыныстардан хаттама түзу керек. Одан қорытынды шығаратын боламыз,--деді Шардара ауданының әкімі Марайымның есеп беруін қорытындылаған облыс әкімі.

Шардара кезінде атақ-даңқы дүркіреген, мақтасымен де, күрішімен де, тайдай тулаған балығымен де аты шыққан аудан.  Аудан тізгінін кезінде іскерлік қарым-қабілетімен көпшліктің көңілінен шыққан танымал азаматтардың ұстағанын білеміз. Солардың арасында шардаралықтар Серікбай Ибадуллаевтың  есімін жиі ауызға алады. Бүгінде облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасын басқаратын аптал азамат артында еске аларлық талай игі істің ұйытқысы болғанына бәріміз де куәміз. 

Сөзді түйіндесек облыс басшысының   «Кадр тәрбиелеп отыруға уақыт жоқ» деген сөзінен кейін М.Марайым да Мақтарал ауданының әкімі Қасымбек Хаметовтың кебін киіп қала ма деген ойдың қылаң беріп тұрғанын жасыруға болмас. Кім біледі? М.Марайымның өзі «Шардараның басқарған 2-3 жыл ішінде артымда жұрт мақтап жүрерлік қандай іс тындырдым» дер ме екен?! Осы есепті әкімдер тек облыс әкіміне, халыққа қана емес, өзінің иман таразысының алдында да бір сәт беріп тұрады ма екен?! 

"Ойнеттің" мұрағатынан, 2010 ж

Оңтүстік Қазақстанда кадрлар ауысып жатыр, ауысып жатыр
Қонаевтың қолын алуға қорқатын заман да болған...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу