БОЛАТ Жылқышиев, сенатор; «МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР БӘРІНЕ ШЫДАУЫ КЕРЕК»

Oinet.kz 06-05-2010 1004

Screenshot_16.png

-Болат Әбжапарұлы, әңгімемізді кадр мәселесінен бастасақ. Соңғы  төрт жылда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі үш рет ауысыпты.  Шымкент қаласының әкімі де  осы мезгілде үш рет ауысып үлгерді. Энергетика және коммуналды шаруашылық, құрылыс сияқты өзге де бірқатар облыстық басқармаларда 4-5 мәртеден басшылық жаңарып жатыр.  Облыс басшылары  ауысқан соң осылайша оның командасы да жаппай ауыс-түйістен көз ашпауда. Бүгінде ел аузынан «кадрде қадір қалды ма?»дейтін сауалды жиі естиміз. Сіздің көзқарасыңыз.

-Көзқарасымды бүкпесіз айтсам былай.  Қазір еліміздің экономикасы тұрақталып, бәрі қалпына келіп жатыр. Қаржы бар. Сондықтан кадрлардың да тұрақты болғаны дұрыс. Тұрақтылық бар жерде даму болады. Ол рас, облыс басшысы ауысқаннан кейін басқарма-департаменттердің де бастықтары ауысып, топалаң болып жатады. Бірақ бұл мәселе экономикамыздың алға жылжуына алып келмейді. Облыс әкімі басқарма  бастығын ауыстырса, ол орынбасарларын ауыстырады, орынбасары бөлім бастықтарын ауыстырады. Демократиясы дамыған шетел мемлекеттерінде министр ауысса да сол саланы қадағалайтын стат-хатшы, сол министрліктің қызметкерлері жұмыс істей береді. Үкімет, министр ауысқан кезде саясат өзгереді. Келген басшы жұмысының негізгі бағытын айтады, командасы сол бойынша жұмыс істейді. Бізде де сондай болуы керек. Облысымызда көптеген тәжірибелі мамандар бар, бірақ өкінішке қарай соларды пайдалану жағы кемшін түсіп жатыр. Кадр мәселесі ойыншық емес. Бір жылда бес бастық ауысқан мекемеде қандай береке болады?! Бір бастықтың бастаған жұмысын екінші бастық аяқсыз қалдырып, жоққа шығаратыны айдан анық. Басқа жобаларды енгізгісі келеді, оны енгізіп жатқан кезде үшінші бастық келеді. Ол өзінің саясатын жүргізеді. Әрине, әр басшының бойында әр түрлі кемшіліктер болады. Бірақ та оларды тәрбиелеу керек. Аспаннан екі аяғы салбырап, дайын түскен кадр жоқ. Өз басым облыс әкімі болғанша қызметтің барлық баспалдақтарынан өттім. Кірпіш зауытында ұста болып жұмыс істедім. Одан кейін трестке ауысып, қатардағы инженер, бас инженер, бас механик, партия органдарында, атқару комитетінде төрағаның орынбасары, ауданның әкімі, одан қала әкімінің орынбасары, облыс әкімінің орынбасары,  қаланың әкімі, сосын барып қана облыс әкімі болдым. Жақында Елбасымыз да үлкен қызметке қойылатын бастықтар барлық баспалдақтан өтуі керектігін атап айтты. «Жас мамандарды тәжірибе жинақтау үшін аймақтарға жұмысқа жіберу керек» деді.

Қазіргі облыс әкімі қол астындағы басшыларды жиі ауыстыратыны кім біледі енді, бәлкім ойынан шықпай жатқан шығар. Бәлкім жергілікті кадрларды жақсы білмейтін шығар. Бірақ бір адамға сенім білдіргеннен кейін шыдамдылық жасап, ол азаматқа жұмыс істеуге мүмкіндік беруі керек. Басқарма бастықтарын қойғанда тәжірибесі бар, бұрын аудан басқарған, аудан әкімінің орынбасары болған, әйтеуір қызметте әбден ысылған адамдарды қоюы керек. Кейбір кездері тәжірибесі жоқ азаматтарды үлкен қызметке қояды да оның жұмысына көңілі толмай, ауыс-түйіс болып жатады.

-Жергілікті кадрларға сенбей, қазіргі әкімдер командалық әдіспен жұмыс істейтін болды ғой...

-Негізі басқарма басшылары әкімшілік қызметкерлері саналады. Саяси қызметкерлерге жатпайды. Ауыс-түйіске негізінен саяси қызметкерлер түсуі тиіс. Саяси қызметкерлерге ауыл әкімінен бастап аудан, қала әкімі, облыс әкімдері жатады. Жалпы әкім ауысып, өз командасын әкелгені менің ойымша дұрыс емес. Бұл әдіс сыбайлыстық пен жемқорлыққа жол береді. Ол неғып өз адамдарын әкеледі? Яғни, жергілікті кадрларға сенбейді. Сенбегені, бір тірліктерге байланысты бөтен ойлары бар болғаны да... «Командалық әдісті қойыңдар» деп Елбасымыз да ескертті. Әкім қай жақтан келсе де негізінен жергілікті кадрларға сенім білдіруі керек. Бұл облыстың жағдайы бұрын да осылай болған, қазір де солай... Сырттан келген кадрлардың опырып жұмыс істеп жатқанын көргенім жоқ. Қазіргі облыс әкімінің жұмыс істеп жатқанына бір жылдан асты ғой. Осы уақыт ішінде кімнің кім екенін танып, алдағы уақытта кадрлар да тұрақтылық болатын шығар деп ойлаймын. Маған облыс әкімі кезімде жеңіл болғаны мен өзім осы жерде, осылардың арасында өстім ғой. Өз қызметтестеріммен бірге қатар жұмыс істедім. Кейін билікке келген кезде сырттан кімді іздеймін, кімді әкелемін?! Жергілікті кадрларды қызметке қойдым. Менімен бірге командамда болған Светлана Бурлаченко да жұмыссыз қалды. Ол да талай жыл салық комитетінде жұмыс істеп, көп тәжірибе жинақтаған маман. Бірақ сол тәжірибелі мамандардың бірқатары бүгінде жұмыссыз отыр. Ғалым Жұмжаев екі ауданды, одан Шымкент қаласын басқарған, көпті көрген маман. Төрт жыл болды, жұмыссыз жүр. Біздің облыста мұндай тәжірибелі мамандар көп емес қой, қайта мұндай мамандар жетіспейді...  Ал, олардың орнына сырттан мамандар келіп, бір-екі жыл жұмыс істеп кетіп қалып жатыр. Олардың аты-жөндерін қазір ешкім білмейді де...

«600 миллион теңгеге салынған Қонаев даңғылын 800 милиион теңгеге қайта жөндеудің қажеті бар ма еді?...» 

-Кешегі ел басқару мен бүгінгі ел басқарудың арасы жер мен көктей болып тұр. Кешегінің әкімдері тірлік істейін десе ақша таппайтын, қазір ақша жұмсалмай жатыр. Іскерлікті ақшаны жұмсағанына қарай емес, ақшаны тапқанына қарай бағалау керек қой. Бюджет қаржысының басым бөлігі трансферт.

-Қазақстанда бес-ақ облыс дотациясыз отыр. Егер трансферттерді есепке алмайтын болсақ, көп облыстар өзін-өзі асырауға шамасы келеді. Мен бұл мәселе жөнінде Үкіметке сұрақ қойғанмын. Қазір облыстарға берілетін трансферттердің көлемі 50 пайыздан асып кетті. Және жылдан-жылға көбейіп келеді. Ол ақшаны республикадан бергенше корпоративтік табыс салығының 50 пайызын облыстарға беру керек. Бұл әкімдердің салық  жинауға деген қызығушылығын туғызады. Өндіріс ашу үшін, жұмыс орнын ашу үшін салықтың жартысын өздеріне қалдыру қажет. Қайта облыс өз бюджетін көбейтеді. Қазір бірде-бір облыс басшысының салық жинауға деген қызығушылығы жоқ. Қызығып қайтеді, қаржыны жоғарыдан трансфертпен  бере салады. Ешқандай әкім ақшаны қалтасынан шығарып, жұмсап жатқан жоқ. Жалпы қаржы бөлу республикамыздың жағдайына байланысты. 2000-2003 жылдары қаржы тек жалақыға кетіп тұрды. Азғантай мөлшерде ғана жөндеу жұмыстарына бөлдік. 2004 жылдан бастап мектептер салуға, жөндеуге қаржы бөлінді. Сол жылы біздің облыста 7 мектепке қаржы бөлінсе, келесі жылы 13 мектеп, сөйтіп-сөйтіп көбейе берді. Елбасымыздың дұрыс саясатының арқасында экономикамыз көтерілді. Дұрыс реформаның арқасында бүгінде облыстарға да қаржы жақсы бөліне бастады. Бірақ сол ақшаларды жергілікті басшылар дұрыс пайдаланып жатқан жоқ. Қаржы нағыз керек жаққа бөлінбейді. Мен облыс әкімі болған кезде Шымкент қаласына көп қаржы берген жоқпын.Негізінен аудандарға бердім. Аудан экономикасы көтерілсін дедік. Бәйдібек, Шардара, Отырар аудандарына арнайы бағдарлама жасадық. Отырарда Қуаныш Айтаханов әкім болған кезде 2 миллиард теңге бөлініп, көптеген тірліктер жасалды. Қаншама ауылға ауыз су құбырлары тартылып, бірқатар мектептерге жөндеу жұмыстары жүрді. Енді қазіргі басшылар мені дұрыс түсінсін. Кейінгі жылдары қаржыны жұмсауда көзбояушылықтар орын алуда. Шымкент қаласындағы Қонаев көшесі екі мәрте жөнделді. Біз Қонаев даңғылын 2004 жылы іске қосқанбыз. Сол Қонаев даңғылын 3 жылдан кейін қайтадан жөндеді ғой. Даңғылдың бұрынғы бордюрлары өте сапалы, қымбат еді. Оның бәрін алып тастады. Даңғылдың жөндеуіне 800 миллион теңге қаржы кетіпті. Мұның бәрі көзбояушылық... «Міне, біз жұмыс істеп жатырмыз, бәрін қатырдық» дейді. Негізі ақша бөлуді бір адам шешпеу керек. Мұндай мәселені көпшілікпен, мәслихатпен ақылдасып шешуі керек. Әкімдер одан да қай ауданның экономикасы нашар, қай аудан қаржыға қатты зәру, соны анықтап, ақшаны сол жаққа бөлуі керек емес пе?!. 2004 жылы 600 миллионға іске қосылды, 2008 жылы 800 миллионға қайта жөнделді, сонда бұдан кім ұтты, кім ұтылды?!. Шымкенттегі Спорт сарайының басында да осындай жағдай. 2004 жылы іске қосылды, 840 миллион теңге жұмсалды. Қайтадан жөндеуге миллиардқа жуық ақша кетті. Спорт сарайына мұз салу үшін бөлек істеуге де болатын еді. Қайта сол ақшаға 3 мектеп салуға болар еді. Қазір бала-бақшалар жетпей жатыр. Мен ойлаймын, ақшаны бөлуде мәслихаттардың рөлі өте жоғары болуы керек.

Шақырған Абдуллаев, қызметке қойған Сапарбаев

    -Кезінде Сіз облыс әкімі Қалық Абдуллаевпен бір командада түсінісіп жұмыс істей алмады дегенді жұрт айтады. Қаншалықты жөн сөз, қаншалықты жел сөз?

-Бұл жерде Абдуллаевқа өкпелейтін ештеңе жоқ. Жалпы алғанда мемлекеттік қызметте жүріп өкпелеуге болмайды. Сатып алған қызмет жоқ. Қазір ол кісімен жақсы араласып тұрамыз. Кезінде қызметке ол кісінің өзі шақырды. Ол кезде Тараз қаласының әкімі едім, Жамбыл облысының әкімі Амалбек Тшан қызметінен босап, облыста команда ауысып жатқан болатын. Осы тұста облыс әкімі Абдуллаев өзіне орынбасар болуды ұсынды. Кейін бірінші орынбасар немесе Шымкент қаласына әкім етпекші болды. Абдуллаев маған үлкен сеніммен қарады. Тапсырмалар берді. Бірақ әр әкімнің жұмыс істеу стилі басқаша. Өз принциптері болады. Кейін облыс әкімінің бірінші орынбасарлығына Самофалов тағайындалды да, ол екеуімізге жауапкершігі жүктелген сала бір болды. Бәлкім Абдуллаевты әуел бастағы пікірінен әрнтүрлі әңгіме таситындардың сөзі өзгертті ме кім білсін...Қысқасы мен өз өтінішіммен басқарма бастығы қызметіне ат ауыстырдым.  Ол кездері қызметтен босаған бастыққа жұмыс тауып беретін. . Қазір жұмыстан босаған соң далада қалады. Сөйтіп жүргенде облыста басшылар ауысып, Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев әкім болып келді. Келе салып мені шақырып алды. Таразда істеген еңбектерімді біледі екен. Ол кісі шыны керек, кадр мәселесіне қатаң қарады. Мені Кентауға әкім етіп жіберді. «Кентауға барып өзіңді жақсы жағыңнан көрсет, Кентауды көтер, маған бұл қала қиын болып тұр, егер іскерлігіңді танытып жатсаң Шымкент қаласына әкім етіп әкелемін» деп уәде берді. Кентауда 1 жыл 3 ай жұмыс істедім. «Ащыполиметалл» зауытын жүргіздік. Қаладағы ереуілшілермен тіл табыстық. Қаланы көріктендіріп, саябақтарды жөндедік. Сенімді ақтаған соң сөзінде тұрып Бердібек Мәшбекұлы мені Шымкент қаласын басқаруға  шақырды. Ол кезде Шымкентте де жағдай қиын еді. Қазіргідей миллиардтаған ақша жоқ. Мектеп салу, жол жөндеу деген жоқ. Газ, жарық мәселесі тіптен қиын еді. Әйтеуір, бәрін шештік. Еңбегімнің жанғанына, Елбасының бағалағанына тәубе деймін. Алла пешенемізге жазған екен, облыс әкімі болдық. Жалпы мен өмірде өзіме басшы болған адамдарға қатты ризамын, мен олардан көп тәжірибе алдым. Мемлекеттік қызметкер бәріне шыдауы керек. Бәленің бәрі жеке адамдардың өкпелерінен шығады. «Қызметтен түсіп қалдым» деп өкпелеудің қажеті жоқ, қайта еңбегімен өз ісінің дұрыс екенін дәлелдеуі керек.

-Қызметтен кеткеннен кейін оппозицияға қосыла кететіндер де кездеседі.  

-Мені оппозиция шақырмайды, өзім де бармаймын. Олардың маған деген көзқарасы басқа. Қызметінен кеткеннен кейін оппозицияны өзі іздеп тауып, бір күнде өзгеріп жататын саясаткерлер бар. Мен Елбасының командасындамын. Елбасының тәрбиесін алып келе жатырмын. Әлі де ала беремін. Мен сол кісіге берілген адаммын. Мейлінше елге сол кісінің саясатын настхаттаймын. Саяси ойын ойнау қасиетімде жоқ.

«Мәселе Жылқышиев те емес, мәселе тура сол кезде Жылқышиев әкім болып тұрғанында...»

-Балалардың ВИЧ дертіне жаппай шалдығуы мәселесі... Осы мәселенің түбі ушығып, дүрбелең болып кетеді деп ойлаған жоқсыз ба?

-Шындығы керек, ВИЧ мәселесі маусым айының басында шықты, өзім де жұрт қатары білдім. Маған бұл туралы баяндады, ертеңіне теледидардан беріп жатты. Бірақ аяқ жағы осылай дүрбелең болады деп ойлаған жоқпын. Кейін көп азаматтар «Ойбай, анау денсаулық сақтау басқармасының бастығын дер кезінде қызметтен алу керек еді» деп айтты. Оны қызметтен алдым ба, жоқ па, бәрібір ВИЧ мәселесі қатты дүрбелең болып кетті. Жалпы ВИЧ мәселесінің түбі әлі даулы, жұмбақ. Облыста халық көп, сырттан келіп кететін халық та көп. Дәрігерлердің де кінәсі бар екенін жоққа шығармаймын. Облыс әкімі болғаннан кейін мен моралдық тұрғыда жауап беруім керек, соған байланысты қызметтен кеттім. Мәселе Жылқышиевте емес, мәселе тура сол кезде Жылқышиев әкім болып тұрғанында... Басқа әкім сол тұста қызмет атқарса да осы жағдай болар еді.

-Сіз облыс әкімі қызметінен босағаннан кейін «Қазатомпром» Ұлттық компаниясына басқарма бастығының орынбасары қызметіне бардыңыз.

-«Қазатомпромда» тоғыз ай жұмыс істедім. Менің жұмысым Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында әлеуметтік жобаларды іске асыру болды. Осы жобалар бойынша Созақта балабақша, Отырарда мектеп салынды. Бәйдібек ауданына қаржы бөлінді. «Қазатомпром» мен жергілікті атқарушы биліктің арасында меморандум жасалды. Жалпы уран өндіретін кәсіпорындар осы екі облыстың әлеуметтік жағдайына жақсы көмектесті. Мектеп салып, жол жөндеп берді. Медициналық құрал-жабдықтар тарту етті. -Байқайсыз ба, облыс басшысы мен қала әкімінің арасында үнемі бір тайталас болып жатады. Сіз облыс әкімі болған кезіңізде Өмірзақ Әмет Шымкент қаласының әкімі болды. Ел арасында «Өмірзақ Әмет «жақында облыс әкімі боламын» деп жүр» деген әңгімені еститінбіз...

-Өмірзақ Әметті қалаға әкім болуға өзім шақырдым. Оның алдына қала ішіндегі базарларды көшіру, жолдарды жөндеу мәселесін қойдым. Әмет аз уақыттың ішінде осы жұмыстардың бәрінің жобасын жасап қойды. Өмірзақ Әмет екеуміз кезінде райкомда бір кабинетте отырып жұмыс істегенбіз. Арамызда ешқандай қарама-қайшылық болған жоқ. Бірақ кейбіреулер «Өмірзақ Әмет осылай деп айтып жүр» деген сөзді айтатын. Енді оған ешқандай дәлелім жоқ. Оның үстіне сыпсың сөзді тыңдайтын адам емеспін. Бірақ жұмысын жақсы істеді. Қазір де хабарласып тұрады. Бизнес саласында үлкен жұмыстарды қолға алуда. Мүмкін кезінде біреулер екеуіміздің арамызға от жаққысы келіп, сондай әңгімелерді шығарған болар. Бірақ кей кездері ондай әңгімелерді де түсінемін, қай адам облыс әкімі болғысы келмейді. Облыс әкімінің орынбасарларының бәрі облыс әкімі болғысы келеді. Ол жақсы үміт... «Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес» дейді ғой... Өмірзақ Әмет те облыс әкімі болғысы келген шығар, «боламын» деп бір жерде айтқан да шығар. Одан қорқатын ештеңе жоқ. Бұйырса, бәрі болады.

Балаларымды орысша оқытып едім, енді немерелерімді қазақша оқытқалы  жатырмын

- Парламент әлі қазақ тіліне көше алмай жатқан сияқты?

- Сенатта жұмыс 80 пайыз қазақ тілінде жүреді. Төрағамыз қазақша жүргізеді, депутаттарымыздың көбісі қазақ тілін жақсы меңгерген азаматтар. Қазір өзге ұлттар қазақша сөйлеп жатыр. Балаларымды орысша оқытып едім, енді немерелерімді қазақша оқытқалы жатырмын. Байқап жүрмін, орысша оқығандардың менталитеті басқаша болады. Жетпіс жыл бойы орыстандық, соғыста, тың игеру кезінде қаншама өзге ұлттар көшіп келді. Қазақстанды ұлттар лабораториясы жасады. Содан енді ес жиып, жиырма жылда ана тіліміздің беті бері қарады. Қазір көп азаматтар қазақша білмегенінен ұялады. Небір министрдің орынбасарлары, басқа да жап-жас қазақ жігіттері Парламентке келіп есеп бергенде, «саламатсыздар ма?» дегеннен басқаны білмейді. Солардың кейбірі ұялып, бір жыл, жарты жылдан кейін келгенде, әжептеуір қазақша сөйлеп келеді. Осындай бір жақсы тенденция бар.

-Енді Сенатта өзіңіз басқаратын Комитеттің жұмысы туралы да айта кетсеңіз?

-Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитеті мен Сенатқа барған соң ашылды. Өте жауапты комитет. Ауылшаруашылығы және экология министрліктерімен, сондай-ақ жер ресурстары агенттігімен бірлесіп жұмыс істейміз. Осы саланың заңдары біз арқылы өтеді. Осыған байланысты ауыл-аймақты жиі аралап, өндірістердің тыныс-тіршілігін көріп  тұрамыз. Жақында суармалы жер мәселесіне байланысты үлкен жиын өткізгелі жатырмыз. Азық-түлігі қауіпсіздігі, ветеренария мәселесіне байланысты заң қабылдадық. Жалпы Сенат заңдарды байыппен саралап, салмақтайтын, таразылайтын киелі шаңырақ.

 «Өткен өмірім туралы кітап жазуды ойлаған емеспін»

-Әкеңіз Әбжапар ақсақал қызметті де, қаламды да қатар алып жүрді ғой. Өзіңіз өткен өміріңіз туралы, қызметтік жолдарыңыз туралы қалам тарту, кітап жазу ойыңызда жоқ па?

-Әкем жазуды негізінен елу жастан асқаннан кейін бастады ғой. Бірақ жас кезінде өлең жазған екен. Әңгіме жазу қабілеті менде емес, ағам Нұрланда бар. Ол өлең жазып, кітап шығарып жүр. Дәл қазір өз басым өткен өмірім туралы жазуды ойлаған емеспін. Қазір көп азаматтар қызметтен кеткеннен кейін кітап жазып, шығарып жатыр. Мен бұл үрдісті қолдамаймын.

- Әбжапар ақсақалдың туған жері  Жамбыл облысы.  Туған жермен байланыстарыңыз қандай?

-Түп-тамырымыз, туған өлкеміз Жамбыл облысымен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Әкем де, шешем де жамбылдық. Әкем Луговой, шешем Байзақ ауданынан. 1954 жылы жоғары партия мектебін бітіріп, Оңтүстікке жолдамамен келген. Осы облыста өмірден озды. Ағайын-туыстың бәрі Жамбылда. Әкемнің туған ауылын Әбжапар деп қойды. Таразда қызмет істеп, көп жолдас-жора таптым, бауыр таптым. Ол азаматтармен әлі күнге араласып тұрамын. Ауылға барып тұрамын. Ағайындар жиналып ауылда мектеп соққанбыз, соған көмектесіп тұрамыз.

-Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, Оралхан ДӘУІТ.

"Рейтинг" газеті №16, 6 мамыр 2010 жыл

 


Кореяда қанша «Айка» жүр?
Гитлердің №1 жауы - Юрий Левитан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу