Генерал Жаманбаев жұмыстан босады...
Генерал Жаманбаев жұмыстан босады...
Бұған себеп жасөспірімдер қылмысы ма, әлде жоғарыдағы үлкен күштер ме?
Мейірхан Жаманбаевтың есімі Оңтүстік жұртына да жақсы таныс. Өткен ғасырдың соңғы жылдарында елімізде Мемлекеттік тергеу комитеті (МТК - «ГСК») құрылып, ерекше қарқынмен жұмысын бастаған кезінде М. Жаманбаев оның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасын басқарды. Жаманбаев есімі әсіресе, ел есінде М. Әуезов атындағы универсиеттің ректоры қызметін атқарған академик Мардан Сапарбаевқа қастандық жасалып, белгісіз біреулер атып кеткен кезде ақпарат құралдарына «міне-міне Сапарбаевты атқан қылмыскердің ізіне түстік, осы бір-екі күнде ұстайтын боламыз» деген аты-шулы мәлімдемесімен қалды. Бірақ академиктің жұмбақ өлімінің құпиясы сол күйі ашылмады. Бәлкім, шынында «ГСК» қылмыскердің соңына түскен болар, әйтпесе үлкен лауазымды қызметте отырған бастық не айтып, не қоярын алдан-ала әбден сараптап алатыны анық қой. Қалай десекте, Сапарбаев өлімінің себебін ашуда істің қатты қарқынмен келіп, бірден кілт тоқтай қалуының өзінде бір құпия жатқаны анық. Кейіннен МТК таратылып, бәрі қаз-қалпына түскен кезде Жаманбаев ҰҚК-нің ОҚО бойынша департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарды. М. Жаманбаевтың бұдан басқа Оңтүстікке тағы қандай қатысы бар? Оның ұлы Шымкент қаласында мектеп бітірген, әке жолын қуып бүгінде облыстық жол полициясында қызмет етеді. «Бай байға, сай сайға құяды» демекші, Жаманбаев Оңтүстікке белгілі азамат, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрдәулет Сәрсеновпен туған құда. Жаманбаев «ГСК»-да бастық болған жылдары Сәрсенов облыста үлкен лауазымды қызметтер атқарды. Бұлардың таныстығы, қоян-қолтық араласуы сол жылдардан басталса керек.
Өткен жылдың соңында Президент Н. Назарбаевпен өткен тікелей желі барысында Тараз қаласынан телефон шалған әйелдің даусы мазасыз естілгені елдің әлі есінен шыға қойған жоқ. Сол жолы тараздық тұрғын бұл қалада жасөспірімдер қылмысының өршіп тұрғанын, әсіресе мектептің жоғарғы сынып оқушылары арасында әлімжеттік жасау, қорқытып ақша жинау оқиғаларының тым көбейіп кеткенін айтқан-ды. Сол-сол-ақ екен, ел арасында «Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Мейірхан Жаманбаев қызметінен кетеді екен» деген әңгіме гулеп қоя берді.
Бірақ, елдің жорамалы бірден орындала қойған жоқ. Еліміздің ішкі істер министрі Серік Баймағамбетов шұғыл сапармен Шымкент және Тараз қалаларына келіп, аталмыш департаменттің жұмысымен танысып, бірнеше мектептерде кездесу өткізгені болмаса, Жамбылда ешқандай ауыс-түйіс жасай қойған жоқ. Осыдан кейін елдің пікірі екіге жарылып, бір жағы шынында Тараздағы жасөспірімдер арасында қалыптасқан қиын ахуалды мойындаса, енді бірі мұның бәрі Жаманбаевтың соңына от алып түсушілердің тірлігі, тіпті тікелей желіге телефон шалған әйелді де солар қолдан ұйымдастырған деп санады. Бірақ содан бергі бес айдың ішінде «генерал қызметтен әні кетіп қалады, міне кетіп қалады» деген әңгіме басыла қоймады. Алайда осы уақыт ішінде генерал М. Жаманбаев Таразда жасөспірімдердің тәртібін шындап қолға алды. Білім ошақтарында жиі-жиі кездесулер ұйымдастырылып, ата-аналармен түсінік жұмыстары кеңінен жүргізілді. Тіпті аулада үш-төрт жасөспірімнің басы қосылып, топтаса қалса, полиция қызметкерлері жетіп келіп, тарқатып жіберетін жағдайлар жиі кездесті.
Әйтсе де «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген, жасөспірімдер қылмысы шынында генерал М. Жаманбаевты шалып жыққандай. Апта басында Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінде кадрлық өзгеріс болып, ҚР ІІМ вице-министрі, полиция генерал-майоры Александр Кулинич жеке құрамға ІІД-нің жаңа басшысын таныстырды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрінің бұйрығымен Жамбыл облысы ІІД бастығы лауазымына бұрын ҚР ІІМ криминалдық полиция Комитеті төрағасының орынбасары болған полиция полковнигі Бекет Иманұлы Аймағамбетов тағайындалды. ІІД бастығын таныстыру рәсіміне қатысқан Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев үш жылда ауқымды іс атқарып, көптеген дұрыс шешімдер қабылдаған Мейірхан Жаманбаевқа алғыс хат табыс етіп, Мейірхан Жаманбаевтың арқасында Жамбыл облысында бес ұйымдасқан қылмыстық топтың әшкереленгенін, олардың жетекшілері қазіргі таңда колонияда не қашып жүргендігін, сонымен қатар, көптеген алға жылжулар болғандығын атап өтті. Бірақ әзірге Жаманбаевқа нақты қызмет берілген жоқ, ол ҚР ІІМ-нің резервіне енгізілетін болды.
Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев ІІД-нің жаңа бастығы Бекет Аймағамбетовке әсіресе, үш бағытқа, атап айтқанда контрабанда, жасөспірімдер қылмысымен күресу және республикалық трассалардағы жол қозғалысы қауіпсіздігіне басты назар аударуын сұрады. Жалпы алғанда 2008 жылмен салыстырғанда өткен жылы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың көрсеткіші 10,1 пайызға немесе 198-ден 178-ге төмендеген. Бұл фактіні облыс әкімінің өзі келтірді. Ендеше Жаманбаевты кетірген жасөспірімдер ме, жоқ, жоғарыдағы үлкен күштер ме? Нақты фактіге сүйенсек, генаралдың жасөспірімдер мәселесінде жерге қарайтындай жағдайы жоқ Әлде бұл шынында бұған дейін бірнеше облыстың ішкі істер саласын басқарып, өз жұмысын жетік меңгерген Мейірхан Жаманбаевтың соңына от алып түсушілердің тірлігі ме? Кім білген...
Оралхан Дәуіт,
Жамбыл облысы