Сардобаның төңірегінде құпия көп
Өзбек билігі бір емес екі елдің халқын тасқынның астында қалдырған Сардоба су қоймасына қатысты біраз шындықты жасырып отыр. Қазір осы жөнінде қоғамдық пікір өршіп барады. Әлеуметтік желіде:
-Бір су қоймасын дұрыстап сала алмадық, сөйте тұра атом станциясының құрылысын жүргізіп жатырмыз,-деген пікірді жиі кездестіруге болады.
Centrasia.org сайты бірқатар сарапшылардың пікірлерін жариялады. Мәселен Лондон университетіндегі ғылыми қызметкер Әлішер Илхамов деген азаматтың жазуынша, осы уақытқа дейін Өзбекстанның ресми органдары Сардобаның құрылысын жүргізген бас мердігер компанияның аты-жөнін жарияламаған. Белгілісі, бас мердігер 400 миллион долларлық тендерді ұтып алған соң, жұмысты субмердігерге табыстай салған. Бұған дейін ақпарат құралдарында су қоймасының құрылысын Өзбекстан темір жолына қарасты "Узтемирйулкурилишмонтаж" деп аталатын кәсіпорынның жүргізгені хабарланған еді. Алайда бұл кәсіпорын бас мердігер ме әлде субмердігер ме, ол жағы белгісіз. Бүгінге дейін Өзбекстан билігі Сардобадағы апатқа қатысты баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берген жоқ. Бұл күдікті күшейте түсті.
Ал фейсбук қолданушысы Фарида Шарифуллина Сардоба су қоймасын салған Сангинов деген азаматтың осы апатты тексеру жөніндегі комиссияның жетекшісі болып тағайындалғанын хабарлап, «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген мәтелді тілге тиек етіпті. Кім біледі? Бірақ президент Шавкат Мирзияев кінәлілердің заң алдында қатаң жазаланатындығын айтқан болатын.
Жоғарыда келтірілген мәліметтердің шындыққа қаншалықты жанасатынын анықтау қиын. Дегенмен өзбек билігінің Сардобаға қатысты көп сырды айтпай отырғаны рас. Бұл тегін бе? Сардоба су қоймасы 2010 жылы басталып, 2017 жылы пайдалануға берілген. 2017 жылы су қоймасының құрылысымен танысқан Шавкат Мирзияев жасанды көлдің айналасында жағажай туризмін, балық шаруашылығын дамыту жөніндегі жобалардың барын жария еткен екен. Ал бөгеттен қытайлық инвесторлардың көмегімен су электр станциясын салу көзделген.
1 мамырда су қоймасының бөгеті бұзылып, апаттан кем дегенде төрт адам қаза тауып, бір адам із-түссіз жоғалып кеткен.