Алматы облысында заңсыз қару тәркіленді
Алматы облысына қарасты Алакөл ауданында учаскелік полиция инспекторы шекара маңын шолу барысында жергілікті тұрғындардан тіркелмеген үш қаруды тәркіледі, деп хабарлайды zakon.kz порталына сілтеме берген Oinet.kz.
- "28 ақпан күні шекара маңында орналасқан "Сары бөктер" таулы аумағын шолу кезінде екі жергілікті тұрғында ішкі істер органдарында тіркелмеген аңшы мылтықтары бар деген ақпарат алдым. Алғашында 48 және 30 жастағы екі тұрғын қаруларын өз еркімен тапсырудан бас тартқанымен, түсіндіру жұмыстарынан кейін мылтықтарын жасырған орындарды көрсетті. Бір тұрғын көрсеткен орын – қораның шатырынан екі қару - 16 калибрлі тегіс ұңғылы және ойық ұңғылы аңшы мылтықтары тәркіленді. Екінші тұрғын атаған орыннан – үйілген шөп ішінен ойық ұңғылы аңшы мылтығы табылды", - деді аудандық учаскелік полиция инспекторы Қуаныш Жақыпбеков.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары тәркіленген қарулардың шығу тегі мен қылмыстарға қатысы барын тексеруде.
Жыл басынан бері Алматы облысының тәртіп сақшылары тіркелмеген 26 қаруды анықтап, тәркілеген. Оның ішінде үшеуі ойық ұңғылы аңшы мылтықтары.