Назарбаев ядролық зымырандарды 20 миллиард долларға сатуды ұсынғандар туралы айтты
Оливер Стоунның "QAZAQ: Алтын адамның тарихы" жобасының үшінші бөлімінде Нұрсұлтан Назарбаев ливиялық революционер Муаммар Каддафидің өкілі Семей полигонының ядролық зымырандарын 20 миллиард долларға сатып алуға қалай келіскенін айтып, алтын салынған ұшақ туралы қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды Oinet.kz сайты Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Үшінші бөлімде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Семейдегі ядролық полигонның жабылуы және елден байытылған уранды шығарудың мән-жайына тоқталды.
- "Маған Маргарет Тэтчер, Джеймс Бейкер, Йошка Фишер мырза (Францияның бұрынғы сыртқы істер министрі) келе бастады. Бәрі келіп, зымырандарға не болғанын сұрады. Мен "Тоқтаңдар" дедім. Бәрі қызығушылық танытты. (...) Қасым-Жомарт Тоқаев ол кезде сыртқы істер министрі еді. Ол маған бірқатар ислам мемлекетінен хат келгенін, онда Қазақстан ядролық қаруы бар жалғыз ислам мемлекеті екенін, "оны сақтап қалыңдар" деп жазылғанын айтты. Маған Ясир Арафат (Палестина ұлттық әкімшілігінің бұрынғы төрағасы - еск.) қонаққа келді. Оны біздің достарымыз жібергенін айтты, жағдайды білу үшін оны Муаммар Каддафи жіберіпті", - деді Назарбаев.
Елбасының айтуынша, ол кезде оның зымырандарды сату туралы ойы болмаған.
"Мен оларды ұстау өте қымбат екенін, Қазақстан оны көтере алмайтынын айттым.
- "Сізге қанша ақша керек?". Мен ол кезде ақшаның мөлшерін түсінбедім, әсіресе долларда. Ойдан шығардым да, "20 миллиард" дедім. "Бұл әзіліңіз шығар" деудің орнына ол "Мен жеткіземін, сізде сонша ақша болады" деді", - деп еске алды Назарбаев Арафатпен әңгімесін.
Стоун бұл ақша Қазақстанға жеткізілді ме деп сұрағанда, Назарбаев оған "жоқ" деп жауап берді, зымырандарды сатуға келіспейтінін айтты.
Сондай-ақ, Стоун Қазақстанға алтын салынған ұшақтар ұшып келгені туралы қауесетке түсініктеме беруді өтінді:
"- Алтын салынған ұшақ келгенін немесе сол сияқты қауесет естіп едім.
- Бұл - фильм.
- Демек, бәрі өтірік қой?
- Иә".
- "Қазақстан аумағында үш ядролық зымыран дивизиясы болды. 104 зымыран, әрқайсысында 10 оқтұмсықтан бар. Бұл SS-18 зымыраны, Америкада оны "Шайтан" деп атайды. Неліктен біздің аумақты таңдағандарын сұрадым. Сөйтсе, ғарышқа шығу үшін бұл ең ыңғайлы траектория екен (...) Ұшу кезінде жердің дөңестігі ескеріледі. Біздің зымырандар Вашингтонға 28 минут ішінде ұшып баратын. Егер мұнда зымырандар тобы болса, қарсылас жақ та нысанаға алады. Қалай болғанда да, Қазақстан жойылатын еді", - деді Назарбаев.