Тоқаев әлеуметтік желілердің жұмысын қалпына келтіруді тапсырды
Жұмыс сапарымен Германияда жүрген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның интернет желісіндегі ақауды жөндеуге тапсырма берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме берген Oinet.kz.
Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында мәлім етті.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхенде (Германия) жұмыс сапарымен жүргенде Қазақстанның интернет желісіндегі ақау жайында хабардар болды.
Мемлекет басшысы барлық ақпараттық ресурстардың жұмысын қалпына келтіруді тапсырды", – деп жазды Берік Уәли.
Айта кетейік, Қазақстан тұрғындары жаппай Google-дың барлық қызметтерінің, сондай-ақ YouTube видеохостингі мен Telegram мессенджерінің, Twitch платформасы мен Instagram әлеуметтік желісінің қызметтері дұрыс істемей жатқанын айтып, шағымдануда.
Бұған дейін мемлекет басшысының қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының панельдік сессиясында "Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме" тақырыбында сөз сөйлегенін хабарлағанбыз.
Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияның жаһандық геосаясаттағы рөлі арта түсетінін мәлімдеді.