Қордайдағы қақтығыс: шығын көлемі қанша?
Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиға кезінде 36 тұрғын үй, 11 коммерциялық нысан, 44 автокөлік өртеніп, 40-қа жуық үйдің терезелері қираған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Кешелі бері ауылдардың ішін тазарту жұмыстарына 30 техника, 125 адам жұмылдырылды. Жергілікті тұрғындармен кездесу шаралары ұйымдастырылып, Үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Сағат сайын оқиға орнынан тілшілеріміз ақпар таратуда.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
– Қазір келген шығын көлемі есептеліп жатыр. Масанчи, Ауқатты, Бұлар батыр сияқты бірнеше ауылда 150-ге жуық нысан зақымданған. Бұл өзі оңай шаруа емес көрінеді. Арнайы құрылған комиссия бірнеше топқа бөлініп, әрбір бүлінген, өртенген мүліктің қожайынын тауып, құжаттарын тексеріп, есептеліп, тізіміге енгізіледі екен. Қазір бірақатар көшеде қоқыс, қалдықтардан тазарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Сонымен қатар тұрғындармен кездесу, көмек көрсету шараларына басымдық беріліп отыр. Бұл жұмыстарға Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыстық қоғамдық кеңес, ардагерлер, қоғам белсенділері де ат салысып жатыр. Кешелі бері оқиға болған ауылдарда 2 мыңнан астам тұрғынмен кездесу өткізіліп пікір, ұсыныстары тыңдалды.
Қайтыс болған азаматтардың отбасыларына көңіл айту, көмек көрсету шаралары да жүріп жатыр. Бұл бүгін де жалғасын табады. Штаб отырысын өткізу жоспарда.
Видеоға сілтеме.