Кеңседе ауылдастарымен карта ойнаған әкім жауапқа тартылды
Түркістан облыстық Әдеп кеңесінде әкімдіктің ғимаратында карта ойнаған әкімге қатысты тәртіптік іс қаралды.
Мәселенің мәнісі былай:
Қаңтардың 21-інде Шардара ауданы әкімінің орынбасары Б.Шомпиевтің ватцабына аудандағы Қ.Тұрысбеков ауылдық округі әкімі аппаратының кеңсесінде аталған ауылдық округтің әкімі Ә.Сейдалиевтің ауылдың бірнеше азаматымен карта ойнап отырғаны жөнінде видео және аудио хабарлама түскен. Оқиға жұмыстан тыс уақытта, кешкі сағат 21-лерде болған көрінеді.
Осы видео және аудио жазбаны тыңдаған мамандар әкімнің Әдеп кодексін бұзғанын, атап айтқанда «өзінің іс-әркетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсартуға пайдалану» деген талабын сақтамағанын анықтаған.
Кеңесте ауыл әкімі өзінің карта ойнығанын мойындап, мұндай әрекетті алдағы уақытта қайталамауға уәде берген.
Кеңес шешімімен Қ.Тұрысбеков ауылдық округінің әкімі Ә.Сейдалиевке «қызметіне толық сәйкес емес туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны қолдану жөнінде ұсыныс Шардара ауданының әкіміне жолданған.