Елімізде 6 жол жаңа технологиямен салынды
2019 жылы Қазақстанда жаңа технологияларды қолдану арқылы қанатқақты жоба ретінде 6 жол учаскесі салынды, деп хабарлады ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.
Асфальт-бетон жабындысының беріктігін нығайту және жарықтардың қалыптасуына қарсы қасиетін күшейту мақсатында жолшылар өткен жылы қанатқақты жоба ретінде еліміздің 4 өңірінде 6 жол учаскесін салды. Жолдардың жағдайын Қазақстанның ғылыми-зерттеу институтының мамандары бақылауда.
Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Павлодар облыстарында ресейлік, қытайлық және корейлік шақпатасты-мастикалық асфальт-бетон полимерлерді қолдану арқылы жол учаскелері салынды. Сондай-ақ, ғалымдар пилоттық режимде күкіртті асфальт-бетон Geen Crete, әмбебап жөндеу материалы УМР-2П мен борқылдақ-мастикалық асфальт-бетонды ПМА 10 қолдануды ұсынды, - делінген ақпаратта.
Жалпылай алғанда, 2019 жылы ҚазҒЗИ жол-құрылыс материалдарының сапасын анықтауға және өндірілген материалдарды технологиялық бақылауға бағытталған 482 зертханалық тәжірибе жүргізген болатын. Жол-құрылыс материалдарының тәуелсіз сараптамасы заманауи жабдықта аккредитациядан өткен зертханаларда жасалды.
Айта кетейік, 2019 жылы іске асырылған жұмыстардың қорытындысы бойынша автомобиль жолдары саласында Институт 4 ведомстволық нормативті-техникалық құжатты әзірледі.
Сондай-ақ, ҚазҒЗИ мамандары Павлодар облысы және Семей қаласында жолдардың диагностикасы мен паспортазициясын өткізді. Өткен жылы халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 800 шақырымынан астамына диагностика жасалды.