Жезқазғанда жас дәрігерлер баспаналы болды
Жезқазғанда дәрігерлер тапшылығы мәселесі оларға ведомстволық тұрғын үй беру арқылы сәтті шешілуде. Кеше тағы сегіз жас дәрігер қоныс тойын тойлады. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мамандарға пәтер кілтін табыс етті, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған OINET.KZ.
«Медицина университетін бітіргеннен кейін мен өзімнің туған жерім Жезқазғанға оралдым. Қалалық ауруханада жұмыс істей бастадым. Бұрын күйеуім екеуіміз пәтер жалдап тұрдық, ал енді бізде өз баспанамыз бар. Бұл ведомстволық пәтер болса да, бәрібіз біздің үйіміз деп санаймыз. Жас мамандарға осындай қолдау көрсетіліп жатқаны үшін көп рахмет», - деп ойын білдірді Жезқазған қалалық ауруханасының жалпы тәжірибе дәрігері Әйгерім Мамина.
Жаңа қоныс иелерін Қарағанды облысының әкімі құттықтады. Ол өңірде дәрігерлердің өмір сүру сапасын жақсарту дәстүрге айналғанын атап өтті.
«Сіздердің жұмыстарыңыз өте күрделі және маңызды. Күндіз-түні дәрігерлер жүздеген адамның өмірін құтқарады. Сондықтан да біз өз тарапымыздан пәтер мәселесін шешуде көмек көрсетуді жалғастырамыз», - деді Жеңіс Қасымбек.
Ол өңірде 300-ге жуық дәрігер осы жылы қызметтік баспана алады деп атап өтті. Атап айтқанда, Жезқазғанда көпқабатты үйлердің бірінде пәтер сатып алу және жөндеу жұмыстары жоспарланған. Күзге қарай тағы 50 дәрігер қоныс тойын атап өтеді.
Жұмыс сапары барысында әкім Жезқазған қалалық аурухана мен медициналық колледжінде болды. Аурухана қалашығы Жезқазған қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында қалпына келтірілді. Бұл ауқымды жоба үш жыл бұрын басталды. Биыл қайта құру толығымен аяқталды.
«Ұзақ жылдар бойы бұл нысан бос болды. Аурухана қалашығын қайта құру медициналық мекемелерде алаң жетіспеу мәселесін шешуге көмектесті», - дейді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.
Енді мұнда жаңа кеңес беру-диагностикалық орталық, емхана, наркология, ЖИТС орталығы, туберкулезге қарсы балалар шипажайы орналасқан. Аурухана қалашығындағы барлық ғимараттар жөндеуден өтті. Ондағы инженерлік коммуникациялар толығымен ауыстырылды. Сондай-ақ, аумақ ретке келтіріліп, абаттандырылды.