Тоқаевтың Instagram желісіндегі оқырманы миллионнан асты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Instagram желісіндегі оқырмандарының саны миллионнан асты. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды деп хабарлайды Oinet.kz
"Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі саяси ұстанымдарының бірі – ашықтық және қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнату. Президент "халық үніне құлақ асатын мемлекет" концепциясын іске асыру барысында халықпен тікелей байланысқа ерекше көңіл бөледі. Тұрғындардың өтініш-тілектерін дер кезінде қарау үшін Қазақстан Президентінің Виртуалды қабылдауы ашылды. Бүгінде оған 6673 өтініш келіп түскен",-деді Берік Уәли.
Оның жазуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев брифингтер мен баспасөз мәслихаттарын жиі өткізіп, отандық және шетелдік БАҚ-қа сұхбат беріп тұрады.
Сондай-ақ, Twitter және Instagram секілді әлеуметтік желілерді белсенді қолданады.
2019 жылдың 1 сәуірінде ашылған Мемлекет басшысының Instagram желісіндегі парақшасына жазылушылар саны 1 миллионнан асты.
Президент 9 ай ішінде өз парақшасында ресми шаралардан, кездесулер мен сапарлардан 60 пост жариялады.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта Instagram желісінде бейресми сәттерде түсірілген суреттер мен бейнероликтер жариялауды да жоспарлап отыр.