Дипломмен ауылға барып, далада қалды

Oinet.kz 26-09-2013 851

Биылғы 9 айда біздің облыста бюджеттің қаншама қыруар қаржысы игерілмей қалғанын «Рейтинг» газетінде таяуда ғана жазған едік. Осы мақалаға орай Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылындағы емханада дәрігер болып істейтін жас маман Досымжан Байболлаев жуырда редакцияға хабарласты. 

c14ebfae54938fba04d09f438337fc6e.jpg

- Мемлекет тарапынан бөлінген  қыруар қаржы игерілмей қалып жатыр екен. Ал мына жақтағылар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келген мамандарға беруге қаржы таппай отыр. Сонда бұл қалай?—дейді оқырманымыз. Мәселенің мән-жайын редакцияға арнайы келген оның өзі тарқатып айтып берді.

- 2008 жылы жұбайым екеуіміз Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетін бітіргенбіз. Интернатураны тәмамдаған соң университетте бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Осы кезде Тараздан келген өкілдер бірге оқыған бес-алты жігітке «құда түсті» , «Жамбыл облысына жолдама алыңдар, жағдайларыңды жасаймыз, мал береміз, үй береміз» деген. Бұл ұсынысқа әжептәуір қызығушылық танытып қалған едім. Сөйтіп тұрғанымызда Сарыағаш ауданынан келген өкілдер маған «Өзіміздің ауданның түлектері екенсіңдер» деп, осындағы Дарбаза ауылдық округіндегі емханаға дәрігер болып келуге шақырды. Жұбайымыз екеуіміз ақылдаса келе, Дарбазаға жол тарттық. Аталған елді мекендегі 7 мың халыққа қызмет көрсететін емханада жұмыс істеуге үш жылға келісім-шартқа отырдық. Келісім-шарт аясында маған тұрғын үй береміз деген уәде болатын, --дейді Досымжан. 

Обалы не керек, Досымжан облыстық денсаулық сақтау басқармасының тарапынан берілетін 100 мың теңге және аудан тарапынан берілетін 120 мың теңгені көтерме жәрдемақысын алыпты. Алайда баспана мәселесі әлі күнге шешімін таппаған.

- Қазір үш бала-шағам бар. Келіншегім декретте. Сол 2008 жылдан бері қарай отбасыммен және қолымда тұратын «Батыр анаммен» жалдамалы пәтерде тұрып келемін. Баспананың зарын тартқан біздің ендігі үмітіміз «Дипломпен ауылға» бағдарламасына қатысушыларға баспаналы болу үшін берілетін жеңілдетілген несиеге қол жеткізу еді.  Бірақ оның де реті келмей жатыр. Құжаттарымды өткізгенмін. «Ақша жоқ» дейді. Кейін аудан әкімдігіндегілер «ауылдағы бір үйді сатып ал, ақшаны үйдің иесіне аударамыз» деді. Ал ауылда сатыла қоятын үй жоқ. Барының өзі ескі-құсқы. Ауыл әкіміне де осы жөніндегі айтқанмын. Аудан әкімі орынбасарының да қабылдауына кіргенмін. «Мәселеңді шешеміз» деген. Бірақ айналып келгенде «құжаттарың дұрыс емес, сатылатын үй тауып кел» дейді. Таңқаларлығы сол, менімен бірге келген мамандар несиені кедергісіз алып кетеді. Бірі таныс арқылы, бірі туысқанының үйін сатып алған болып құжат туралайды екен. Менде ондай да мүмкіндік болмай тұр. Жақында банктен несие алып, тұрғын үйдің құрылысын бастағанмын. Егер мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиеге қол жеткізсем, осы үйді бітіріп алар едім. Кезінде осы жөнінде Елбасыға да хат жолдағанмын. Оған байланысты президент әкімшілігінен «облыс әкімдігіне барып жолығыңыз» деген жауап келген. Бірақ аудандағылар «ол жаққа барма, мәселеңді шешеміз» деген. Бірақ шешіліп жатқан ештеңе жоқ,--дейді Досымжан.

Дипломмен ауылға келіп далада қалған Досымжанның жайы осылай. Сарыағаш ауданының әкімдігінің жауабы да белгілі болды. Ал аталған бағдарламаға жауапты облыстағы басшылар бұған не дер екен?  

Жұмағали Исмаилов «Нұр Отанды» менсінбей ме?
Данияр Елеусінов WBC экс-чемпионын нокаутқа түсірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу