Жұмағали Исмаилов «Нұр Отанды» менсінбей ме?
- «Нұр отанның» облыстық төрағасынан бір жапырақ қағаз алып келіңіз. Біз облыстық мекемеміз. Ауданға бағынбаймыз.
- Осыменен екінші мәрте келіп отырмыз. Өткен жолы да осылай дегенсіз. Партиялық бақылаудың тәртібінде ондай жоқ. Біз бюджет қаржысының қаншалықты мақсатты жұмсалғанын көруіміз керек.
- Кіргізе алмаймын. ...Не деп тұрсың? Жасың кіші. Заңды біл. Асыра сілтеме. Хат қайда? Куәлігіңді қалтаңа салып қой. Менде де ондай куәлік бар.
Бұл Түлкібас ауданындағы облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Балықшы» мамандандырылған туберкулезге қарсы шипажайының бас дәрігері Алхатай Ошақбаев пен «Нұр Отан» партиясы Түлкібас ауданы бойынша партиялық бақылау комиссиясының төрғасы Бақытжан Қуанышбековтың арасында болған әңгіме. Оған дейінгі болған жәйтқа қысқаша тоқталайық.
«Балықшы» шипажайында күрделі жөндеу жұмыстарын мердігер компанияның өте сапасыз орындап, қазына қаржысының желге ұшқаны бізге бұған дейін белгілі болған. Міне, жуырда «Нұр Отан» партиясының «Балықшыға» тексеруге барғаны, бірақ шипажай басшылары комиссия мүшелерін ішке кіргізбей қойғаны туралы ақпарат алдық. Анық-қанығын партияның аудандық филиалы басшыларынан сұрағанбыз. Олар осындай жәйттың орын алғанын жоққа шығарған жоқ және алдағы уақытта тексерудің екінші қайтара жүргізілетінін мәлім етті. Журналистік қызғушылықпен тексеру тобына біз де қосылғанбыз. Топ құрамында аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бақытжан Қуанышбеков және осы комиссияның мүшесі, құрылыс жөніндегі тәуелсіз сарапшы бар.
...Кабинетіне кіргеннен-ақ бас дәрігер не мақсатпен келгенімізді сезсе керек, «болмайды, болмайды» деп, мән-жайды түсіндіруден ат-тонын ала қашты. Бізді ішке кіргізбеудің, мән-жаймен таныстырмаудың бар амалын жасап бақты. Шымкентке, экономикалық сотқа мекеменің газына қатысты процеске қатысу үшін кетіп бара жатқан беті екен. Партиялық бақылау комиссиясының төрағасымен арадағы әңгімесі жоғарыдағыдай болды. Партияның облыстағы төрағасының, яғни Асқар Мырзахметовтың рұқсат қағазын көрсет дейді. Бергі жақтағы басшылардың құзыры жүрмейді екен. Ал «Нұр Отанға» ешқандай қатысы жоқ, жеке журналистік зерттеу жүргізуге келген бізге бас дәрігер облыстық денсаулық сақтау басқармасының рұқсатынсыз кіргізуге болмайтынын, ешқандай мәлімет бере алмайтынын айтты.
Алхатай Ошақбаев 2012 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловқа қарсы көтерілген бас дәрігерлердің бірі. Ол кезде Қазығұрт аудандық туберкулезге қарсы аурухананың басшысы. Осы наразы топтың алдыңғы сапында жүрген оның біздің газетімізге берген сұхбатында, баспасөз мәслихатында Ж.Исмаиловты бетің бар, жүзің бар демей «сойып» салғаны күні кеше ғана еді. Енді міне, дау-дамайдан соң өзі ұзақ жыл басшылық еткен «Балықшы» шипажайы бас дәрігерінің креслосына қайта отырған соң, А.Ошақбаев Ж.Исмаиловқа деген ренішін ұмытып кеткен сияқты. «Қызмет адамды өзгертеді» деген сөз тегінде рас қой. Дұрысы, қызмет өзгеруге мәжбүр етеді екен. (Қазір қызметте жоқ адам ғана батыл, ақиқатты айтқыш, әділдікті іздегіш емес пе?!) Сөз жоқ, А.Ошақбаев келген тексерушілерді, тілшіні ішке кіргізбеуге мәжбүр болды. Неге десеңіз, «Балықшы» шипажайындағы «төтенше жағдай» үшін оның мойнында ешқандай жауапкершілік жоқ. Құрылыс жұмыстары жүргізілген кезде ол бұл мекеменің басшылығында болмаған. Ендеше кім үшін, не үшін?
Бас дәрігерден сыр суыртпақтап отырып білгеніміз мынау. Жөндеу жұмыстарына бас-аяғы 289 миллион теңге қаралған. Тендерде «Стар строй» деген компания жеңімпаз деп танылған. Құрылыс жұмыстары 2012 жылдың сәуірінде басталып, қарашада аяқталады. Осы қарашада біткен жұмыстарды мемлекеттік комиссия қабылдап алған. Яғни, былтыр күзде. Облыстың сексен жылдық мерейтойы өтіп жатқан тұста. «Сексен жылдыққа сексен нысан» деген іс-шараның дүркіреп тұрған шағында. «Балықшы» сексен нысанның тізіміне енді ме, жоқ па? Енсін-енбесін нысанның актісі едел-жедел, мәжбүрлі түрде қабылданғаны анық сияқты. Өйткені көзге көрініп тұрған кемшілікті комиссия мүшелерінің байқамай қалуы мүмкін емес қой. Комиссияның құрамына кімдердің болғанын біле алмадық. А.Ошақбаев «ол жағын қарамаппын» дей салды.
Биыл бас дәрігерлікке қайта оралған соң А.Ошақбаев сапасыз жұмысты көріп, мердігерге акт жолдайды. Ол барлық кемшілікті 31 мамырға дейін орнына келтіруге кепіл хат берген. Бұл мерзімде уәде орындалмаған.
- Қазір міне, осы күрделі жөндеумен басымыз қатып жүр. Ең қажетті деген жерлер—кәріз жүйелерінде, жертөледегі жұмыстарда олқылықтар кеткен. Бітпей қалған. Жақында суды қосып еді, жоғары қабаттан сорғалап, электр желілерінің тұйықталу қаупі туды. Сол себепті душ кабиналарын жабуға мәжбүр болдық,--деді бас дәрігер.
Бас дәрігер «қиындау» сұрақтарға «әлі құжаттармен толық танысып үлгергенім жоқ» деген жауаптар берді. Осыдан кейін бізге папкіге салынған бір бума қағаздар мен фотосуреттерді көрсетіп, «Ж.Исмаилов жағдайдан толық хабардар. Экономикалық соттан шыққан соң, соған кіріп, шығамын, сотқа беру керек деген әңгімелер айтылып жатыр. Бірінші кезекте жобалық сметалық құжаттармен танысып шығамын, өйтені мердігердің жасамай кеткен жұмыстары да болуы мүмкін» дегенді айтты.
А.Ошақбаев бұрынғы бас дәрігерді де қорғаштап отырған жоқ.
- Бұрынғы бас дәрігер Сұлтан Мұсаев және шаруашылық меңгерушісі де жауап беруі тиіс. Себебі күрделі жөндеу басталар кезде мекемеде демонтаждау жұмыстары жүргізілген. Осы кезде кейбір заттар жоғалып кеткен. Олардың не есептен шығарылғаны туралы құжаттар жоқ. Мәселен, 2007 жылы қойылған ағаш есіктер, пластик терезелер, клубта 120 орындықтың қайда кеткен белгісіз. «Чердакта» 2 вагон ағаш бар еді, оның да орнын сипап отырмыз,--деді ол әңгіме арасында.
- Ал, орын алған жайт бойынша құзырлы органдарға неге жүгінбедіңіздер?—деген сауалға бас дәрігер:
- Уақтысында Бас прокуратураға дейін хат берілген. Келіп тексерген. Бірақ тексерудің қорытындысы жоқ,--деді.
Осыдан кейін бізбен қоштасқан А.Ошақбаев шұғыл түрде Шымкентке аттанып кетті. Ал, Бақытжан Қуанышбеков осы шипажайдағы партиялық бақылау бекетінің жұмысымен танысу үшін мекеменің емхана ғимаратына қарай бет алды. Мәссаған, партиялық бақылау бекетінің стенді орнында жоқ болып шықты. Оны не себепті алып тастағаны белгісіз. Шамасы, шипажай басшылығы «Нұр Отанмен» атқұйрығын біржолата кесіскен сияқты. Осы кезде артымыздан қуалап жеткен шаруашылық меңгерушісі тез арада шығып кетуімізді өтініп сұранды. Бұл бас дәрігердің тапсырмасы болса керек.
Сонымен партиялық бақылау комиссиясының мүшелерін, журналисті мекеменің жұмысымен таныстырмау, орын алған олқылықтарды жасырып-жабу А.Ошақбаевқа не үшін қажет болды. Жеке басы үшін емес, бұрынғы бас дәрігерді қорғау үшін емес. Ендеше бұл өзінің басшысы Жұмағали Исмаиловтың тікелей тапсырмасы емес пе? Тіпті осы жолы да, бұған дейін де «нұротандықтар келсе, кіргізбе» дегенді де шегелеп тапсырған соның өзі шығар? Ж.Исмаиловтың не ойлағаны бар? «Балықшыдағы» масқара жағдай бүкіл облысқа белгілі болып отырғанда Ж.Исмаиловтың әрекеті бұлтты алақанмен көлегейлегеннің кері емес пе? «Нұр Отан» партиясының жарғысында «Партиялық бақылау бекеттері «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының партиялық бақылау жүйесінің элементі болып табылады. Бекеттер әлеуметтік маңызды мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына жүйелі қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, еңбек, материалдық ресурстардың үнемді жұмсалуы және бюджеттік қаражаттың мақсатты пайдаланылуы, жұмыс сапасын бақылау мақсатында құрылған. Бекеттер мемлекеттік тәртіпті бұзушылықтардың, жемқорлық фактілерін, бюрократизм және қағазбастылық, ұқыпсыздық және бейберекеттік көріністерінің, мемлекетті алдаудың, мемлекет меншігіне қол сұғушылықтың кез келген әрекеттерінің батыл бетін қайтаруға міндетті» деп жазылған. Елбасы халыққа арнаған Жолдауында, сөйлеген сөздерінде атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын үкіметтік емес ұйымдар, ақпарат құралдарының өкілдері, «Нұр Отан» бақыласын, қадағаласын дегенді айтып келеді. Ал, биліктегілер қажет кезде «Нұр Отан» деп, би билеп, «Нұр Отан» деп ән салады. Қажет емес кезде «Нұр Отанды» бөлмесінің есігінен де сығалатпайды. Болған оқиғаның анық-қанығына жету, тексеру әрине, енді партияның облыстық басшыларының, оның ішінде төраға Асқар Мырзахметовтың еншісінде. Облыстық мекемелерге тек партияның облыстық филиалы жетекшілерінің сөзі өтетін болса, көрерміз. Өтпесе оны да көрерміз. Жоқ, әлде партия серкелері «Бас прокуратураның да шамасы жетпеген «Балықшыға» біздің тісіміз қайдан бата қойсын?» дер ме екен?!
Жауырды жаба тоқысы келген Ж.Исмаилов «Балықшы» шипажайындағы күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты нендей жауап қайтарар екен? Облыс медицинасындағы таңдай қақтырарлық жаңалықтарды жария еткісі келгенде газеттен, теледидардан түспейтін басшы шипажайдағы жағдай бойынша ешқандай жазығы болмаса, бізге мән-жайды түсіндіріп, сау басын арашалап алар еді-ау. Бұқпантайлаудың, жасырып-жабудың астарында басқа гәп бар болғаны ма?
"Рейтинг" газеті