Түркістан облысында үш жыл бұрын пайдалануға берілген мектептің жағдайы сын көтермейді
Қазығұрт ауданы Рабат елді мекеніндегі П. Тәжібаева атындағы жалпы білім беретін мектептің жағдайы сын көтермей тұр. Мұғалімдер нысандағы күрделі ақауларға шағымданып, мердігер компанияның жұмысын тексеруді талап етті. Бұл туралы Kazinform.kz хабарлады.
Мектеп басшылығының мәліметінше, білім ордасы 2023 жылы пайдалануға берілген. Алайда білім ұясының жағдайы оқушылар мен қызметкерлер үшін қауіп төндіретін деңгейге жеткен.
Информатика пәнінің мұғалімі Бекжан Достың айтуынша, мектеп құрылысы талапқа сай жүргізілмеген.
Қазіргі таңда шатырдан су ағып, қабырғаларда жарықтар жиі пайда бола бастаған. Әсіресе жауын-шашын кезінде мектептің жертөлесі суға толады.
— Мәселен, өрт қауіпсіздігі белгіленген нормаларға сәйкес емес. Гидрант жүйесі толық аяқталмаған, су айдайтын насостар орнатылмаған. Резервуарларға су құйылғанымен, ол сақталмайды. Мектеп аумағындағы латоктар сапасыз орнатылып, жауын кезінде оқушыларға қауіп төндірген соң алынып тасталды. Салдарынан су топыраққа сіңіп, жер шайылып, қоршау құлап жатыр, — деді ол.
Ал дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ержан Арыстанбеков мектепте спорттық инфрақұрылым талапқа сай емес екенін айтады.
— Футбол алаңы толық аяқталмаған, жері тегістелмеген. Тек қақпалар орнатылған, газон төселмеген. Балалар ойнайтын алаңда резеңке жабын жоқ. Егер оқушылар жарақаттанып қалса, жауапкершілік бізге жүктеледі. Баскетбол алаңында да тиісті жабын мен қоршау қарастырылмаған. Спорт залының желдету жүйесі электрге қосылмаған. Сонымен қатар, негізгі су құбыры тесіліп, топырақты шайып жатыр, — деді ол.
Педагогтердің айтуынша, жылыту жүйелерінде де көптеген ақау бар. Сонымен қатар шатырдан аққан су электр сымдары мен өрт дабылы жүйесін зақымдап жатыр.
— Мектепте жеделсаты бар, бірақ іске қосылмаған. Жылыту жүйесі үш жыл өтсе де толық жұмыс істемейді. Қыста ғимараттың кей бөліктері жылымай, оқушылар сабақ кезінде тоңып отырады. Қазандықтағы насостар қажетті қуаттан төмен орнатылған. Кабинеттерде жылу батареяларының саны аз. Ыстық су жүйесі іске қосылмағандықтан, қыста суық су пайдалануға мәжбүрміз, — дейді мектеп қызметкерлері.
Мұғалімдерді алаңдатқан тағы бір мәселе — кәріз жүйесінің сапасыз орнатылуы. Онда тексеру клапандары орнатылмаған, құбырлардың түйіскен жерлері дұрыс тығыздалмай, жағымсыз иіс шығып, санитарлық жағдайға кері әсер етеді. Сонымен қатар, кәріз құдықтары сапасыз орнатылғандықтан, жауын суы септикке түсіп, оның жиі толуына әкеліп отыр.
Ұстаздардың сөзінше, осындай олқылықтарға қарамастан, нысан пайдалануға қабылданған. Құрылысты жүргізген «ALTYN LTD» ЖШС-не бірнеше рет шағым жолданғанымен, нәтиже болмаған. Ал кепілдік мерзімі биыл тамызда аяқталады.
Түйткілді мәселеге қатысты Kazinform тілшісіне Түркістан облысы білім басқармасы ресми түсінік берді. Ведомство өкілдері 200 орындық мектеп ғимаратында бірқатар ақау бар екенін растады.
— Қазығұрт аудандық білім бөлімі тарапынан тапсырыс беруші — облыстық құрылыс басқармасына тиісті хаттар жолданды. Құрылыс басқармасы мердігер мекеме — «ALTYN LTD» ЖШС-не анықталған кемшіліктерді жою туралы екі рет ескерту хат жіберді. Қолданыстағы келісімшартқа сәйкес, мердігер ұйым нысан пайдалануға берілген күннен бастап 5 жыл ішінде барлық ақауды өз қаражаты есебінен жоюға міндетті, мердігер бұл талаптарды орындайды, — делінген басқарма мәліметінде.
Білім басқармасының хабарлауынша, мектепте оқу процесі штаттық режимде жалғасып жатыр.
— Анықталған кемшіліктер оқушылардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндірмейді. Мәселе бақылауда, тиісті жұмыстар уәкілетті органдармен бірлесіп жүргізіліп жатыр, — деп мәлімдеді ведомство.
Айта кетейік, жуырда мектеп ұжымы нысанды салған мердігер мен оны қабылдап алған жауапты тұлғаларға қатысты ҚР Бас прокурорының атына шағым түсірген.


