Air Astana компаниясына жаңа басшы келді
Air Astana компаниясында басшылық ауысты. 1 сәуірден бастап Ибраһим Жанлыел бас директор қызметіне кірісіп, бұл лауазымда ұзақ жылдар еңбек еткен Питер Фостердің орнын басты, деп жазады Оinet.kz.

Жаңа басшы авиация саласында мол тәжірибесі бар маман саналады. Ол еңбек жолын 1994 жылы туризм менеджментінен бастап, кейін KLM, Northwest Airlines және Alitalia секілді ірі әуе компанияларында түрлі басқарушылық қызметтер атқарған.
Ибраһим Жанлыел 2003 жылдан бері Air Astana жүйесінде жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында директор, вице-президент және аға вице-президент қызметтерін атқарып, 2017 жылы бас қаржы директоры лауазымына дейін көтерілді. Қазіргі таңда ол EUROBAK директорлар кеңесінің мүшесі.
Біліміне келсек, ол Мармара университетінде экономика мамандығын тәмамдап, Босфор университетінде MBA дәрежесін алған. Сонымен қатар Ұлыбританиядағы Крэнфилд менеджмент мектебінде басқарушы кадрларға арналған арнайы бағдарламадан өткен.
Жанлыел жаңа қызметінде компанияның операциялық тиімділігін арттыруға, тұрақты дамуды қамтамасыз етуге және Air Astana мен FlyArystan-ның қос брендті моделін жетілдіруге басымдық бермек.
Сондай-ақ ол қауіпсіздік, қызмет көрсету сапасы мен корпоративтік басқарудың жоғары стандарттарын сақтауды негізгі міндеттердің бірі ретінде атап өтті.


