Депутат қандастарға қойылатын талаптарды қайта қарауды ұсынды
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Үкіметке жолдаған ресми хатында шетелден тарихи отанына көшіп келіп жатқан қандастарға қатысты бірқатар талаптарды қайта қарау мәселесін көтерді, деп хабарлайды Оinet.kz.

Депутаттың айтуынша, қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша Қазақстанға қоныс аударушыларға бірнеше негізгі шарт қойылады. Атап айтқанда, олар қазақ тілінен тест тапсырып, сотталмағаны туралы анықтама ұсынуы және шыққан елінен кету парағын рәсімдеуі тиіс.
Ол тіл мәселесіне ерекше назар аударды. Саировтың сөзінше, қандастар Қазтест жүйесі бойынша кемінде 30 балл жинауы қажет. Алайда ел ішінде мемлекеттік қызметке орналасу кезінде бұл тесттен өту үшін нақты шекті балл талап етілмейді.
Сонымен қатар депутат емтихан ақысын да сынға алды. Оның айтуынша, әр тест үшін 9 мың теңге төленеді, бірақ бұл соманың қалай қалыптасқаны нақты түсіндірілмеген.
Саиров шетелдегі қазақтардың көпшілігі төте жазуды қолданатынын да атап өтті. Сондықтан олар ауызекі қазақ тілін жақсы меңгергенімен, кирилл әліпбиінде жазу барысында қиындықтарға тап болады.
Бұдан бөлек, депутат сотталмағаны туралы анықтама алу мәселесінің күрделілігіне тоқталды. Кейбір елдердегі жағдайға байланысты мұндай құжатты рәсімдеу оңай емес екенін айтты.
Сондай-ақ кету парағына қатысты талаптардың да бірізді еместігі сөз болды. Кейбір мемлекеттік органдар бұл құжатты міндеттесе, енді бірі азаматтық алмай тұрып елден шығу мәселесін түсіндіруді талап етеді.
Депутаттың мәліметінше, соңғы екі айда Қазақстанға келген қандастар түрлі әкімшілік кедергілерге тап болған.
Сонымен бірге ол қандастардың мемлекет белгілеген талаптарға қарсы емес екенін атап өтті. Алайда тарихи отанына оралған азаматтарға артық бюрократиялық тосқауылдар қойылмауы тиіс екенін жеткізді.


