Негізгі емдік фактор - минералды су
21-11-2022
Жылдың басында 300 мыңнан астам халқы бар Мақтарал ауданының депутаттары мәслихат хатшылығына сайланған Омарбек Нұржановты орнынан аламыз деп дүрліккені есімізде. Кезінде ауданды ұзақ жыл басқарып, зейнеткерлікке шыққан соң хатшылықтың құтты орнына қонып, әлі де болса биліктің қызуына жылынып жатамын деген Нұржановтың ақыры дегені болмады. Обалы не керек, хатшы әріптестерімен ұзақ дауласқан жоқ, «Жастарға орын беріңіз» деген сөзге тоқтап, қызметін босатып бере салды. Дегенмен оның орнына хатшы сайлаудың тағы да у-шуға, талас-тартысқа, жік-жікке бөлінуге ұласып, ол әлі күнге тыншымай келеді. Мақтаралдан басталған мәслихат хатшысына қатысты дау-дамай бірліктің ордасы, уақтысында үш жүздің небір игі-жақсыларының, бертінде бауырлас үш ел Президенттерінің бас қосқан, ынтымақ пен ырыстың сиволы саналатын Ордабасыда жалғасқаны өкінішті-ақ.
Кімді не түлен түрткенін кім білсін, әйтеуір былтыр қаңтардағы сайлаудан кейін депутаттық мандатты бесінші мәрте иеленіп, мәслихат хатшысының орынтағына төртінші мәрте отырған Перналы Жұрман өзінің әріптестеріне ұнамай қалған сияқты. Оны қызметінен алу жөніндегі ұсыныс 23 сәуір күні өткен сессияда қызу талқыланады. 7 депутат бір жақ, 8 депутат бір жақ. Өзара қызылкеңірдек болған халықтың қалаулылары сессияда ақыры хатшыны орнынан алу туралы шешім шығарады. Өзінің қызметінен заңсыз босатылғанын алға тартқан хатшы аудандық сотқа талап арыз береді.
Әрине, хатшының қызметінен алынуы заңсыз ба, әлде заңды ма, ол жағын қазбаламай-ақ қоялық. Мәселе адамгершілікте, оның жөнді, болмаса жөнсіздігінде ғой. «Бес рет депутат болып, төрт рет мәслихат хатшысының мандатын иеленген Перналы Жұрманда арман жоқ шығар, сірә, хатшылық атадан қалған мұра емес» десек, мұнымызды ешкім теріс дей қоймас. Хатшылықтан айырылғанымен, депутаттық мандатты ешкімнің тартып алмасы бесенеден белгілі емес пе?!
Ордабасыдағы дауға төрелік айтатын да әрине, біз емес. Біз тек мәслихаттың «ішкі асханасында» болып жатқан осы мәселені халық сайлаған депутаттардың дауға, дабыраға айналдырмай, өзара келісіммен, сабырмен шеше алмағынына қынжылдық. Дау қуғанның түбі бір пәлеге жолығатынын депутат білмеген соң, басқасына не айтасыз? Айтқандай, депутатық корпустағы 15 депутаттың, 14-і «Нұр Отанның» мүшесі. Таласуға, тартысуға келгенде олардың партияға да, партбилетке қарамағаны қызық болды. Жем-жемге келгенде халық қалаулыларының осы партияның атынан сайлауға түскенін, «Нұр Отанның» науқан кезінде қорғап-қолдағанын ұмытып кеткені қалай? Ал, даудың отына май құйып жүргендердің ішінде облыстық мәслихаттың 2-3 депутаты бар екен деген әңгіме ел арасында гулеп тұр. Тіпті облыстық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Ержанға да қатысты артық-ауыс әңгіме айтылуы естіген құлаққа ерсі тиеді екен.
Сенімді ақпарат көздерінен білгеніміз, «НұрОтан» партиясының басшылары, облыстық мәслихаттың хатшысы, аудан басшысы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қабылдауына кіріп, Ордабасыдағы осы мәселені шешкен. Өзара дүрдараз болған депутаттар да бүгінде сабасына түсті. Хатшы ауыстыру мәселесі күн тәртібінен алынып тасталды. Бұл біржолата тоқтаған дау ма, әлде үлкен дауыл алдындағы тыныштық па, бұған тақсыр уақыт төрелік айтар. Бірақ мәслихат хатшысына қатысты шатақ қазір тағы бірнеше ауданда тұтанып жатыр деген әңгіме бар. Оның да күні ертең жалынға айналып кетпесіне кім кепіл?!
Бұған дейін тып-тыныш жатқан аудандық, қалалық мәслихаттың депутаттары неге бұлайша дүрлігіп жатыр? «Бақсақ бақа екен». Өздеріңізге белгілі, алда ауыл әкімдерінің сайлауы келе жатыр. Сайлауда дауыс беретін мәслихаттың депутаттары. Бұл науқанда мәслихат хатшысының қолына біршама «көзір» тиетіні айтпаса да белгілі. Осыдан кейін «көзір» ұстауға кім құмартпасын?! Қазір тіптен кейбір мәслихаттар ауыл әкімдерінің орынтағына сайланудың «ставкісін» алдын ала белгілеп қойған көрінеді. Бұл қаншалықты рас? Рас болса, сұмдық емес пе? Сонда депутатқа елдің аманатынан гөрі ақша жақын болғаны ма? Ақша демекші, осындай дауды тұтандырып жүргендер негізінен кәсіпкер-депутаттар дегенді де жиі естіп жүрміз. Олар кезінде атқарушы биліктегілермен сыбайласқан түрде додада ақшаның күшімен бағы жанып, енді сол кеткен шығыннның орнын толтыруды ойластырып жүр ме? Жо-жоқ, ақшаның буы шыдатпай бара ма? Кәсіпкер алдымен депутат болғысы келеді, одан кейін хатшылыққа сайлансам дейді. «Кедей бай болсам, бай құдай болсам» дегеннің кері. Сонда елдің мұңына, талап-тілегіне құлақ асатын кім?
Перналы Жұрман, Ордабасы аудандық мәслихатының хатшысы:
«Егер мәселе дұрыс шешілсе...»
-Егер мәселе дұрыс шешілсе, маған дау қуып қажеті қанша? Ел-жұрттың ынтымағы, бірлігі маған да қымбат. Ешкімге артар өкпем жоқ, бір жағы денсаулығым да болмай жүр. Пайғамбар жасқа келдім, зейнеткерлікке дейін 4-5 ай қалды. Осы кезге дейін 5 рет аудандық мәслихаттың депутаты, 4 рет хатшы болдым. Пенде болған соң, кемшілік кететін шығар, бірақ, пәлендей нәрсені бүлдіріп қойған ештеңем жоқ. Жасым келді, жігіттерді ынтымақ-бірлікке шақырып жүрмін. Ордабасы деген үлкен аудан ғой, үш бидің бас қосқан жері. Енді, кішігірім түсініспеушілік болмай жатқан секілді, бір мәмілеге келетін шығар.
- Сотқа мәслихат шешімін бұзу жөнінде талап-арыз түсіріп, ол өзіңіздің өтінішіңіз бойынша қараусыз қалдырылған екен. Енді қайта сотқа арызданыпсыз, не себепті?
- Бір жерлері дұрыс болмаған екен, соны түзетіп, қайта беріп жатырмын.
- Тағы да хатшылықтан босату жөніндегі шешімге арызданып отырсыз ғой?
- Иә, сондай.
Мұрағаттан, 06.06.2012 ж