Сценарийі белгілі «спектакль»

Oinet.kz 13-01-2014 986

Сонымен, бұл іс басталмай жатып-ақ, соңы немен бітетіні айқын болғандай. Әңгіме, көрнекті мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын көмекшілерімен бірге қасақана өлтіргендердің «жыры» туралы болып отыр. 

сценарий.jpg

Араға жеті жыл салып барып еліміздің Бас прокуратурасы бұл қылмысқа президенттің бұрынғы күйеу баласы, түрлі қылмысы үшін 40 жыл сырттай сотталған, қашқын Рахат Әлиев пен оның шабарманы, бір кездері еліміздегі ҰҚК-нің төрағасы қызметін атқарған Әлнұр Мұсаевтың тікелей қатысы бар екенін ресми мәлімдеді. Бұл көпшілік үшін, оның ішінде Алтынбек Сәрсенбайұлының саяси бағытын, өмірлік мұрат-мақсатын ұстанған жандар үшін еш жаңалық болған жоқ. Ал, Есілдің сол жағалауындағы шенді-шекпенділердің бір шоғыры сол күні түні бойы уыстап «валидол» ішіп шыққаны анық-ты. Себебі, Ержан Өтембаевтың  кісі өлтіру үшін банктен 60 мың доллар несие алғанына, Алтынбектің сұхбатында аты-жөні аталмаса да, сол сында өзін танып қойып, қапаланып, қастандыққа бел буғанына елден бұрын сол шенді-шекпенділер өлердей  сеніп қалған-ды. Енді, Бас прокуратураның ресми мойындауынан кейін, солардың бәрі қайтадан ақымақ болғандарын енді түсінгендей. Өйткені, құрбандық қой сияқты үн-түнсіз сотталып кеткен Ержан Өтембаев өзінің жазықты екенін президентке жаза отырып, бүкіл Сенат депутаттарын да алдап кетті емес пе? Бірақ, бұ жолы да «сонда қалай?» деген бір депутат төбе көрсетпеді. Әйтпесе, Алтынбек Сәрсенбайұлының жақындары мен жоқтаушылары әу баста-ақ, Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваны сот отырысына шақыртуға бірнеше мәрте өтініш жасаған. Бірақ, судьялар бұл мәселеге келгенде желкелерінде оқтаулы мылтық тұрғандай мүлдем қозғалмай қойған еді. Енді араға жеті жыл салып барып, өткен апта соңында қайта қарала бастаған сот отырысы да осындай соқпаққа түскендей көрінді. Жұмада басталған сот отырысының алғашқы тыңдалымы жабық есік жағдайында өтті. Іске қатысы жоқ бірде-бір адам сот отырысына кіргізілмеді. Жаңалық іздеген журналистер сот залын сырттай торуылдаудан басқа ештеңе істей алмады.  

Жалпы, осы сот процесінің ұзаққа созылмай, қысқа мерзімде бітерін соңғы бір айдағы ақпараттар ағымына қарап та аңғаруға да болатын сияқты. Мәселен, Бас прокуратураның ресми мәлімдемесінен кейін мемлекеттік, мемлекеттік емес телеарналар «Рахатгейтті» бір жылт еткізді. Одан кейін оны қаузап, соңына індете түспеуге белгісіз біреулерден арнайы тапсырма алғандай, тақырыпты тарс жауып тастады. Екіншіден, ресми мәлімдеменің өзі ұзақ мерекелік демалыс күндерінің алдында жарияланғаны да бекер емес секілді. Осыдан болар интернеттегі жекелеген авторлар мен блогерлердің ерінбей еңбектене жазған кейбір жазбалары ерекше назар аудартады. Қысқа қайырып айтсақ, олар Рахат Әлиевтің кезінде медиа-империясын қалай жасағанын, сол арқылы миллиардтаған қаржыны шетелге заңсыз шығарғанын бүге-шігесіне дейін айта келіп, «Алтынбек Сәрсенбайұлы осының бәрін білді, сол үшін Рахат Әлиевке қауіпті болды, сондықтан, Рахат «тапсырыс» берді» деген сценарийге елді сендіргісі келеді. Әрине, Р. Әлиевтің қолының таза емес екені айдан анық. Бірақ, «қитұрқы қызмет атқарған алып қаржылық империяның былығын құзырлы орындар айта алмай отырған сәтте жекелеген блогерлер мен тілшілер бір-екі күндікте қалай ғана біліп қойды?» деген сауал да келеді қу басқа. Біздіңше бұл жерде халыққа Рахат Әлиев Алтынбек Сәрсенбайұлын қарақан басының жеке мүддесі үшін, ақшасы үшін  өлтірткен деген пікірді сіңдіру қажет секілді. Және алдағы уақытта зыр етіп өте шығар сот ісі де осы соқпақтан шықпайтын сықылды. Осылай-ақ болсын делік. Бірақ, мына бір жағдай маза бермейді: Еліміздің құзырлы орындары жәбірленуші жақ Алтынбек Сәрсенбайұлының жақтастары мен жақындарының күдіктеріне зер салмай, неге қылмыскер Рүстем Ибрагимовтың айтқандарына имандай сеніп отыр? Әлде, өмір бойы сотталған қылмыскерден керекті жауап алу оңай ма? Екіншіден, Ержан Өтембаев кезінде Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың қылмыстарын өз мойнына алып, президентке мойындау хатын жазуға не мәжбүрледі? Әрине, ол бүгінде «Мен сол кездері көп күн дұрыстап ұйықтамағандықтан не жазып, не қойғанымды өзім де жақсы білмеймін» деп жалтарғанымен сотталған Р. Ибрагимовті сөйлету арқылы кезінде Рахат Әлив пен Әлнұр Мұсаевтарға шаң жуытпаған судья, тергеуші, прокурорлар мен куәгерлерді дәл қазір ыңғайсыз жағдайға қалдырғаннан бөлек, сол кезде істің бір белгісіз күштердің арқасында бір жақты жүргенін айқындап бергенін біле ме? Ал, онсыз да 40 жылға сотталып, елден безіп кеткен Рахат Әлиевті Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің өліміне жазықты ету не үшін бүгін қажет болды? Әлде, әлдекімдердің ұйқысы бұзылып, түстерінен шошып оянып жүр ме? Әрине, бұл сауалдарға тараптардың пікірін тең тыңдамай жауап табу қиын. Бірақ, әлеуметтік желіде өзін «Рахат Әлиев» деп таныстырушы «Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне кімнің қатысты екенін алдағы күндері ашық айтам» деп қоразданып отыр. Бәлкім, ол айтып болам дегенше, Бас прокуратура оның алдын орап, қоғамдық пікірді өзгертуге бірінші кірісіп кетті ме?

Тәуелсіздік күні Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында 55 адам ұсталған
Әкімдер рейтингісі әділ түзіле ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу