Әкімдер рейтингісі әділ түзіле ме?

Oinet.kz 30-01-2014 804

Ағылшынның атақты премьер-министрі (У.Черчилль) кезінде «Демократия басқарудың нашар үлгісі, бірақ адамзат одан жақсырақты әлі ойлап тапқан жоқ» деген екен. Рейтинг туралы да осылай деуге болады. Оған сену-сенбеу әркімнің өз еркінде, бірақ кез-келген нәрседе үздіктерді саусақ бүгіп тұрып санамалап,  «мынау бірінші, мынау екінші» деп анықтаудан кең тараған тәсілді табу қиын. Бірақ оның әділдігіне кім кепілдік береді? Бұл енді бір мақаламен түйіні тарқатыла қояр тақырып емес. Десек те...  

Screenshot_8.jpg

Нақта мысалға тоқталып көрейік. Өздеріңізге белгілі, “Саясат-Monitoring” тобы біраздан бері өңір басшыларының рейтингісін ай сайын түзіп келеді. Тізім сарапшылардың, саясаткерлердің, журналистердің берген бағасымен жасалады екен. Енді сол бағаға сүйенсек, бір әкімнің беделі саксафонда ойнағанымен өсіпті, енді бірі атақты боксшылар Кличколарды қабылдапты. Ал рейтингісі төмен тартқан әкімдердің біріне Елбасы қатқылдау сөйлепті, бірі басқаратын облыста базар өртеніпті. Қысқасы әкімдердің рейтингісі елді елең еткізетін ерекшелеу бір оқиғамен есептелетін сияқты. Сонда қалай, тізімнің соңында жүретін Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев өзінің рейтингісін өсіру үшін тыр жалаңаш шешініп тастап, жұрттың алдында билеуі керек пе, әлде жиналыс үстінде орынбасарының бетінен шапалақпен тартып жіберуі тиіс пе?    

“Саясат-Monitoring” тобының сараптауы нәтижесінде былтыр «Жыл әкімі» номинациясы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовке бұйырғаны белгілі. Сарапшылардың ойынша Асқар Мырзахметов өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты дау-дамайдан кейін де қызметін сақтап қалыпты. Елбасының қатысуымен өткен жиындарда ешқандай ескерту естімепті. Бұған не деуге болады? Өзіңіз ойланып көріңізші, бір облыс әкімінің командасында шенеуніктер қазынаның қаржысын талан-таражға салғаны үшін шетінен тұтқындалып, отставкіге кетіп жатса бұл сол облыстың әкімінің имиджіне оң әсер етуі мүмкін бе...? А.Мырзахметовтің былтыр күздің қазан айында, яғни тоғыз айдың қорытындысы бойынша өткен жиында Елбасыдан тоқтап қалған тоқыма зауыты үшін сөз естігенін сарапшылар білмей ме, әлде білсе де білмегенси ме? Әрине, Асқар Мырзахметовтің беделіне, атқарған жұмысына ешкім күдік келтіріп отырған жоқ. Тек рейтингті жасаушылар тым топас болмай, мақтауды да, даттауды да  келістіріп айтса дейміз ғой. Егер шындап үңілсе Асқар Мырзахметовтің оңтүстікті өркендету жолындағы жанкештілікпен атқарып жатқан тамаша жұмыстары жетерлік. Рейтинг түзгендер айдалаға лаққанша неге сол ел сенетін тамаша тірліктерді еске салмайды? 

Бәлкім «рейтингті мемлекеттік мекемелер жасаса әділ болады» дейтін шығарсыз. Қазір аудан, қала әкімдіктерінің екі рейтингісі жасалады. Бірін облыс әкімінің аппараты, бірін Президент әкімшілігі жасайды. Президент әкімшілігінің рейтингісіне барлық мәліметтер Статистика агенттігінен алынады, ал облыс әкімдіктері ауыл әкімдерінен жинайды. Қызығы сол, екі рейтинг бір-бірімен сәйкес келмейді. Оңтүстік Қазақстан облысында Президент әкімшілігі жасаған рейтингте алдыңғы сапта жүрген аудандар облыс әкімінің рейтингісінен соңғы орын алып масқара болғаны бар. Аудан, қала әкімдері арасында осыған қатысты өкпе-реніш те көп. Осыдан кейін қай рейтингке сенесің?

P.S. Айтқандай, “Саясат-Monitoring” тобы рейтингтің соңында салпақтатып, түкке алғысыз етіп тастаған Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевқа «Власть» ғаламтор журналы «Жылдың саяси қайраткері» номинациясын берді де жіберді. «Мұрның барда бір сіңбір» деген осы...

Сценарийі белгілі «спектакль»
АҚШ-қа ұнамағанның бәрі диктатор
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу