Қатбаев қашып жүр ме?
Фотода Сәкен Қатбаев
Шымкентте қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға дәрі-дәрмектердің уақтылы жеткізілмеуінен туындаған дау әлі басылар емес.
Өткен аптада қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбіш, аталған басқарманың дәрілік заттармен қамтамасыз ету және лицензиялау бөлімінің басшысы Гауһар Әбенова және ұшаққа асығып тұрса да алтын уақытын қиып келген қалалық онологиялық орталық бас дәрігерінің орынбасары Жақсылық Мәуленов Ақпараттық коммуникациялық орталығында брифинг беріп, есепте тұрған науқастарға тегін дәрілердің неге уақытылы жеткізілмей қалғанына түсінік берген. Спикерлер бар жауапкершілікті «СК-Фармация» ЖШС-нің мойнына іле салды.
-Аталған серіктестікке 10 қазанда хат жазылған, енді 25 қазанға дейін жауап күтуден басқа амал жоқ,-деген басшылар одан нәтиже шықпаса «СК-Фармациямен» келісімшартты үзіп, соттасатынын мәлім етті. Брифинг берушілер құны 44 миллион теңгені құрайтын 10 түрлі химиопрепараттардың кешіктірілгенінен 11 науқастың ешқайсысы зардап шекпеді деп сендірді. Өйткені, оларға аталған дәрілердің баламалары ұсынылыпты. Бірақ, мәселе біз ойлағандай емес сияқты.
Шымкентте онологиялық препараттардың жетіспеушілігінен туындаған мәселеге денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та араласты. Оның тапсырмасымен елордадан Шымкентке келген Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қалалық денсаулық басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев және «СК-Фармацияның» Шымкенттегі өкілі Ұлжан Нұғманова брифинг берді. Бұл жолы спикерлер журналистерге басқаша әңгіме айтты.
–Министр Елжан Біртановтың тапсырмасымен біз осында ұшып келіп, мән-жайды анықтадық. Жетіспеген 8 препарат пен 1 колоприёмник толық жеткізілді. Бір препараттың сапасы мен қауіпсіздігін жіті тексеру үшін сертификаттаудан өтуде. Бірақ, «СК-Фармация» оның орнына аналогын беріп жатыр. Мұны министрден бастап бәріміз жіті қадағалап отырмыз. Бүгінге дейін онкопрепараттарды жеткізу бойынша «СК-Фармация» серіктестігімен 822 милилон теңгеге келісімшарт түзілген. Дәрі-дәрмектер Шымкент қалалық онкологиялық орталығына уақытылы жеткізілуде,-деді Асылбеков.
Елордадан келген маманның айтуынша, тексеру барысында біраз кемшіліктер анықталған. Химиопрепараттарға тапсырыстар уақытылы берілмеген. Оның себебі Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бөлінгеннен кейін еліміздің үшінші мегаполисіндегі онкологиялық орталыққа тіркелуші науқастардың саны межеленгеннен 11 пайызға асып кетіпті. Бірақ, мегаполиске келіп тіркелушілердің Түркістан облысы тұрғындары екендігі айтпаса да түсінікті ғой. Сонда бұған дейін бір өңір болған Түркістанмен арадағы алыс-берісті реттеу аса қиын шаруа болғаны ма? Оның үстіне Шымкент пен Түркістан бүгін бөлінген жоқ. Одан бері бір жарым жылға жуық уақыт өтті емес пе?
– Қызметтік тексерулер қорытындысында жіберілген кемшіліктер анықталды. Мұнда емдеуші дәрігерлердің кінәсы жоқ. Оны пациенттер де растайды. Бірақ, ұйымдастыру жұмыстары бұзылған. Бұл бойынша біз арнайы шара қолданатын боламыз. Оны қосымша хабарлаймыз, – деді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев.
Ұйымдастырушы дегеніміз кімдер? Егер «СК-Фармациямен» келісімшартты қалалық онкологиялық орталықтың түзгендігін ескерсек, химипрепараттарға тапсырыс беруші – қалалық онкологиялық орталық екендігіне шүбә келтіруге болмайтын шығар. Бұл бойынша нендей жазаның қолданылатыны алдағы уақытта белгілі болып қалар. Біздің айтпағымыз бұл емес еді.
Шымкенттегі онокологиялық орталықта ем қабылдап жатқан науқастарға дәрі-дәрмектің жетіспейтіні туралы ақпарат құралдары дабыл қағып, оған министр Біртановтың өзі араласып жатқан кезде аталған медициналық мекеменің бас дәрігер Сәкен Қатбаевтың үнсіз қалғаны мүлдем түсініксіз. С.Қатбаев алғашқы брифингке елордаға ұшатын ұшаққа асығып отырған орынбасарын жіберді, екі күннен кейін министрліктен келген маман қатысқан брифингтен де төбе көрсеткен жоқ. Қалай десек те бұл ақылға сыйымсыздау.
Әлде Қатбаев біреулерден қашып жүр ме?
Қатбаев жетекшілік ететін Шымкент қалалық онкологиялық орталығына қатысты дау-дамай мұнымен бітпейтін сияқты. Ашық дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, қазір аталған мекемеде құзырлы органның қызметкерлері жұмыс істеп жатқанға ұқсайды. Бұл тақырыпқа алдағы уақытта бөлек тоқталатын боламыз.
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ,
"Жас Алаш" газеті, №84, 22 қазан, 2019 ж