Ұлттық банк төрағасы енді кредит кімдерге берілмейтінін айтты
Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев жыл соңына дейін кірісі төмен азаматтарға кепілсіз қарыз беруге тыйым салатын шаралар қабылданатынын айтты, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ерболат Досаев халықтың борыш жүктемесінің өсуіне орай жүйелі тәуекелдерді шектеу үшін шілде айында тұтынушылық кредиттердің субъектілерін реттейтін заң қабылданғанын атап өтті.
"Жыл соңына дейін 90 күннен асып кеткен берешегі бар кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша тұрақсыздық сомасын, комисияны, өзге де төлемдерді есептеуге, кірісі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салуды көздейтін шаралар қабылданады", - деді Досаев үкімет отырысында.
Сондай-ақ, кепілсіз тұтынушылық қарызды кірісі төмен азаматтарға бермеуге бағытталған реттеу шаралары да қолға алынбақ.
2019 жылдың маусымында мемлекет басшысы үкімет пен ұлттық банкке табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салуды тапсырған еді.
Биыл Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 29 698 теңге болды.