ІІМ Қуандық Бишімбаевтың заң бойынша босап шыққанын айтты
Бұрынғы Ұлтты экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың босап шығуына қатысты Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев пікір білдірді, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
«Сот шешімі шықты. Жоғарғы сот бұл іске қатысты мән-жайды түсіндірген болатын. Жоғарғы соттың шешіміне қатысты пікір білдіруге құқым да, құзыретім де жоқ. Бәрі заң шеңберінде болды. Қандай нормативті құжаттардың қабылданғаны туралы мән-жайдың бәрі түсіндірілген», - деді вице-министр Үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген жауабында.
Сондай-ақ, Марат Қожаев бұрынғы министр пробациялық бақылауда болатынын мәлім етті.
«Әу бастағы үкімге қатысты шағым қаралып, сот отырысы өтті. Сотталу мерзімі менің білуімше 4 жылға дейін қысқарған. Ол мерзімнің үштен екі бөлігін өтеген. Жылдан астам уақыт қалған. Осы мерзімді өтеу оған жеңілдетілген», - деді ол.