«Ордабасының» капитаны қамауға алынды
"Ордабасы" мен "Ақтөбе" жастар командалары арасындағы жаппай төбелеске қатысты Шымкент қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп жазады Оinet.kz.

Іс “Бұзақылық” бабы бойынша тергеліп жатыр. Полицияның алдын ала мәліметінше, жанжалдың басталуына “Ордабасы” командасының капитаны себеп болған. Ол қамауға алынып, оқиғаға қатысқан басқа адамдар да мән-жайды анықтау үшін полиция бөлімшесіне жеткізілген.
Еске сала кетейік, оқиға матчтың екінші таймының басында болған. Алаңдағы жанжал кейін жаппай төбелеске ұласқан. Соның салдарынан “Ақтөбе” командасының екі ойыншысы ауруханаға жеткізілді.
Олардың бірі – Әмір Төлеев. Оның жақ сүйегі сынып, бірнеше тісі зақымданған. Тағы бір футболшы ерні мен иегінен ауыр жарақат алған.
Оқиғадан кейін матч тоқтатылды. “Ақтөбе” клубы бұл жағдайды қатаң айыптап, жарақат алған ойыншылардың ем алуына барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.


