Аманкелді Сейітхан, спорт комментаторы: Қазақ комментаторына қойылатын талапқа кісі баласы шыдай бер

Oinet.kz 22-04-2019 1666

Screenshot_23.jpg

Қазақстанда ең көп сыналатын бір ғана мамандық иелері бар. Олар – комментаторлар. Бізде сонау 1950 жылдардан бері тек қазақша комментарийлер беріліп келе жатқандай, тәуелсіздік дәуірінде де қасында қосақ ешкім жоқтай, жұрттың аңдыған-баққаны – комментатордың әр сөзі. Басқа салалардың бәріндегі кемшіліктер кешірілуі мүмкін, комментатордың матч барысында бір футболшыны басқасымен шатастырып алуы ешқашан кешірілмейді. Ал сонау 1990 жылдардың соңынан бері қазақ телекомментарийлерінің тізгінін қағып келе жатқан комментатор Аманкелді Сейітхан бұл тұрғыда не ойлайды?

Рейтинг: 1998 жылы футболдан Францияда өткен әлем чемпионатын Диас аға екеуіңіз жүргізген соң, қазақ комментаторларының жаңа дәуірі басталды дер едік. Мұндай әлемдік аламанда эфир тізгінін қолға алуға қалай тәуекел еттіңіз? 

Аманкелді Сейітхан: Негізі футбол жүргізу 1997 жылдан бастау алады. Тарих үшін қажет шығар. Қазақстан құрамасы әлем біріншілігінің іріктеуіне қатысты ғой. Алдымен содан бастадық. Оған дейінгі өмірпарақты ақтарсақ, 1994 жылы «Қайрат» командасының кездесулерін беріп жүрдік. Ол енді «Қазақстан» арнасында. Рабат аға Жәнібеков шақырды. Негізі газетте жүрдік. «Спорт» газетінде. Ұстазым Нес-ағаның қол астында. Рабат аға репортаж жүргізуді ұсынды. Қасымда Диас аға Омаров болатынын айтты. Өжеттеу кезім бе? Жүрексінген де жоқпыз. Жүргіздік. Қалай шыққанын білмедім, әйтеуір дыбыс режиссері Бекет ағаға ұнапты. Роза апай Ғизатуллина да риза болды. Керемет жүргізбеген шығармыз. Корифейлердің қайрағаны ғой. Сосын барып 1998 жыл келеді. Басшылар жиналып жатыр екен. Бір кезде бізді шақырды. Дариға Нұрсұлтанқызы төрде отыр. Қабағы қатулы. Есіктен енген бетте сұрады: «Амангелді, футболды қазақша жүргізуге болады ғой?» «Әрине». «Онда шешім мынау, қазақша жүргізілетін әлем чемпионаты ғана «Хабарға» қызық. Жиналыс аяқталды». Сөйтсек, жиындағылар Ресейден комментатор алдыруды ұсыныпты. Дариға Нұрсұлтанқызы қазақшаны қалаған. Солай болды да. Ол кезде интернет жоқ. Ойынға араласатын футболшылардың тізімі де болмайды. Матч алдында жылт еткізеді ғой эфирде. Содан көреміз. Әлгі ресми тіркеудегі сала-құлаш тізім бар енді. Мысалы, Бразилияның толық құрамы. Көп дайындалған соң ба, әлде негізгі құрам бұрыннан белгілі ме, көбіне табатынбыз. Тілге қатысты шешім қабылданған соң, жанымызды салдық. Барымызды салдық. Күнделікті жаңалықтар да мойында. Табыс болса деген мақсатпен радиодан репортаж жүргізуді сұрап алдық. Күнделігі тағы бар. Шындық. Үйге тек тамақ ішіп, киім ауыстыруға ғана келдік. 

Рейтинг: Сіздің 2002 жылғы әлем чемпионатындағы «Ан мықты ма, Кан мықты ма?», «Күлмесхан», т.б. тамаша теңеулеріңіз бен тіркестеріңіз әлі күнге ел аузында жүр. Өзіңіз қай жарысты сағынасыз, өз сыныңыздан қай жарыста өттім деп ойлайсыз? 

Аманкелді Сейітхан: «Осы мен керемет жүргізіп кеттім» деген түсінік мүлде жоқ. Қайта әлі де шыңдала бергім келеді. Өзің де жақсы білесің. Репортаж жүргізу кісі қызығатын тірлік емес қой. Айлап дайындаласың, ақшасы мардымсыз. Баяғыда Ресей комментаторларымен сөйлестік. «Франциядағы доп додасындағы барлық кездесуді жүргіздік» деп едім, сенімсіздікпен қарады. Виктор Гусев айтты ғой деймін, «әй, онда миллионер шығарсың» деген-ді. Бірақ сенбеді. Ал теңеулер.. Алла ретін келтіре ме, кейде келіп қалады.. Бірақ есімде қалмайды. Ел айтқанда да есіме онша түспейді.. Түйсікте тұрады енді. Айтқан шығармыз, бәлкім. Маған пародия жасаудың шебері – Ермахан. Олимпиада чемпионы. Ішегің түйіледі, естісең.. Франциядағы доп додасы үлкен сын болған секілді.. 

Рейтинг: Қазақ комментаторларына айтылатын сын толастауы мүмкін бе? 

Аманкелді Сейітхан: Әзірше мүмкін емес-ау. Өйткені, бізде комментаторларды ғана еш қорықпастан, үлкен шабытпен сынауға болады. Рахаттанады. Дұрыс шығар. Өйткені ел спортты көреді ғой. Комментаторды сынасаң болды, таныласың. Жұрт іліп ала жөнеледі. Анау Ресейге тамсанады. Солардың комментаторларына. Жүре тыңдайды-ау, шамасы. Екі-үш мысал. Естігенімізді аударып ұсынайық. «Допты тепті. Гол да соғылды. Бірақ кім екенін көрмей қалдым». Осыны қазақ елінің комментаторы айтсыншы, әй, дау қызады-ау! «Көрмесе неғып отыр?» деп бастасын. Немесе... енді бірі былай деді: «Аты-жөнін оқыдым, бірақ айта алмаймын, тілім сынады». Олар үшін қалыпты жағдай. Ал бізде... Қазақ комментаторына қойылатын талапқа кісі баласы шыдай бермейді. 

Рейтинг: «Бір комментатор Ресейдегідей – бір, ары кетсе екі-үш қана спорт түріне мамандануы қажет» деген пікірлер бар. Қазіргі жағдайда бізде осылай болуы мүмкін бе? 

Аманкелді Сейітхан: Дұрыс секілді. Тіпті оларда комментаторлар команданы да бөліп алады. Мысалы, Геннадий Орлов тек қана «Зенитке» жауапты. Оңай ғой. Сосын қаламақыны көтеру керек. Сонда жауапкершілік те арта түседі. Ізденіске де өріс ашылады. Кемі ақпаратты зерттеуге де қаржы болады ғой. Тіпті кейбір жаттығуларды барып көреді. Мысалы, командалардың Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарын. 

Рейтинг: Қазақша спорт терминдері де бір ізге түскен жоқ. Ортақ терминдер мен тіркестерді қалай қалыптастыруға болады? 

Аманкелді Сейтхан: Ол енді мәселе. Үлкен мәселе. Қалай шешу керек? Әзірше шешім табылмай тұр. Бірақ табу керек. Іздеу жүрміз. Сіз де іздеңіз. 

Рейтинг: Біраз жыл үзілістен кейін эфирге оралдыңыз. Қарайып қалмапсыз ба? Бұрынғыдан қандай жаңалық немесе ерекшелік байқадыңыз? 

Аманкелді Сейітхан: Әзірше бокс қой. Оның үстіне қазір, тіпті бағыма орай деп айтайыншы, «Арландар» – негізінен өзіміздің жігіттер. Көз алдымызда өскен өз балаларымыз. Кішкентай кездерінен білеміз ғой. Легионерлер қаптаса, ағаң әбден терлер еді. Біз де пендеміз. Қарайып қалған да секілдіміз. Комментаторға да бап керек қой. Жаңалыққа келсек, деректер мол қазір. Тіпті әрбір боксшының бұрын өткізген жекпе-жектерін көруге мүмкіндік бар. Рахат қой. Пуэрто-Риконың спортшыларын зерттедік, мысалы. Іліп алатын бір-екеуі ғана бар екен. Олардың «арландарға» қарсылас болып жарытпайтынын матч басталмай-ақ біліп тұрдық. Футболда да солай шығар. Интернет жақсы екен, білгің келген дүниені алақаныңа салып береді. Уыстап, қалтаға саласың да, эфир кезінде саусақпен тартып, пайдаланасың, біздің заманда ондай мүмкіндік болған жоқ. 

Рейтинг: Әлі күнге қазақ және орыс комментаторлары эфирде қатар отырады. Мұндай жағдайда комментаторлардың өз стилі тасада қалып қоймай ма? 

Аманкелді Сейітхан: Тілге тәуелсіздік әперетін тұс осы еді. Орысша, ағылшынша, қытайша, жапонша, испанша репортаж таралып жатыр ғой. Не көп, спорт көрсететін арна көп. Қазақстан тек қазақша ғана таратса ешкім өкпелей қоймас. «Котопес» деген мультикті көрген шығарсыз. Мысыққа да біртүрлі, итке де қолайсыз. 

Рейтинг: Қазақ комментаторларына «орыс тіліндегі тіркестерді тікелей аударып айтады» деген сын жиі айтылады. Мысалы, «оңай шағылатын жаңғақ емес», «Бәленше доппен», «үлкен есеппен алғанда», т.б. Осыдан құтылу үшін не істеу керек, қандай нақты ұсыныстарыңыз бар? 

Аманкелді Сейітхан: Қазақтың тілі шұрайлы ғой. Орысшадан аударамыз деп адасады көбі. Әлгі «үлкен есеппен алудың» түк те қажеті жоқ қой. Қазақ одан да ұтқыр жеткізеді. Ең бастысы, қазақы қисынмен сөйлеу. Қазақша сөйлеу, ең бастысы сол. Өзгесі бола жатар. Тегін ақыл, комментатор болғысы келетіндерге. Баяғыда бізді ұстазымыз және үлкендер, ол – Сайын аға Тұрсынов, ол – Жүсіп аға Хисымов, ол – Дендер аға Егізов, жарысқа ғана емес, жаттығуларға да жұмсайтын. Жұмсағанда, отырғызбайды. Барып көруің керек, кім қалай жаттығады, бапкерлер мен спортшылар қалай сөйлеседі, соларды қарайтынбыз. Бірде Нес-ағамен жарыс көріп отырдық. Екі көзіміз рингте. Ұстаз түртеді, рингтен төмен жақсы нұсқайды, қарадық, Серік Төлеубаевты көрдік. Қазақстан құрамасының бас бапкері, байыз тауып отыра алмайды екен. Жанын жұлып жеп отыр. Қос қолда да тыным жоқ. Керемет картина. Суреттей біл. Ұстаз жарысты қалай көру керектігін де үйретті ғой. Спортшылардың бәрімен достасып, араласатынбыз. Үйлеріне барамыз. Әбден тану керек қой, кімнің өресі қандай екенін білу үшін де. Біздің мектеп керемет болатын. Реті келген соң айтып жатырмыз. Өткенде ағылшынша білетін балаларға шет ел комментаторларының қалай жүргізетінін байқайын деп, тікелей аударттық. Еркін жүргізеді. Пауза көп. Допты кім тепкенін көріп алып барып қана айтатын кездері де болады. Мысалы, «Чав-ви-и. Иньеста. Мес-си-и-и, го-о-о-ол! Мес-си-ии!..» Дерек келтіріп әуре де болмайды. Тарихты да термейді. Көргенін айтады. Немесе әлгі ресейліктер. Деректі анда-санда ғана қаузайды. Бізді олай жүргізсең де жазғырады ғой, «әй, мынау дайындықсыз келді ғой» деп.

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

Мұрағаттан: 19.03.2015 


Мақсат Аязбаев, велошабандоз: «АСТАНА» БІЗГЕ ҮЛКЕН МҮМКІНДІК БЕРІП ОТЫР
Сүйеніш Құдыбаев: «Жапонша есімім - қатты дауыл, алып тау!»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу