Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Соңғы жылдары велоспортта қазақ жастары көптеп бой көрсете бастады. Бақтияр Қожатаев, Мақсат Аязбаев, Арман Қамышев, Руслан Тілеубаев, Никита Өмірбеков, т.б. жігіттердің алды «Астана» кәсіпқой велокомандасына қабылданып, мәртебелі жарыстарда өнерімен танылып жүр. Қашанғы әдетіміз бойынша, біз осы азаматтардан тез арада Контадор, Нибали, Вальверде, Эванс, Фрум сияқты саңлақтар шығуы қажет деп біліп, талапты тым жоғары қойып алатын сияқтымыз. Велоспорттан аз-маз хабары бар адам бұл спорттың қандай иірімдерге толы екенін, қаншалықты қиын екенін білсе керек. Сондықтан «Астана» сапына былтыр күзде ғана алынған Аязбаев пен Қожатаевтан да, бұрынырақ қабылданған Қамышев пен Тілеубаевтан да, жақсы нәтижелерімен таныла бастаған Луценко мен Фоминыхтан да «Тур де Франс» королі шыға қояды деу ертерек. Ақпан айының басында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында «Астана» командасының биылғы тұсаукесері өтіп, жаңа велошабандоздар қатарында Бақтияр мен Мақсат та таныстырылды. Мақсат бізді өзінің кәсіпқой велеошабандоз ретіндегі ғұмырының қыр-сырына қанықтырды.
Рейтинг: Мақсат, міне, «Астана» командасының толыққанды мүшесі ретінде таныстырылып жатырсың. Құтты болсын! Өткен жылдың күзінде про-команда құрамына алынғаныңа қуанған жанкүйерлер аз болған жоқ. Дегенмен «Астана» допинг дауынан жаңа маусымда лицензиясыз қалу қаупі де өте зор болды. Осы өліара шақтарда іштей қорқыныш болды ма?
Мақсат Аязбаев: Иә, шынында да іштей қорықтық. Халықаралық велосипедшілер одағы (ЮСИ) соңғы сәттерге дейін біздің командаға лицензия беру мәселесін кешеуілдетті. Әрине, бас командадағы – ағайынды Иглинскийлердің, құрлықтық командадағы 3 жас велошабандоздың допингпен ұсталуы Қазақстан үшін абырой еместігі анық. Бірақ олардың басындағы оқиға бүкіл командаға емес, жеке өз бастарына қатысты екенін көзі ашық жанкүйерлер жақсы түсінген болар. Қазіргі велоәлемде допингпен табысқа жету мүлде мүмкін емес. Бәрі біз үшін жақсы шешілгеніне қуаныштымыз. Енді барымызды салып, «Астана» мен еліміздің абыройы үшін сынға түсетінімізге қатты қуанып жүрмін.
Рейтинг: Дегенмен сол жастардың допингке бой ұрған әрекеттері «Астана-Конти» командасының жабылуына тікелей әсер етті ғой...
Мақсат Аязбаев: Міне, осы жай өкінішті. «Астана» командасына соңғы жылдары қабылданып жатқан жас спортшылардың бәрі осы құрлықтық команда баспалдағынан өтіп еді. «Астана-Конти» біз үшін болашаққа жол ашатын команда іспетті болатын. Дегенмен еліміздің велоспорт федерациясы жастарды жерде қалдырмайтынын айтты, енді біздің інілеріміз Қазақстан құрамасы сапында жарыстарға қатыса алады. Ал жас спортшылардың допинг пайдалануы, оны ешкім білмей қалады деп үміттенуі үлкен қателік. Әрине, жас адам болғасын, бәріміздің бойымызда табысқа жету, танымал адамға айналу аңсары бар екені сөзсіз. Алайда спорт кездейсоқ жетістіктерді күндердің күні бәрібір әшкерелейді.
Рейтинг: Өзің де бұған дейін жас спортшы саналдың. Енді кәсіпқой команданың мүшесісің. Бұл деңгейде талап та өзгеше ауыр болар?
Мақсат Аязбаев: Жалпы, велоспортта кез келген деңгейде шабандоздарға жеңіл болған емес. Дегенмен қазір мүлде жаңа әлемге келіп енгендей күйде жүргеніміз рас. Өйткені, ағзаға түсетін күш, өзіңе қойылар талап әлденеше есе күшейді. Талдықорғандағы алғашқы бапкерім Манат Таласбаев, жасөспірім шақтағы бапкерлерім Қайрат Байгудинов, Талғат Құлбаев, спорт мектебіндегі жаттықтырушым Виталий Штыхлин – бәрі де «асықпа, уақыттың алдына түсуге тырыспа, бәрі рет-ретімен болады» деп үйрететін. Әр адамның ағзасы әртүрлі. Кейбіреулердікі қысымға тез үйренеді, кейбіреулерге уақыт керек, бірден емес, бірте-бірте күш салуға тиіс. Біреулер өзінің спорттағы шырқау шегіне 24-25 жасында жетіп алады, ары қарай қиындау соғады. Ал Александр Винокуров сияқты жандар да бар, 40 жаста да биіктерді бағындыра алады. Ал қазір мен бәріне дайынмын. Бірақ «Астана» командасы біз сияқты жастарды бірден отқа айдап салып жатқан жоқ. Менің ойымша, алдағы бір-екі жыл біздің бой үйретуімізге, өзіміздің мүмкіндігімізді нақты танытуға кетеді. Осы уақытта біз шынында да кәсіпқой велоспортшы бола аламыз ба, әлде барға қанағат қып жүре береміз бе – көп нәрсе осыған байланысты.
Рейтинг: «Астанамен» келісім-шартыңның мерзімі қанша жыл?
Мақсат Аязбаев: Екі жыл. Бұл бізге беріліп тұрған тамаша мүмкіндік деп білемін. Мысалы, «Астана» басшылығы бізге қазірдің өзінде нағыз кәсіпқой ретінде қарайды. Мен Люксембургте тұрып жатырмын. Еуропаның ортасында болғандықтан, кез келген жарысқа, оқу-жаттығу жиындарына баруға өте ыңғайлы. Сен не ішесің, не жейсің, қайда барасың, жаттығу мен жарыстан бос уақытыңды сауыққа, ойын-тойға арнайсың ба – ешкім қадағалап жатқан жоқ, өзің қожайынсың. Бірақ «өз еркім өзіме тиді» деп велоспортты ұмытып кетер болсам, «Астанаға» менің еш керегім болмасы анық. Сондықтан осындай үлкен команда өз құрамына алып, жарыстарға қатыстырып, алдымнан жол ашып жатыр екен, мен неге ол команданы ұятқа қалдыруға тиіспін? «Астананың» арғы жағында Отанымның – Қазақстанымның абыройы тұр ғой. Демек, екі жылдық келісім-шартты кейін тағы да созу үшін мен барымды салуға тиіспін.
Рейтинг: Сонда әзірше сені «Тур де Франс», Вуэльта» сияқты суперкөпкүндіктерден көре алмаймыз ғой.
Мақсат Аязбаев: Егер командаға жаңа қосылған кез келген велошабандозды мұндай аламанға бірден қосар болса, ол, сөз жоқ, жанып кетеді. Дене күшінің сарқылатыны өз алдына, жас спортшы психологиялық үлкен соққы алады. Өйткені, «Тур де Франс» – орташа дайындықпен барып, қалпақпен ұрып ала салатын жарыс емес. Оған қаншама күш, жігер, намыс керек! Сондықтан «Астана» командасы бізді бір күндік, үш-төрт күндік жарыстарға бірте-бірте қосып, жақсылап шыңдайды. Суперкөпкүндікші бірден пайда болмайды, ол қаншама өсу жолдарынан өтеді, қанша от пен суға түседі, өз ағзасын әбден зерттейді, қандай жерде жақсы жүре алатынын, қандай жерде қиналатынын әбден біліп алады. Міне, біз осындай өткелектен өтуіміз керек. Мысалы, қазір «Астанада» Андрей Зейц деген шабандоз бар. Бірнеше жыл қатарынан суперкөпкүндіктерде капитандардың көмекшісі болып жүр. Міне, өзі топ жарып, маңдайы жарқырап жүрмесе де, осындай азаматтардың команда жеңісіне қосатын үлесі орасан зор. Велоәлемде «Зейцтікіндей денсаулығың болса...» деген әңгіме айтылып қалады. Бұл – үлкен құрмет. Андрей осыған үлкен еңбекпен, өзін шыңдай отырып жетті.
Рейтинг: «Астанаға» қосылуды көптен армандадың ба?
Мақсат Аязбаев: Мен 2009 жылы Қазақстан құрамасы сапына қабылданғаннан бастап «Астанаға» ұмтылдым. Бірақ әлі де ертелеу екенін зерделедім. Жасөспірімдер, жастар арасында жақсы жетістіктерге жетіп жүрдім. Иә, жанкүйерлер, тіпті мамандар да мені «Астана» про-тимға лайық деп қарастырды, бірақ бәрібір мен жас едім. 2011 жылдан бастап андерлер – 23 жасқа дейінгі велошабандоздар жарыстарына қатыса бастадым. Бұрынғыдан жоғарырақ деңгейде өнер көрсете бастағасын, кәдімгідей қиындықтар болды. Талап та күшейді. «Болгария турына» ересек жігіттермен жарысып, олардың бәсекесі қаншалықты ауыр болатынын сезіндім. Жасөспірімдер арасында асып кетсе 120, 140 шақырымдық қашықтықтарда жарысатынбыз. Енді кемі 180, арысы 200 шақырымнан астам жарыстар күтіп тұрды. «Болгария турының» бір кезеңінде топ жарсам да, бұл деңгейдің мен үшін әлі ауырлау екенін сездім. Сондықтан кәсіпқой командаға бірден қол артпай, тәжірибе жинауға, үйренуге тырыстым. Қалай ұйықтап, қалай тамақтанудан бастап, жарыс кезінде тактиканы қалай ұстануға дейінгі мәселелердің бәріне қанықтым. Бұрын ескермей жүрген нәрселер көп екен. Орта деңгейлі тауларға бір ырғақпен шығуға мүмкіндігім жететінін білдім. Болашақта жақсы көпкүндікші бола алатыныма сенімдімін. Өйткені «Мексика Вуэльтасы», т.б. көпкүндіктерге қатыса жүріп, өзімді зерттедім. Ағзам өзіне түскен жүкті жақсы көтере білді. Сондықтан бәрі алда деп білемін. Мексикадағы жарыста «ең мықты жас шабандоз» атанғаным да бекер емес болар.
Рейтинг: Мықты велоспортшылардың көпшілігі орта бойлы. Сенің бойы ұзын. Бұл болашақта кедергі жасамай ма?
Мақсат Аязбаев: Бәрі өзімізге байланысты. Мысалы, швейцариялық Фабиан Канчеллара аласа емес. Бірақ керемет спринтер, жазықта шаңына адам ілестірмейтін жүйрік ретінде толық мойындалған. Ал ағайынды Шлектер – тіпті ұзын спортшылар. Энди Шлектің кез келген көпкүндікте фаворит болып, сенімді ақтап жүргенін білеміз ғой.
Рейтинг: Биыл қандай жарыстарға қатысатын болдың?
Мақсат Аязбаев: Әуелі «Мурсия турына» қатысамын. Одан әрі «Альмерия туры» бар, Португалиядағы жарыстарға да тіркелдім. Сосын солтүстік турларында бақ сынаймын. Бельгияда, «Париж-Рубэ» жарысында «Астананың» намысын қорғаймын. Бірден «аспандағы айды әперемін» дей алмаймын, дегенмен үлкен жарыстарға бой үйрету кезеңін жақсы өткізуге күш саламын.
Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы
Мұрағаттан: 11.02.2015