Әуеде үзілген ғұмырлар

Oinet.kz 14-04-2019 1548

Screenshot_29.jpg

«Пахтакор» футбол командасының әуе апатына ұшырағанына 35 жыл толды

1979 жылдың 11 тамызында КСРО чемпионатының кезекті матчын өткізу үшін Минскіге ұшып шыққан өзбек футболшыларын сол күйі қайтып ешкім көрген жоқ. Сол күні Мәскеу уақытымен сағат 13.35-те Украинаның Днепропетровск облысы, Днепродзержинск ауданының үстінде олар мінген «Ту-134» ұшағы Челябинск-Воронеж-Кишинев бағытында ұшып бара жатқан тағы бір «Ту-134»-пен соқтығысты. Екі ұшақтан да бірде-бір адам тірі қалған жоқ: жалпы саны 178 адам қаза тапты, оның 13-і қос әуе кемесінің экипаж мүшелері болса, 17-сі «Пахтакор» футбол клубының өкілдері еді.

Диспетчердің қателігі

«Сол күні аспан өте бұлтты еді, – деп еске алады Харьков авиация орталығы оңтүстік-батыс секторының жауапты қызметкері Ю.Полтавченко Украин спорт сайттарының біріне берген сұхбатында. – Оның үстіне, оңтүстік бағытқа қарай КОКП Бас хатшысы Л.И.Брежнев мінген арнайы лайнер ұшып бара жатқандықтан, оған жеке әуе дәлізін босатып, басқа әуе жолдарын барынша тығыздауға тура келді. Бұған қоса, біздің авиация орталығының ауысым басшысы С.Сергеев осы бір аса жауапты аумаққа тәжірибесіз жас диспетчер Н.Жуковскийді белгілеп, оның жұмысын қадағалауды бұған дейін де өте тыңғылықтылығымен көзге түсе қоймаған В.Сумскойға тапсырды…».

Бәрі де Жуковскийдің қос «Ту-134»-тің Днепропетровск аймағынан ұшып өту уақытын дәл белгілемеуінен басталған. Сағат 12.53-те Воронеж әуежайынан Челябинск-Воронеж-Кишинев бағытындағы ұшақ көкке көтерілген. Ал сағат 13.11-де Донецк әуежайынан Ташкент-Гурьев-Донецк-Минск бағытындағы жолаушылар лайнері ұшып шыққан. Воронежден шыққан, жер бетінен 8400 метр биіктікте келе жатқан молдовалық әуе лайнерінің экипаж командирі А.Тараненко 13.17-де диспетчермен байланысқа шығып, 9600 метр биіктіктегі бос әуе дәлізіне көтерілуге рұқсат сұраған. Бірақ авиация училищесін таяуда ғана бітірген Жуковский дәл сол биіктікте қарсы бағыттағы тағы бір ұшақтың келе жатқанын айтып, рұқсат бермеген. Егер оның орнында тәжірибелі маман отырғанда, міндетті түрде рұқсат берген болар еді, өйткені, қарама-қарсы бағыттағы ұшақтың Днепропетровск аумағынан өту уақыты молдовалықтардың мерзімінен 5 минуттай бұрын еді. Амал жоқ, Воронежден шыққан «Ту-134» 8400 метр биіктікте қала берген.

13.25-те диспетчерге Донецкіден көкке көтерілген (әу баста Ташкенттен ұшып шыққан) белоруссиялық ұшақтың экипаж командирі А.Комаров хабарласып, 5700 метр биіктікте келе жатқанын айтқан және Днепропетровск үстінен 13.34-те өтетінін ескертіп, 8400 метр биіктікке көтерілуге рұқсат сұраған. Әу баста уақытты дұрыс белгілемеген, онысын радиолокатор арқылы тексеріп алуды да ескермеген Жуковский «екі ұшақтың Днепропетровск үстінен өту уақытында 3 минут айырма бар» деп қате есептеп, оған жоғары көтерілуге рұқсат берген. Яғни, белорус және молдован ұшақтары бірдей биіктікте ұшып келе жатты.

Бұған дейін жұмысты бақылап қана отырған аға диспетчер Сумской радиолокатор экранындағы ахуал мен Жуковскийдің қолмен сызған графигінің аса сәйкесе бермейтінін аңғарып қалып, дереу микрофонды қолға алып, 9000 метр биіктікте келе жатқан «Ил-62»-нің 9600-ге көтерілуін талап еткен. Ал белоруссиялық «Ту-134»-ке «тез 9000-ға ауыс, Днепродзержинск аумағында 8400 метр биіктікте – қазір қарбалас» деп тапсырған. Микрофоннан: «Ұқтым (әрі қарай бірнеше сөз анық емес), …8400…» – деген жауап естілген. Екі диспетчер де мұны белорус экипажының жауабы деп түсініп, қауіп сейілді деп есептеген. Шын мәнінде бұл «Ил-62» командирінің жауабы екен. Бұл кезде 8400 метр биіктікте келе жатқан қос ұшақтың соқтығысуына 1 минут 5-ақ секунд қалған еді.

Screenshot_30.jpg

178 ғұмырдың «құны» – 15 жыл

Егер Сумской мен Жуковский экипаж командирінен жауапты тағы бір нақтылап сұрағанда, оның басқа ұшақтан жеткенін түсінер еді. Яғни, қалған 1 минуттың ішінде бір биіктікте келе жатқан қос ұшақтың бірін жоғарырақ эшелонға шығарып жіберіп, апаттың алдын алуға болар еді. Амал не, диспетчерлер жауапты қайталай нақтылауды қажет деп санамады. Сумскойдың жас әріптесіне: «Көрдің бе, сәл болмағанда неге ұрына жаздағанымызды?!» – дегенін кейін оның өзі бір естелігінде мойындапты.

Өкінішке қарай, диспетчерлердің қателігі (әлде жауапсыздығы) аса үлкен қасіретке – Кеңес Одағы тарихындағы ең ірі, ең қорқынышты әуе апатына әкеп соқтырды. Сағат 13.35-те молдовалық «Ту-134» белоруссиялық «Ту-134»-тің тура бүйірінен кеп соқты. Екі жақтың да экипаж мүшелері ештеңе жасай алмады, тіпті лайнерді сәл болсын бұрып та үлгермеді, себебі, ұшақтар бұлт арасында келе жатқандықтан бірін-бірі көрмей де қалды. Қарама-қарсы қатты жылдамдық, аса жойқын соқтығысу, ұшақтардың өте биікте келе жатуы – мұның бәрінен соң жолаушылардың аман қалуға мүмкіндігі нөлге тең еді.

Апатты алғаш байқаған Черкассы-Донецк бағытымен ұшып келе жатқан «АН-2» ұшағының экипажы екен. «Көмекшімнің «Ананы қараңызшы, сұмдық!» дегеніне жалт қарасам, бізге таяу тұста әуе кемесінің қалдықтары қалқып барады екен: сынған құйрығы, талқаны шыққан қанаттары, шашылып түскен шассиі… Ең үрейлісі, бөлшектенген, қызыл қанға боялған адам денелері…» – деп еске алады «АН-2»-нің ұшқышы И.Чернов.

И.Черновтың хабарламасын жердегілер 13.40-та алған. 14.08-де іздеу-құтқару қызметі өкілдерін отырғызған арнайы «АН-2» ұшағы апат орнына аттанған. Көп ұзамай Днепродзержинск ауданының Куриловка, Николаевка және Елизаветовка ауылдарының тұсынан «Ту-134» ұшақтарының сынықтары, адам денелері табылған. Аса қатты жылдамдықпен соқтығысқан соң, әрі 8400 метр биіктіктен құлағаннан кейін қан мен еттің қорқынышты қосындысына айналып кеткен адамдарды тану мүлде мүмкін емес еді, оларды тек төлқұжаттары арқылы ғана айыра алды. 16 жасқа дейінгі 12 баланың кім екенін білу тіпті біраз уақытқа дейін мүмкін болмады.

…Қос ұшақтан да ешқандай бұзылған тетік табылмаған соң, апатқа Н.Жуковский мен В.Сумской кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсысы 15 жылға сотталды. Ал аталған диспетчерлерді аса күрделі аумаққа жұмысқа жіберген басшы С.Сергеев сотқа тіпті куәгер ретінде де шақырылған жоқ.

Жаманат хабарды жауып тастай жаздады

Айтпақшы, бұл сот қайғылы оқиғаға байланысты құрылған арнайы тергеу-тексеру комиссиясының шешімінен соң, яғни, бір жылдан кейін, 1980 жылдың күзінде болды. Әуелде, кеңес өкіметінің «қанға сіңген дәстүрі» бойынша, бұл апат та сол жабылған қазан күйінде қалуы әбден ықтимал еді. Ұшақтар соқтығысынан соң бірнеше күн өтсе де, кеңестік БАҚ жұмған аузын ашпады. Минскідегі «Динамо» – «Пахтакор» матчы неге өтпеді, оның кейінге қалдырылуына не себеп – жұртшылыққа ешкім түсіндірген жоқ. Егер ұшақтардың бірінде Ташкенттің «Пахтакор» футбол командасының мүшелері болмағанда, бұл азалы ақиқаттың айтылуы да неғайбыл-тын. Өз кемшілігін жасыру үшін адам өмірін ойыншық етуден тайынбайтын жүйеге осындай үнсіздік керек еді. Бірақ бүкіл елге белгілі спортшылардың қайда кеткенін ертең халыққа қалай түсіндірмек? Міне, осы мәжбүрліктен соң ғана билік баспасөзге рұқсат берді. Ең бірінші болып өзбек БАҚ-ы қазанама жариялады. Жап-жас, өрімдей жігіттердің қазасын туыстарына естірту де оңай тірлік емес. Бұл қиын міндетті Өзбекстан спорт комитеті алқасы өз мойнына алды. Әр футболшының отбасына зейнетақы тағайындалды, баспанасыздары үймен қамтамасыз етілді. Марқұмдарды соңғы сапарға шығарып салуға Өзбекстан Компартиясы ОК Бас хатшысы Шараф Рашидовтың өзі қатысты.

«Пахтакор» – ол кезде КСРО чемпионатындағы беделді футбол ұжымдарының бірі еді. Әрине, ол ешқашан чемпион болған жоқ, тек бір рет қана ел кубогының финалына шықты, алайда өзіндік қолтаңбасы, ерекше ойын өрнегі бар танымал команда-тұғын. Шабуылшы Владимир Федоров 1976 жылы Еуропа чемпионы болған КСРО жастар құрамасының белді ойыншысы еді, тіпті ұлттық құрама сапында да бірер матч өткізіп үлгерген болатын. Олимпиялық құраманың жартылай қорғаушысы боп жүрген Михаил Ан жарақатына байланысты тіпті Минскіге ұшпауға тиіс еді. Ол әуежайға тек әріптестерін шығарып салуға ғана келген екен. Алайда, отбасылық себептерге орай аяқ астынан қорғаушы Анатолий Могильный ұша алмайтын болды да, билет босқа кетпесін деп оның орнына Ан кете барды… Бұл екеуіне қоса қақпашы Сергей Покатилов, қорғаушылар Әлімжан Аширов, Юрий Загуменных, жартылай қорғаушылар Александр Корченов, Константин Баканов, шабылшылар Владимир Макаров, Виктор Чуркин, негізгі құрамға сол жылы ғана қосылған жастар Равиль Агишев, Сирожиддин Базаров, Шухрат  Ишбутаев, Николай Куликов, Владимир Сабиров, дәрігер Владимир Чумаков, әкімші Мансур Талибжанов, бапкер Идгай Тазетдинов – ұзын-ырғасы 17 пахтакорлық қорқынышты апаттың құрбанына айналды.

Бір қызығы, команданың бас бапкері (ол кезде аға бапкер деп аталатын) Олег Базилевич Сочиде демалып жатқан өз отбасымен бір күн бірге болу үшін жолға ертерек шыққан екен. Жаманат хабарды Қара теңіз жағалауында жатып естіген ол бірден Ташкентке ұшып келді. Небәрі 12 күннен соң, яғни, 23 тамызда ол жаттықтырған жаңа «Пахтакор» Ереванда «Араратқа» қарсы алаңға шықты. Өйткені, Өзбекстан қасіретін өз қасіретіндей қабылдаған одақтас өзге республикалардың командалары Ташкентке бірнеше ойыншыларын берді. ЦСКА-дан Михаил Бондарев, «Спартактан» Валерий Глушаков пен Сергей Башкиров, «Черноморецтен» Владимир Нечаев, «Карпатыдан» Сергей Страшненко, «Қайраттан» Дмитрий Огай, «Памирден» Нуриддин Амриев, кутаисилік «Торпедодан» Зураб Церетели, минскілік «Динамодан» Петр Василевский, мәскеулік «Динамодан» Андрей Якубик пен Алексей Петрушин, «Локомотивтен» Анатолий Соловьев және Өзбекстанның өз клубтарынан тағы бірнеше футболшы «Пахтакорға» ауысты. Олардың біразы кейін қайтып өз клубтарына оралды, ал кейбірі спорттық ғұмырын Ташкентпен мәңгі байланыстырды. Тіпті Андрей Якубик 1982 жылы «Пахтакордың» сапында жүріп КСРО чемпионатының бас мергені атанды.

Қасіретті оқиғадан соң КСРО футболының атқамінерлері өзбек клубына көрсеткен нәтижесіне қарамастан 5 жыл бойы жоғарғы лигада қалуына мүмкіндік берді. 1979 жылы «Пахтакор» 9-орын алса, 1980 жылы 16 (ол кезде жоғарғы лигада 18 команда өнер көрсететін), 1981 жылы 18 (төменгі топқа 16 және 17-орындарда қалған Дондағы Ростовтың СКА-сы мен Симферопольдің «Тавриясы» түсті), 1982 жылы 6, 1983 жылы 10-орынға ие болды. Өкінішке қарай, 5 жылдық жеңілдік аяқталған соң, 1984 жылы соңғы турға дейін өліспей беріспеген өзбек клубы 17-орын алып, бірінші лигаға түсіп қалды. Одан кеңес футболының жоғарғы тобына тек 1991 жылы ғана оралды. Алайда бұл кезде Одақтың өзі де тараудың аз-ақ алдында тұр еді…

2009 жылдың 4 тамызында Депропетровск облысының Куриловка ауылында 1979 жылдың 11 тамызында қайғылы қазаға ұшыраған «Пахтакор» футболшыларына қойылған мемориал-ескерткіш ресми түрде ашылды. Бұл кешеннің жобасын 2005 жылы Алла Шулепина-Тазетдинова (ташкенттік клубтың бұрынғы футболшысы, сол кездегі бапкері Идгай Тазетдиновтың жесірі) жасаған екен. Аталмыш акцияның идеясын Қазақстанның «PROСПОРТ» басылымы ұсыныпты.

Бетті дайындаған Сәкен СЫБАНБАЙ

МҰРАҒАТТАН: 07.08.2014


Одақты дүркіреткен Созақ футболы…
Гүлісхан Нахбаева: Әлем чемпионы атанғым келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу