Одақты дүркіреткен Созақ футболы…

Oinet.kz 14-04-2019 1926

Screenshot_28.jpg

Мен сіздерге бір қызық айтайын. Әңгіме қазақтың ең бір жанды жері футбол хақында. Сіздерді қызықтыратыны сөзсіз. Себебі, осы бір спорт түрінен ала алмай         жүрген еншіміздің бар екенін барлықтарыңыз білесіздер.  Аяқдопшыларымыз жасыл алаңға шыққанда жанарымызбен жер шұқығанбыз талай мәрте. Ұлттық құрама туралы айтып отырмын. Әлем чемпионаты біздер үшін арман, ол түгілі Европа чемпионатында доп тебудің өзі жақын арада мұң болатын түрі бар. Кеше ғана біткен, Әлем чемпионаты тарих қойнауына кетті. Айтулы додада, өзге ұлттың футбол құрамасына жанкүйер болуды пешенемізге жазыпты. Біріміз Германияны мақтап бөстік, тағы біріміз Мессиді бәрінен артық көріп, әулиедей табындық. Қойшы әйтеуір, ұлты, діні, ділі бөлек әр елге болысқан қазақ жанкүйерлері қызыл кеңірдек болып біразға барыстық.  Айтпағымыз бұл емес. Тарих қойнауынан сыр шертсек па дейміз. Еңсесі түскен қазақ футболының өткенін қазбалап, ой таразысына салып жасыл алаңға телміргендер мен ала допты ермек еткен футболшыларға ой салсақ па деген ой. Тыңдар құлақ болса, айтылар сөзге құлақ сал.

             Футболдың қазақ жеріне келуін 1913 жылдары деп топшылар жүр қазақ елі. Заңғар жазушы М. Әуезовтың доп тепкенін жанкүйер қауым аңыз етеді әлі күнге. Расында бір ғасыр болыпты. Демек қазақ жеріне домалақ доптың келгеніне бір ғасыр. Ойдан ой туады, бокстың дәнін еккен Шоқыр Бөлтекұлы екенін бәрі біледі. Шоқырдың шекпенінен шыққандар қазақ елінің абыройын асқақтатып жүр бүгінде. Аңызға бергісіз жеңістердің куәсі -  қалың ел. Ал футболда ше? Бәрі керісінше. Қарсылас қақпасына гол салсақ қуанамыз. Шөліркеген жанкүйер мұны да жетістік деп бағалауда. Айыз қандырар футбол ойынын көру қазақ жанкүйерлерінің маңдайына жазбаған ба деп қаласын кейде. Орыс баспасөзінде «қазақ баласы доп тебуге дәрменсіз» деген пікірді естіп те, көріп те жүрміз. Сол сөздің қате айтылғанына бір дәлел!

Алпысыншы жылдары «Қайраттың» футбол клубының қарқынын, Т. Сегізбаевтың жасыл алаң төрінде атой салғанын ел ұмытқан жоқ. Жайлаудағы қойшыдан, бірінші хатшыға дейін қара жәшіктің құлағын бұрап тың тыңдады. «Қайраттың» ойынын көзімен көрмегендерге айтамыз да. Алматыдағы Орталық стадионда ұлттың намысын ту еткен отыз мыңнан аса жанкүйер «Қайрат» жеңсе қуанып, жеңілсе жылады. Ұлтсыздану жолында құрбандыққа шалынған қазақ халқының жалғыз алданышы «Қайрат» футбол клубы болатын. Жалпы сол заман қазақ баласының спортқа бет бұрып қанатымен су сепкен қарлығаштай, жеңістерге барар жолды жаңылмай тауып жүрген кезі. Жанкүйер қауымның желпініп спортшыларды аңыз етіп әңгімеге, өлең етіп жырға қосқан уақыты. Осылардың жалғасы түкпірдегі Созақ ауданындағы «Шалқар» футбол командасы десем сенесіздер ме? Сөзіміз нақты болу үшін команда капитаны болған Аманғали Аймұрзаевтың өз аузынан естісек. 

«1967 жылға дейін көше футболын ойнап келдік. «Жабайы» футбол. Ала допты алдымызға салып алып жиырма бала күні бойы жүгіреміз. Көшемен көше, сыныппен сынып кездесіп доп тебеміз. Кішігірім чемпионатқа бергісіз. Футболдың әдіс, тәсілін үйреткен ешкім жоқ. Бастысы доп аяққа тисе, қарсылас қақпаға гол салсақ соған мәз болатынбыз. Тек сол жылы мектепке денешынықтыру пәнінің мұғалімі Таужан Батыров келіп өмірімізді күрт өзгертті. Жалпы сол кезде Созақ спортындағы елеулі оқиға болған «Шалқар» футбол командасының қалыптасуына жеңісті жолды жалғастыруына, алаң сыртындағы үш тұлғаны атамай кеткеніміз қиянат болар. Олар сол кездегі аудандық спорт және физкультура комитетінің төрағасы Оралбай Дәуленбаев, «Шалқар» футбол командасы жасақталып шыққан Ы.Алтынсарин мектебінің директоры Сейілбек Наурызбаев, және денешынықтыру пәнінің мұғалімі Таужан Батыров болатын. Сонымен 1967 жылдың көктемінде құрылған футбол командасы жаз айларында болған Шымкент қаласындағы облыстық жарысқа тұңғыш қатысқанына қарамай екінші орын алды. Бар болғаны екі,үш ай командалық доп тебуді үйренген футболшылардың нәтижесін қарай беріңіз. Финалда республика чемпионатында жүлде сұрап жүрген Шымкент қаласының «Металлург» командасын ғана алға жіберді. Араға бір жыл салып «Былғары доп» жүлдесінде қарсы келген барлық қарсыластарын бас көтертпей жеңіп облыс жеңімпазы атандық. Осы жерде ескерте кететін жағдай «Былғары доптан» өткен республикалық, Бүкілодақтық жарысқа облыста бірінші орын алған негізгі құрамды алып бара алмадық. Қанша жерден облыс жеңімпазы болсақ та, облыстық комсомол комитетінің жауапты қызметкері Республикалық финалға тек Шымкент қаласының командасы қатысады деген болатын. Осы сөзді естіген командадағы әріптестер жаз айларында жайлаудағы туыстарына, бірі оқушылардың «Артек» пионер лагеріне кетіп қалған. Өзі де спортшы Таужан Батыров ағайымыз қол добынан Республика құрамасының сапында Прибалтикада өтетін жарыста жүрген болатын.

…Алаңсыз ауылда жүргенімізде, облыстық балалар спорт мектебінің қызметкері Н.Казанков, аудандық комсомол комитетінің қызметкері Б. Шараповтар  мені тауып алып,  Петропавловскі қаласында өтетін Республикалық жарысқа «Шалқар» командасының қатысатынын айтқан қуанышты хабарды жеткізді, команда капитаны ретінде тез арада команданы дайындауды маған тапсырды. Ауылда қалған  жігіттермен он күн жаттығу жүргіздік. Шымкент қаласында жеделхатпен арнайы шақыртылған Т. Батыров қосылды. Айта кету керек, ірі қалалардан жарысқа 17 команда келсе, шалғай ауылдан келген біз 18-ші команда болдық. Қарсыластардың менсінбей қарайтыны емеурінінен білініп тұрды. Дегенмен жарыс барысында қарсы келгенді жеңіп топтан озып шықтық. Таң қалмаған адам жоқ. Себебі ауыл футбол командасының шамасы белгілі, топтан аса алмайды деген болатын мамандар. Сонымен 1-3 орын арасындағы жүлделі орынды Жамбыл облысының және Шығыс Қазақстанның Зыряновск қаласынан келген командалармен сарапқа салдық. Жамбылдықтарды 2:1, зыряновскіліктерді 2:0 есебімен жеңдік. Ауылдан шыққан жалаң аяқ балалар осылайша «Былғары доптан» Қазақ КСР-нің чемпионы болдық.

Screenshot_27.jpg

 Жеңісті жолымыз мұнымен де бітпес пе еді, «әттең». Тарих парақтарын ақтарар болсақ Арменияның астанасы Ереванда «Былғары доптан» Бүкілодақтық жарыс болғанын білесіздер. Әр республикадан үздік шыққан командалар барады онда. Ел намысын қорғауға Қазақстандағы теңдессіз команда біздің «Шалқар» командасы баратын болды. Бірақ, белгісіз себептермен кешігіп бардық жарысқа. Кешігіп келген біздерге екі ойынға жеңіліс жазып қойыпты. Өзекті өкініш биледі. Күресерге дәрмен жоқ. Кімді кінәларыңды білмейсің. Пойыздан түскен соң дәл жарты сағаттан соң Дағыстан командасымен шықтық алаң төріне. Жолдан шаршап келгенімізге қарамай 3:1 есебімен жеңдік. Одан соң кезекті қарсыласымыз алаң қожайыны, Одақ көлемінде ойнақ салып жүрген атақты «Арарат» футбол командасының қосалқы құрамынан 3:0 болып ұтылдық. Соңғы ойынымыз Латвия құрама командасымен тең ойнадық. Әрине, алғашқы екі ойындағы жеңілістің нәтижесінен 13-14 орындарды бөлістік. Одақтың 24 командасының арасынан көрсеткен нәтижеміз осы болды. Сол кезде жолдан кешігіп келмегенде, команда сапында негізгі ойыншылар болғанда, әлдеқандай заман болар ма еді?» - дейді, «Шалқар» футбол командасы сапында доп тепкен ағамыз. Сол жарыста техникалық шеберлігімен, дене әлеуетімен көзге түскен кейіпкер ағамыз «Ең таңдаулы ойыншы» атағына ие болған еді. Ереван төрінде атой салған жас футболшылар З.Бәкіров, М. Мейіров, Қ. Жұмақов, А. Қуатбеков, Т. Құдияров, А. Омаров, С. Төлбасиев, Е. Тұрғынбаев, Б. Смағұлов, Б.Омаров, Ә. Омаровтар болатын.

   Мұнан шығатын қортынды қазақ баласы доп тебе алмайды деген пікірдің қасаңдығы. Қазақ баласының доптан да алар еншісінің бар екендігі. Ақылға салып қарасаңыз алпысыншы жылдары ешқандай спортқа арналған ғимараты жоқ, тіпті спорттық жабдықтары болмаған, алты айы қыс, алты айы жаз Созақ ауданынан шыққан көше футболының балалары Одақ көлемінде ойнақ салды дегеніңізге кім сенеді. Мархаббат оқыңыз да, қалың ойдың жетегіне кете беріңіз. Маған кәміл сеніңіз аузын айға білеген Еуропаның футбол жастары да дәл мұндай ерлікті қайталамас еді. Дәл мұндай ерлікті Бразилия елінен іздегеніңіз дұрыс болар. Айтайын дегенім қазақ футболының көсегесі ауыл спортына, ауыл футболына мән бермей ешқашан көтерілмейді. Болашақ футбол жұлдыздарын ауыл маңындағы сазда, жалаң аяқ доп тепкен қарадомалақтан іздегеніміз дұрыс болар. Осыған жоғарыда келтірген мысалымыз дәлел. «Шалқар» футбол командасын білгіңіз келсе, Созаққа келіңіз, алпысыншы жылдардағы Одақтың, Республиканың баспасөзін ақтарып қараңыз. Болмаса Сәуірбек Бақбергеновтың «Он үшінші ойыншы» деп аталатын кітабын бір оқып шықсаңыз бәріне көз жеткізесіз. Созақта осындай да футбол командасы болған!

Спортқа жаны құмар, кезінде кәсіби түрде алдопты жанына серік еткен, Аманғали Аймұрзаев бүгінде Созақ ауданының әкімі. Әкім орынтағына отырған соң спорт саласында жүйелі түрде жұмыс жасалды. Нәтиже де көп күтірілген жоқ. Аудан көлеміндегі спортшы жігіттер, Әлем, Азия жарыстарында ел қоржынына жүлде салып жүр.  Дамен Даурен, Акбар Елубайлар созақтың мақтаныштары. Ал оған, ұлттық құрамада ойнап, «Астана» клубында үздік ойын көрсетіп жүрген Таңат Нөсербаевты қосыңыз. Оңтүстіктен шыққан бокстан тұңғыш әлем чемпионы – Біржан Жақып та Теріскейдің төл тумасы. 

Осындайда қай-қайдағы еске түседі. Әлі есімде, әкім тағына отырған жылы, ауылдағы спорт саласының мамандарын жинап алқалы отырыс өткізді. Сөз аудан әкіміне тиді. Сондағы Аймұрзаев мырза бүй деді: «Сіздер, спортшылар ойларыңызды өзгерту қажет. Облыстан, респубикадан жүлде аламын деп емес, әлемдік жарыстардан жеңімпаз болып ораламын деген ой тұру керек»- деп еді. Әрине осы сөзден кейін, Созақтан қос бірдей әлем чемионы мен, Азия жүлдегері шықты деу әбестік болар. Бірақ, осыдан кейін-ақ облыс, респубика деңгейінен ары аспайтын спортшылар  түлеп сала берді.  

Бүгінде ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тауып, Созақ ауданының  «Шалқар» командасы Қазақстан Республикасы 2-лига чемпионатында өнер көрсетіп келеді.  2-лига командалары арасындағы кубокты сарапқа салған бәсекеде  сынық сүйем қалып сүрінді. Кубок жолындағы тартыстың финалдық ойынында, футбол тарихына бай Ақтөбенің «ВестХроун» командасынан ұтылып, екінші орынды алды. Содан соң, 2- лига командаларының оңтүстік аймақтық біріншілігінде  (Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары) үздік шығып, күз айларында Талдықорған қаласында өтетін финалдық ойынға қатысуға мүмкіндік алды. Егер одан үздік шығып жатса, облысымыздағы «Қыран», «Мақтарал» футбол клубтарымен қатар, Созақтың «Шалқар»  командасы да 1-лигада доп тебеді...

Сын сағаты алда, ұлттық құрама үшін алда әлі талай кездесулер мен футбол ойындары күтіп тұр. Біздің мақсат - Созақты мақтау емес, футбол тізгінін ұстағандар шенеуніктерге ой салсақ дейміз. 

Ерлан РАЙЫМҚҰЛОВ, 

Созақ ауданы, 

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Мұрағаттан: 07.08.2014


Ильин, Сәпиев, Рыпакова... Көзі тірі чемпиондардың есімін нысандарға беру дұрыс па?
Әуеде үзілген ғұмырлар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу