Наурызды қайта жаңғыртқан қазақ елі
Табиғат ананың жаңарып, күн мен түннің теңескен күні Наурыз көне заманнан бері тойланып келе жатқан мереке. Наурыз сөзі парсының «нау» (жаңа), «руз» (күн) деген сөзінен шыққан. Қазақ бұл мерекені Ұлыстың Ұлы күні деп те таған. Халқымыздың наным-сенімі бойынша, Ұлыс келер түні әр үйді Қызыр (Қыдыр) аралайды. Сол түні Қызыр жолыққан адам өте бақытты болады. Қызыр ата Ілияс пайғамбардың екінші аты деген де түсінік бар. Осыған орай Түркияның кейбір өңірлерінде наурызға Қыдыр-Ілияс есімдерін қосып айтудан шыққан «Қыдыр- еллез» күні бар. Бұл күні түрік ағайындар от жағып, оның үстінен аттап өтіп, өзіндегі дертті аластайды.
1988 жылы ол алғаш рет біздің елімізде қайта тойлана бастады.
Наурыз мейрамына неліктен Ұлыстың Ұлы күні деген тіркес қосылған? Діни аңыздар бойынша, Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген сәтте жердің бетін жайлаған топан су кері қайтады. Осы кезде кемедегі жан-жануарлардың табаны жерге тиіп, бәрі де көктен түскен қасиетті қазаннан дәм татады. Нұх пайғамбар осы бір сәтті күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп жариялапты. Ұлыс сөзі түркі-моңғол халықтарында бірнеше мағынаға ие. Алтыншы ғасырда ол «мекен», «қала» мағынасында айтылды. XIII ғасырда Шыңғыс хан әрбір ұлына иелік бөліп бергенінде олар «ұлыс» деп аталды. XVI-XIX ғасырларда Сібірді мекендеген буряттар мен қалмақтарда рулық бірлестіктегі әкімшіліктің атауы – «ұлыс» болды. Ұлыс – Орта Азия халықтарында аймақ мағынасында қолданды. Оны «Ноғай ұлысы», «он сан ноғай ұлысы» деген атаулар дәлелдейді.
Халық арасында Наурыз мейрамына байланысты аңыз әңгімелер де көп. Бір-екеуіне тоқталсақ: Бір күні Сүлеймен пайғамбар сиқырлы жүзігін жоғалтып алады. Сөйтіп, патшалығынан көз жазып қала жаздаған ол кейін жүзігін тауып алады. Бұл наурыз айында болған оқиға екен. Пайғамбардың жүзігі табылған күн содан бері Наурыз мерекесі болып тойланып келе жатқан көрінеді. Тағы бір аңызда Парсы патшасы Жәмшіт аңға шыққанында тартқан садағы аңға тимей, жартасты жалап өтеді. Содан шыққан ұшқын жердегі шөпке тиіп, от жағылады. Отты ирандықтар киелі санап, өшірмей, оған табынатын болыпты. Сол от пайда болған шақ – Наурыз күні екен. Келесі аңызда Түрік қағанатының патшасы Илхан соғыста жеңіліп, жау оны бала-шағасымен бірге қырып тастайды. Жалғыз-ақ, кенже ұлы Қаян мен жиені Тұқыз құтылып, әйелдерімен жан сауғалап, тау қоршаған бір алқапқа барып жасырынады. Олар бұл жерге Ергенеқон деп ат қояды. Біраз уақыттан соң бұлардың ұрпақтары ол жаққа сыймай кетеді. Тек сол жерден сыртқа шығатын жол табылмайды. Сонда бір ұста тау қуысында темір кені барын, соны отпен балқыту арқылы сыртқа шығатын жол салуға болатынын айтады. Ақыры солай жасалып, халық кең далаға шығады. Бұл оқиға да наурыз күні болған көрінеді...
1926 жылы Наурыз мейрамын Ислам дінінің қалдығы деген желеумен тойлауға тыйым салынды. Сексенінші жылдардың аяғында Наурыз мерекесін қайтй жаңғырту жөнінде ұсыныстар айтыла бастады. 1988 жылы ақын Мұхтар шаханов сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбинге Наурызды халыққа қайтару жөнінде арнайы хат жазды. Осы хаттан кейін Колбин Наурызды тойлауға келісімін берді. Сол жылы Наурыз мерекесі үш-ақ жерде - Алматы қаласында, Алматы облысының Жамбыл ауданында және өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында дүркіреп атап өтілді.
Наурыз мерекесін қазақтардың кең көлемде тойлап жатқандығы көрші елдерге де әсер етті. Келесі жылдың көктемінде Ұлыстық Ұлы күні Қырғыстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан республикаларында атап өтіле бастады. Қазақстан осылайша бүкіл Азия елдерінде Наурыз мерекесін қайта жандандыруға себепкер болды.
2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз ЮНСЕКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізілді. Осы кезен бастап 21 наурыз Халықаралық Наурыз күні деп жарияланған.
Бүгінгі күні әлемде Наурыз меркесін ресми тойлайтын елдердің қатарында Иран, Ауғанстан, Әзірбайжан, Тәжікістан, Ресейдің бірқатар автономиялық республикалары, Албания, Ирак, Курдистан, Үндістан, Қырғызстан, Македония, Түркия, Түркменстан және Өзбекстан бар. Қазақстан Наурызды мемлекеттік мереке ретінде үш күн тойлайтын бірден-бір ел.
Наурызға байланысты ырым-тыйымдар
Қазақ ежелден ырымшыл халық. Соның ішінде Наурыз айына қатысты ырым-тыйымдар да жеткілікті. Ата-бабамыз Наурызды қараңғының – жарыққа, ызғардың - жылыға, қараның – аққа, сордың – баққа, кесірдің – киеге, жоқтың – барға ауысатын талайлы табалдырығы деп таныған. Төмендегі ырымдарды санамызға сақтай жүрейік.
- Жыл ішінде мал-жан ауру-сырқаудан аман болады деп ырымдап, Наурызға қарсы ауыл-аймақ тазартылып, адамдар жаңа, таза киініп, шашын алып, бойын тазартып, мойнындағы қарызынан құтылады. Күнәсынан барынша арылуға тырысып, тәубесіне келеді.
- Жаңа жылдың алғашқы таңы атып, күн шыққанда, күннің «Құты» дарыған кісі мол ырысты болады деп ырымдалып «Қызыр түнін» күзетіп шығады.
- Таң бозарып ата бастаған кезде, ауыл-аймақта үлкен-кіші демей биіктеу жерге жиналып, күнге қарап:
«Армысың, Қайырлы Күн - Ана!
Армысың, кеудесі түкті Жер - Ана!
Жаңа жыл жарылқа, жарылқа!» – деп, күнге тәу етіп, бата жасайды.
- Наурызнамада сойылған Көк өгіздің бауыздау қанымен балалардың маңдайына күн бейнесін салып, «Құты дарысын, сіңсін» - деп ырым етеді.
- «Көк қаулап өссін, ақ мол болсын» - деп ырымдап, «Құтаю» рәсімі бойынша жаңа бүрлеген шыбыққа ақ бүркеді.
- Пәле-жала, ауру-сырқау, реніш-қайғы өткен жылда қалсын, отпен жанып кетсін деп «Аластау» рәсімін жасайды.
- Ұлыс күні жауған қар «Ақшақар», «Нұржауды» деп аталады. Ол басталатын жылдың ырысты болатындығының нышаны.
- Наурыз күні қарға түскен құмалақ батып кетсе, көктем ерте шығады, ал батпай бетінде қар қалса, көктем 40 күн кеш шығады.
- Ауыл ақсақаладары, көрші-қолаң «Ақ мол болып, көпшілікке бұйырсын» деген оймен бірін-бір «қымыз мұрындыққа» шақырады.
- «Саумалық» ырымы бойынша, әрбір отбасы Наурыз тойында:
Саумалық, саумалық,
Жаңа келген жақсылық.
Жаңа келген мереке,
Жаңа келген береке.
Көрмедік пе, көрдік пе?
Саумалық, саумалық,
Сүт көп, көмір аз.
Өмір көп, өлім жоқ! – деп, үйдегі ескі ыдысты сындырып, «қабақ сынды, қайғы кетті» деп ырым жасаған.
- Егер ол түні қой малы қораға алшаңдай басып еркін кірсе, көктем ерте туады.
- Егер күн шыққанда түсі күңгірт тартып, солғын шықса, ол жылы жауын-шашын көп болады.
- Егер күн сәулесі шапағын төгіп, рауандап шықса, ол жылы молшылықболады.
- Ұлыс күні күн оттай қызарып шықса, ол жылы өлім-жітім, өрт көп болады.
- Егер күннің түсі сарғыш қызғылт тартып, ыстық лебі бетке ұрып, шақырайып шықса, ол жылы құрғақшылық, далалы жерлерде өрт болуы ықтимал.
- Шолпан жарқырап шыққан жылдары көк бітік шығады. Көмескіленіп туған жылы шөп те мардымсыз өседі.
Не болса да жақсылыққа жорыңыздар ағайын!