Айып алаңының падишасы: Паоло Росси мен Лотар Маттеус

Oinet.kz 29-05-2014 894

Screenshot_19.jpg

Футболдан ХХ әлем чемпионатының басталуына 15 күн қалды. «Рейтинг» әлем футболының 10 үздік майталманы туралы сөзді әрі қарай жалғамақ. Бүгінгі кейіпкерлер – Паоло Росси мен Лотар Маттеус.

Футболда 89 минут бойы көзге түспей жүрсе де, 90-минуттағы жалғыз-ақ қимылымен ойын тағдырын шешіп кететін тұлғалар жетерлік. Солардың бірі – даңқты италиялық сұрмерген Паоло Росси. Ол алыстан бағыттар сойқан соққысымен немесе шебер дриблингімен ерекшеленген де емес. Оған доптың қақпаға қалай енгені де бәрібір. Өйткені, ол – қарсыластың айып алаңының падишасы, ала допты сол жерде жүріп аңдитын мерген. 

«Мерген болып туу керек пе, әлде оған талантты шыңдап, талмай тер төгу арқылы жетуге де бола ма?» деп сұрапты журналистер П.Россиден. Сонда ол: «Меніңше, әу баста-ақ адам бойында мергендік қасиетімен, доптың бағытын аңдаусыз-ақ сезетін түйсігімен шабуылшы болып туу керек. Онсыз шелектеп төгілген терден де түк шықпайды», – депті. 

Паолоның тағдыры тура өзі айтқандай болды. Тігін фабрикасында жұмыс істегенімен, әр жексенбі сайын өтетін футбол матчтарын жібермей көретін әкесі ұлының атақты спортшы болғанын армандапты. Баласын он жасында-ақ жергілікті футбол командасына өз қолымен жетектеп апарып табыстауы да сондықтан. Ойын сайын доп соғатын жас талап туралы дақпырт бірте-бірте елге тарала бастайды. Паоло 15-ке толғанда оны елдің ең атақты клубы – «Ювентустың» жасөспірімдер командасына қабылдайды. Алайда, жарақаттанған тізесі жиі-жиі сыр беріп, Паолоның аяғына үш рет операция жасалады. Бұл жағдай жүйкелеріне тисе керек, «Ювенің» қожалары 1973 жылы оны төменгі лигадағы «Пратоға», сосын «Комоға» жалға береді. Бәрібір айығуы мен асқынуы «итжығыс түскен» жарақатының салдарынан жақсы ойын көрсете алмаған оны 1976 жылы «Виченца» сатып алады.

Россидің нағыз өрлеуі Б сериясында өнер көрсететін осы клубта басталды. 1977 жылы шабуылшының 21 голы команданың А сериясына шығуына мүмкіндік берді. Ал 1978 жылы Россидің арқасында «Виченца» күтпеген жерден ел біріншілігінде 2-орын алып, күміс жүлдеге ие болды! Шабуылшының өзі 24 доппен бас мерген атанды, ұлттық құрамаға шақырылды. Аргентинада өткен әлемдік додада Паоло барлық ойынға қатысып, 3 гол соқты, «Скуадра адзурраның» 4-орын алуына өз үлесін қосты.

Бір жылдан соң, қаржылық ахуалы нашарлай түскен командаға Россидің голдары да көмектеспей, «Виченца» құлдилап барып, Б сериясына қайта кетті де, үздік ойыншысын «Перуджаға» екі жылға жалға берді. Мұнда оған «матчтардың нәтижелеріне ақша тігетін тотализатор жүйесімен байланысқан» деген айып тағылып, Паоло үш жыл бойына доп тебуден қалды (сәл кейінірек жазаны жеңілдетіп, бір жылын кемітті). Шабуылшы спорттық бабын жеке жаттығулар арқылы сақтап жүрді. 1982 жылдың басында «Ювентус» екі жылдан бері жасыл алаңға шықпаған ойыншыны «Виченцадан» біржола сатып алды. Сол жылдың көктемінде Россидің жаза мерзімі бітті де, ол туриндік клубтың чемпионаттағы соңғы 3 ойынына қатысты. Тағдыр дегенді қойсаңызшы, «Ювеге» алғаш 1971 жылы шақырылған ол осы клубтың жейдесін араға 11 жыл салып бір-ақ киді!

Кигені дұрыс-ау, бірақ иек артпада кезекті әлем чемпионаты тұрды. Италия құрамасының бас бапкері Энцо Беарзот екі жылдық үзілістен соң, яғни, 1982 жылдың 29 сәуірінде ғана алаңға шыққан ойыншыны сонда да Испанияға ала кетті. Рас, бәрі бірден сәтті болған жоқ. Алғашқы кездесуде шабуылшы поляктардың қақпасына... жалғыз соққы бағыттады. Ол ол ма, Перумен болған ойында тіпті аяғына доп та тимеді. Зығырданы қайнаған күллі Италия Беарзотты түтіп жеуге шақ қалды. Алайда, бапкер Россиді үшінші матчта да үздік 11-дің сапынан қалдырған жоқ. 

Қызықтың бәрі екінші кезеңде басталды. Аргентинамен ойында Росси белсенді ойынымен қарсы жақ қорғаушыларын әбден сілелетті. Ал жартылай финалға берілер жолдама үшін Бразилиямен таласта ол үш доп соқты! Бұл – шабуылшының құрама сапындағы жалғыз хет-тригі! Әрі қарай Россидің шабытымен шарықтаған «Скуадра адзурраны» тоқтату мүмкін емес еді. Ол Польшаның қақпасына қос доп тоғытып, командасын финалға алып шықты. Ондағы үш голдың алғашқысы да біздің кейіпкеріміздің еншісінде. 

1986 жылғы әлемдік доп додасында Беарзот жас таланттарға көбірек сенім артты да, Росси құр алаң жиегін күзетіп отырды да қойды. Мексикадан келген соң, ол бір-ақ жыл ойнады: 1987 жылы футболмен қош айтысты. Небәрі 31 жасында! Себебі, баяғы үш рет операция жасалған аяғы жиі-жиі сыр берді, соның салдарынан ол бұрынғы бабына қайта келе алмады. Қазір П.Росси – белгілі бизнесмен, жылжымайтын мүлікпен айналысатын фирмалары, жүзім мен зәйтүн өсіретін фермалары бар ауқатты жан...

Screenshot_20.jpg

Рекордшы Маттеус

Әлемдік доп додасының рекордтары туралы сөз қозғалғанда, әйгілі неміс футболшысы Лотар Маттеусті айналып өту мүмкін емес. Финалдық турнирлерде ең көп (25) ойын өткізген де – сол, бес әлем чемпионатына қатысқан алаңдағы жалғыз ойыншы да – сол (дәл осындай көрсеткішке ие мексикалық Антонио Карбахал – қанша дегенмен, қақпашы ғой). 

Әрине, спорт тауарлары дүкені бар ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Хайнц пен Катарина Маттеустер кіші ұлдарының болашақта атақты футболшы болатынын болжай қойған жоқ. Олар Лотарды да ағасы Вольфганг секілді осы кәсіпке бейімдегісі келді. Алайда, балақайдың басындағы ой басқаша еді. Азаннан ақшамға дейін ала доптың соңында алаөкпе болатын ол қалайда футболшы болуды армандады. Мектепте сыныбындағы ең бойы кішкентайы да, ең әлжуазы да өзі болғандықтан, кейде қатарластарының артықшылығына қызығып, «мама, мені неге мұнша құйтақандай ғып тудың?» деп шешесіне жылап келетін. Дегенмен, тынбай жаттығу, тұрақты шынығудың нәтижесінде ол кәмелетке толарда сымбаты көз тоярдай көркем атлет боп шықты.

Ол кәсіпқой футболдағы алғашқы келісім-шартты Менхенгладбахтың «Боруссиясымен» жасасты. Бұл кезде ол небәрі 18 жаста еді. 1980 жылдың көктемінде «Боруссия» УЕФА кубогының финалына шықты, ал Маттеус ойлы ойынымен ұлттық құрама жаттықтырушысы Юпп Дервальдің назарын аударды. Сол жылғы Еуропа біріншілігінде алаңда тек 16 минут қана ойнағанымен, өзге әріптестерімен бірге құрлық чемпионы атанған оның әлемдік доп додасындағы дебюті 1982 жылы болды. Испанияға да қосалқы құрам ойыншысы есебінде барған жас талант небәрі екі ойынға ғана қатысып, жасыл алаңда ұзын-ырғасы 50 минут қана өткізді.

Құрама тізгінін Ф.Беккенбауэр алған соң ғана Маттеус негізгі құрамға тұрақты іліге бастады. 1986 жылғы әлем чемпионатында ол команданың негізгі жартылай қорғаушысына айналған еді. Лотардың өз міндетіне аса жауапты ұқыптылығы мен шаршау білмес төзімділігін айрықша бағалайтын бапкер оны қорғаныс шебінің басты көмекшісі есебінде пайдаланды. Алайда, мақтаулы шебер Уругваймен ойынның 4-минутында-ақ масқара қателік жасады: өз қақпашысына асырмақ болған ол допты абайламай Алсамендидің алдына салды да берді – 0:1. Әбүйір болғанда Аллофс 85-минутта таразы басын теңестіріп, команданы күтпеген жеңілістен сақтап қалды.

Бұдан қорытынды шығара білген Маттеус ақыры құраманың нағыз көшбасшысына айналды. 1/8 финалда Германия футболшылары Марокко қақпасының кілтін еш таба алмай қойғанда, көмекке Лотар келіп, 88-минутта 35 метрдей жерден айып добын дәл орындады!.. Немістер финалда Аргентинамен кездесті. Беккенбауэр бұл жолы өзінің сенімді шәкіртіне әлемнің үздік футболшысы – Диего Марадонаны көзден таса қылмауды тапсырды. Маттеус міндетін адал атқарды: осыған дейінгі матчтарда 5 доп соққан даңқты аргентиналықтың бұл жолы қанжығасы майланған жоқ. 

Мексикадағы салыстырмалы түрдегі сәтсіздік (қалай дегенмен, күміс жүлде ғой) Беккенбауэр-бапкердің Маттеуске деген сенімін сетінете алған жоқ. Керісінше, кезекті, 1990 жылғы әлемдік доп додасы қарсаңында «Кайзер Франц» Лотармен жеке әңгіме өткізді. «Бізге ешқашан ерік-жігері мұқалмайтын, жігіттерді соңынан ерте алатын көшбасшы керек, – деді ол. – Бұл сенің қолыңнан келетініне сенемін. Сондықтан да капитан етіп тағайындаймын. Енді сен тылға көп қарайлама. Ол міндетті Бухвальд атқарады. Ал сен шабуылға дем бер, команданың бүкіл ойынын ұйымдастыр. Менің идеямды алаңда іске асырушы басты диспетчер өзің бол. Сонда осы чемпионатта сенің де жұлдызың жанады, Отаныма бапкер ретінде алтын кубокты алып беріп, менің де жаным жай табады».

Маттеус ұстазының талабын бұлжытпай орындады. Бапкер сенімі оған қанат бітіргендей болды. Бұл чемпионатта одан артық ойнаған ешкім болған жоқ. Жыл соңында «Франс футболдың» «Алтын добы» да оған бұйырды. 1994 жылғы дода біздің кейіпкеріміз үшін де, Германия үшін де аса сәтті бола қойған жоқ. Ширек финалда олар Болгариядан ұтылып қалды. Бұдан соң екі жылдай құрамадан сырт қалған ол 1998 жылғы доп додасы басталар сәтте командаға қайта шақырылды. Футбол статистикасын сүйетін жанкүйер қауым қалам-қағазын әзірлей бастады. Әлемдік рекорд көп күттірген жоқ: Югославиямен ойынның екінші таймда алаңға Маттеус шықты! Бұл – оның финалдық турнирлердегі 22-матчы еді (кейін тағы үш матчқа қатысты). 

Жиырма жыл (1980-2000) ішінде Германия құрамасының жейдесін 150 рет киген Л.Маттеус кейінгі жылдары өзін бапкер ретінде танытып жүр. 

Сәкен СЫБАНБАЙ

Гол-адам: Герд Мюллер мен Йохан Кройф
Наурызды қайта жаңғыртқан қазақ елі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу