Гол-адам: Герд Мюллер мен Йохан Кройф

Oinet.kz 22-05-2014 895

Мергендігімен танымал Г.Мюллердің орны Германия үшін қашанда бөлек. Оған ел тарихындағы ең таңдаулы ойыншы атағын тапсырып тұрып, неміс футболының тағы бір аңыз-тұлғасы Франц Беккенбауэр: «Егер Герд болмағанда, біз ұлттық мақтанышымызға айналған тарихи табыстарымызға ешқашан қол жеткізе алмас едік. Әрі-беріден соң, мен де қазір ешкім болмас едім», – деп, ағынан жарылды. Кейіпкеріміздің «Бавария» мен ұлттық құрама сапында талай жетістіктерге қатар жеткен және бір серігі, қақпашы Зепп Майер: «Герд сияқты сұрмерген өмірде жоқ, енді болмас та! Ол сол аяғымен де, оң аяғымен де, басымен де, иығымен де, кеудесімен де, арқасымен де, тіпті тізесімен де гол соға беретін бесаспаптың нағыз өзі! Оның қақпа алдындағы қарбалас сәтте қай нүктеден табылуы тиіс екенін алдын ала сезе білетін түйсігі ғажап-ақ. Жұрт бір-бірімен қақтығысып-соқтығысып, құлап қалып жатады ғой, бірақ Герд қашанда аяғынан нық тұрады және доп қайда болса, бұл да сонда болады», – деп тамсанады.

deff79730a8b6b116e8531a4a5481e30.jpg

Рас, Мюллерден доп тартып алу мүмкін емес-ті. Әрине, оны желаяқ жүйрік деуге де, сырықтай бойшаң да деуге де болмайды. Ол – орта бойлы, тығыз денелі, еңсесін қашанда тік ұстайтын ойыншы. Ал оның кіммен соқтығысып қалса да құламайтын, аяғындағы доптан өлсе айрылмайтын себебі – аяқтарының қуаттылығында. Қара санының жуандығы 62 см. болатын спортшының кім қақса да мәрмәр тасша мызғымауы тегін дейсіз бе?

Г.Мюллер екі әлем чемпионатына қатысты. 1970 жылы Мексикада ол 6 ойында 10 доп соқты: Марокко құрамасының қақпасына – 1, Болгарияға – 3, Перуге – 3, Англияға – 1, Италияға – 2. Яғни, ол – бір әлем чемпионатында 2 рет хет-трик жасаған дүниедегі үш футболшының бірі. Және оның голдарының бәрі дерлік Германия құрамасына жеңіс әкелді. 

Герд мырза қатысқан келесі, 1974 жылғы әлем біріншілігі оның Отанында өтті. Шабуылшы турнирдегі 7 матчта 4 гол соқты. Бұл жолы да ол команда үшін ауадай қажет жеңіс доптарының авторы атанды (жартылай финалда және шешуші бәсекеде). Сөйтіп, ол содан екі жыл бұрынғы құрлық додасының алтынына қоса әлемдік футболдың бас жүлдесін де иеленді. 

Алайда, сол чемпионаттың финалындағы соққан добы Мюллердің құрама сапындағы... соңғы голы болды: шабуылшы бұдан әрі ұлттық командада ойнаудан бас тартты, бапкер Х.Шен қанша өтінсе де, көнбей қойды. Бұл кезде ол тіпті 29-ға да толған жоқ еді. Түсінесіздер ме, ол әлі қаншама гол соғар еді! Алаңнан қанжығасы майланбай кетуі сирек сұрмергеннің көрсеткіші онсыз да таң қаларлықтай (62 ойында 68 гол деген ғаламат нәтиже емес пе?!), онсыз да «Гол-адам» атанған тұлға, егер құрамадан ерте қош айтыспағанда Пелені де артқа тастар ма еді, кім білсін...

...Г.Мюллер 18 жылдық кәсіби карьерасының 15 жылын Мюнхеннің «Бавариясында» өткізді. Сосын үш жыл АҚШ-тың «Форт-Лодерлейл Страйкерз» клубында ойнады. 1982 жылы доп тебуді қойған ол содан бергі өмірінің 1991 жылға дейінгі кезеңін мүлде еске алғысы келмейді. Өйткені, бутсысын шегеге ілген ол бапкерлікке де, басқа тірлікке де қызықпай, ғұмыр бойы жиған-тергенін шашып-төгіп, ішіп-жеуден басқа түк бітірмеді.

– Футболдан кеткен соң мен үшін өмірдің мәні қалмағандай болды, – дейді Герд Мюллердің өзі. – Күнде таңертең кафеге барамын да, шарап ішіп отырып, айналама үйіріле қалатын зеріккен жұртқа қай голды қалай соққанымды баяндап, үйге қас қарая қызара бөртіп бір-ақ ораламын. Онда да мені кола қосылған виски күтіп тұратын...

Құдайдың құтты күнгі тірлігі осы болған соң, денсаулық та құриды, қанша көп болғанымен ақша да азаяды, отбасының да берекесі кетеді. Міне, осы кезде оған бұрынғы әріптестері көмекке келеді. Алькогольге тәуелділік дертіне шалдыққан Герд мырзаны Ф.Беккенбауэр мен У.Хенесс дер кезінде емханаға жатқызып, жан-жақты қолдау көрсетіп, толық айығып кеткенше қадағалаумен болады. Герд мырза содан бастап спиртті ішімдікті татып алмайды екен. 1991 жылды ол өзінің дүниеге қайта келген жылы санайды. 

Маэстро

6b132aa740af4145a485dbe5ecb33208.jpg

Таяуда «Әлем чемпионаттарының аңыздары» атты осыдан бірнеше жыл бұрын «Eurosport» арнасынан көшіріп жазып алған көне бейнетаспаны қайталап көрдім. Пеленің ғажап голдары, Марадонаның тамаша дриблингі, Платинидің «па, шіркін!» дегізерлік керемет пастары... бірінен-бірі өтеді. Бірақ бәрінен де айран-асыр қалдырғаны – жасыл алаңның кез келген нүктесінен табыла білетін Йохан Кройфтың ғаламат шеберлігі еді.

Шыны керек, бүгінде егде тартқан жанкүйерлер болмаса, көпшілігіміз Кройфтың ойынын дұрыстап көрген де жоқпыз. Біз футбол қарай бастаған 80-жылдардың басында ол шау тартып, шабандап қалған еді. Алайда, соның өзінде оның алаң ортасындағы ойлы ойыны, команданың бүкіл қимылының тізгінін өз қолында ұстауы талайды тәнті ететін. Ал нағыз бабындағы шағында қандай болғанын әлгі бейнетаспадан тамашалап, таң қалғанымызды айттық. Оған қарсы ойнағандар тіпті «Кройф Пеледен де мықты еді» деседі.

Йохан Кройф 1947 жылдың 25 сәуірінде Амстердамның еврейлер көп шоғырланған ауданында дүниеге келіпті (оны журналистердің «еврейден шыққан тұңғыш ұлы футболшы» деп атауы тегін болмаса керек). Әкесі Мэнус ұсақ саудамен айналысса, анасы Нэл «Аякс» футболшыларының киім-кешегін жуумен нан тауыпты. Баласын «Аяксқа» алып келген де сол кісі екен. Клубтың балалар командасының бапкері әуелі 10 жасар Йоханға қарап тұрып: «Тым әлжуаз екен», – деп, басын шайқапты. «Тек сіздің балаңыз болғаны үшін ғана келісіп отырмын, біраз байқап көрейік, өзгелерге ілесіп кете алмаса, бізге ренжімеңіз» депті сосын. Шидей ғана «әлжуаз» баланың қатарластарынан әлдеқайда талантты екенін ол байғұс қайдан білсін...

Балалар командасында 7 жыл жаттыққан Йохан 1964 жылы «Аякспен» ресми келісім-шарт жасасып, көп ұзамай оның негізгі ойыншыларының біріне айналды. Амстердамдық клуб 1966-1973 жыл аралығында 6 рет ел чемпионы атанды, үш жыл қатарынан Еуропа елдері чемпиондарының кубогын (қазіргі Чемпиондар лигасы) жеңіп алды. Команданың осы табыстарының бәріне де Й.Кройфтың еңбегі ерекше сіңді. Оның ойыны мамандар тарапынан да жоғары баға алып, үш рет қатарынан құрлықтың үздік футболшысы атанды. Даңқы дүркіреген дүлдүл жігітке Еуропаның мықты клубтары қатты қызығып, бірінен соң бірі шақыра бастады. Йохан ойын философиясы өз стиліне сәйкес келетін «Барселонаны» таңдады. Алайда, 70-жылдары испан суперклубы халықаралық аренада да, ұлттық біріншілікте де аса көп табысқа жете қоймады.

Й.Кройф ұлттық құрама сапында да көздеген мақсатына жете алмады. Ол Голландия құрамасының қызғылт-сары жейдесін алғаш рет 1966 жылы Венгриямен кездесуде киіп, тұңғыш ойынында-ақ гол соғып үлгерді. Дегенмен, Йоханның жұлдызды шағы – 1974 жылы Батыс Германияда өткен әлемдік доп додасы еді. Бас бапкер Ринус Михелс голланд командасын чемпионатқа мүлде жаңа тактикалық тәсілдермен қаруландырып әкелді. Допты ұйымдаса тартып алу, жасанды офсайд, қорғаныста да, шабуылда да әр футболшының бір-бірінің орнын басып ойнай беруі – басқалар үшін әлі таңсық еді. Кройф осы «ұйымдастырылған берекесіздіктің» басты дирижері, ұстаз идеясын іске асырушы «алаңдағы бапкер» болатын.

Кройфтың өзгелерден артықшылығы неде еді? Біріншіден, оның жылдамдығы керемет-тін. 30 метрді ол 3,8 секундта жүгіріп өтетін. Екіншіден, сол жылдамдығын ол тамаша игере білетін. Қажет кезде лезде құйындай жүйткіп, артынша лезде іркіле қоятын. Үшіншіден, Йохан допты аса шеберлікпен жетектегенде, оны одан тартып алу еш мүмкін емес-ті: қара күші тасыған талай қорғаушыны Кройфтың жалт бұрыла қоятын шалт қимылы пұшайман ететін. Оның «Ұшқыр голланд» атануы да сондықтан еді.

Дегенмен, Й.Кройфтың, жалпы Голландия құрамасының көз сүйсіндірер керемет ойынына қарамастан 1974 жылғы әлем чемпионатының финалында бір тәртіпке бағынған ұйымшыл неміс командасы жеңіске жетті. Бірақ доданың үздік ойыншысы Кройф болды.

Голландия құрамасының сапында 48 ойын өткізіп, 33 гол соққан Кройфты жұрт сол кездің өзінде «ХХІ ғасырдың футболшысы», «Маэстро», «Футбол Пикассосы» деп атаған екен. Расында да, футболшы десе, көз алдымызға екі иығына екі кісі мінгендей атлет жігіттер елестемей ме? Ал Кройф спортшыдан гөрі өнер адамына көбірек ұқсайды. Тек сырт келбеті жағынан ғана емес, ойнау стилі жөнінен де. Өзге жұрт құшырлана тебу үшін жаралған деп түсінетін ала доп оның аяғына тигенде, суретші қылқаламына, әлде дирижер қолындағы таяқшаға айналып кететіндей еді. Жанкүйер қауымның оның ойынынан өнер туындысын тамашалағандай әсер алатыны сондықтан болса керек. Ол кейін бапкер ретінде де әлемге әйгілі болды. Сонда ол басқарған командалар да тура Кройфтың стилінде ойнайтын. 

Қазір ол бапкерлікті де қойған. Саяхатқа шығып, ел аралайды, достарымен гольф ойнайды, кейде арнайы өтініштерді орындап, жас балаларға футболдан сабақ үйретеді, телеарналар мен баспасөз беттерінде өз көзқарастарын айтып отырады. 

Сәкен СЫБАНБАЙ

Икрам Төлеев: ​«Оңтүстікте дәрігерлердің біліктілігі өте жоғары»
Айып алаңының падишасы: Паоло Росси мен Лотар Маттеус
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу