Икрам Төлеев: «Оңтүстікте дәрігерлердің біліктілігі өте жоғары»
Икрам Төлеев, облыстық жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты, Ұлттық медицина ассоциациясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының президенті
«Медицинадағы жетістік алдымен Елбасының арқасы»
--Икрам Төлеұлы, жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының жұмысы көшпілікке беймәлімдеу. Мұндай орталық не үшін қажет? Оның жұмыс істеу тәсілі қандай?
--Ғылымда гипербариялық оксигенация деген термин бар. Бір кездері газеттерде оны жоғары қысымды оттегімен қоректендіру деп аударып жатты. Бұл аударма көңілімізден шықпады. Содан кейін оны тікелей аудармай, мағынасын сақтай отырып жоғары қысымды оттегімен емдеу деп атадық. Өзге облыстардағы орталықтар да осы атауды қабылдады. Ақыры ол ресми түрде жоғары қысымды оттегімен емдеу деп аталып кетті. Біздің орталық бүгінде өзге облыстардағы орталықтарға әдістемелік көмек береді. Осы салада еңбек ететін өзге өңірлердегі әріптестеріміз, медбикелер және инженер-техниктер бізге келіп білімін жетілдіріп тұрады. Республикада осы саладағы оқу бағдарламасын да өзім жасағанмын. Ол дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында бекітілген. Яғни, біздің орталық республикадағы ең жетекші орталықтардың бірі деп айта аламын. Мекемемізге Тұрмахан Орынбаевтың есімі берілген. Ол кісі осы орталықтың негізін қалаған, үлкен ғалым, бәрімізге ұстаз болған азамат. Оны жоғары қысымды оттегімен емдеу қызметінің пионері деп атауға болады.
Жоғары қысымды оттегімен емдеу қызметі физиканың заңдарымен жүзеге асырылады. Дәлірегі, оны Генри-Дальтон заңы деп атайды. Бұл заң бойынша сұйықтықта газдардың ерігіштігі қысымды арттырған сайын күшейе түседі. Жоғары қысымды оттегімен емдеген кезде ағзадағы сұйықтықтардың (қандағы, ұлпаралық, жасушааралық, буындағы) құрамындағы оттегінің мөлшері артады. Осыдан кейін олардың жалпы жағдайы жақсарады. Ота жасау кезінде аурудың ағзасы оттегінің жетіспеуінен зардап шегеді. Тіпті, гипоксиядан (оттегінің жетіспеуінен) өліп те кетеді. Осының алдын алу үшін оталарды жоғары қысымды оттегіде--барокамерада жасаған тиімді. Жоғары қысымда ағзаға оттегі жақсы сіңеді. Қайбір жылдары облыста ана мен бала өлімі жиілеп кетті. Сол кезде осы орталықта босандыру кезіндегі қауіпті жағдайлардың алдын алатын бөлімше жұмыс істеді. Өз бетінше босана алмайтын аналар осында жатқызылды. Түрлі оталар, «кесарево тілігі» осы барокамерларда жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде ана өлімі екі есеге төмендеді.
Өздеріңізге белгілі, бұрын біздің орталық жедел жәрдем ауруханасымен бір ғимаратта орналасты. Бұл шұғыл оталарды барокамераларда жасау үшін қажет болатын. Кейіннен жедел-жәрдем ауруханасының ғимараты талапқа сай емес болғандықтан, №2 ауруханаға көшірілді. Ал, біз осында қалып қойдық. Қазір біздің жұмысымыздың негізгі бағыты күйік ауруларын және антидоттық, яғни уланулардан емдейміз. Мәселен, көмір исімен уланғандарды жоғары қысымды оттегімен емдеген кезде ағза удан тез тазарады. Бұдан бөлек ботулизм, дәрі-дәрмектен улану, жылан, өрмекші, жабайы ара шаққан кезде кейбір ағзаларға дәрі-дәрмек көмектеспейді. Ал, оттегімен емдеген кезде ағзадағы у тез тарап кетеді. Орталықта ауруларға көмек те көрсетеміз, сонымен бірге олар жатып та ем қабылдайды. Бұдан бөлек жоғары оқу орнының студенттеріне, магистранттарға орталықта дәріс береміз. Бірақ қазір біздің саламыз бойынша мемлекеттік тілде жазылған оқулықтар аз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін өзіміз де атсалысып жатырмыз. Мәселен, жақында клиникалық токсикология пәніне арналған еңбегімді аяқтадым. Сәтін салса, бұл студенттерге үлкен көмекші құрал болады деп ойлаймын.
--Жоғары қысымды оттегімен емдеуге қажетті барокамералар қайда жасалған?
--Барокамераларды жасау өте көп қаржыны қажет етеді. Кеңес одағының кезінде операциялық терапиялық барокамараларға қажетті қаржы қоғамдық негізде жиналған. Дәлірегі, облыстағы зауыт-фабрикалар, құрылыс мекемелері көмектескен. Барокамералар өзімізде жасалды. Алғашқы қондырғы «Шымкент» деп аталды. Кейіннен оны қолдану тәсілі ескірді. 1983 жылы жаңа барокамера жасалды. Оған «Арыс» деген атау берілді. Бір айта кетері, жоғары қысымды оттегімен емдеу су асты қызметімен байланысты. Өйткені су астында ұзақ уақыт жұмыс істеген азаматтар арасында кессон деп аталатын ауру кездеседі. Бұл ауруға шалдыққан адамның жасушалары, тамырлары зардап шегіп, адамның буындары ауырады. Жоғары қысымды оттегімен емдеу қызметі осы кессон ауруына шалдыққандарға қолданылған. Сондықтан әлемде барокамераларға өзен-сулардың атын беру үрдісі қалыптасқан. «Арыстың» құрылысына бас-аяғы 43 мекеме атсалысқан. Олардың ішінде мәскеулік мекемелер де бар. Бұл барокамарада ота жасауға да болады және сонымен бірге бірнеше адамға терапиялық қызмет көрсете алады.
Бұдан бөлек қазір бір орындық үш барокамерамыз да бар. Бірақ қондырғылардың пайдалану мерзімі аяқталып келеді. Енді жоғарыдағы басшыларға жаңа қондырғы сатып алу туралы өтініштер беріп жатырмыз.
--Жаңа қондырғыларды сатып алмай, өзімізде жасауға мүмкіндік жоқ па?
--Қазір кеңес одағы кезіндегідей үлкен зауыт-фабрикалар жоқ. Бұрынғы баркамералар цистерна вагондардан жасалды. Бүгінде ондай мүмкіндік жоқ. Оның үстіне қазір заман басқа, талап басқа. Орталыққа жаңа барокамера алып беру 2015 жылға жоспарланған. Бірақ ол біз үшін ұзақ мерзім. Келер жылы алынса деген тілегіміз бар. Жуырда облыстағы біраз құрылыс мекемелерінің басшылары жоғарыға осы жөнінде хат жазып, өтініш білдіріпті. Олардың өтініші жерде қалмас деген ниеттеміз. Денсаулық сақтау басқармасы жаңа барокамераны ертерек алып берудің амалдарын қарастырып жатыр. Қондырғыны лизингтік жүйемен немесе бюджеттен қаржы шығарып сатып алып беру туралы ұсыныс білдірді. Бізге лизингтік жүйе тиімсіз, сондықтан оны сатып алып берсе деген өтінішіміз бар. Біздің білуімізше, барокамералар қазір Өзбекстанда жасалады. Жаңа қондырғының бір артықшылығы оттегімен жоғары қысымда ғана емес, төменгі қысымда да емдеуге болады.
«Оңтүстікте дәрігерлердің біліктілігі өте жоғары»
--Сіз Ұлттық медицина ассоциациясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының президенті қызметін атқарып келесіз. Бұл ұйымның басты мақсаты не?
--Ұлттық медицина ассоциациясы 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Ұйымның басты мақсаты --дәрігерлердің құқығын, мүддесін қорғау. Қиын жағдайға тап болған ақ халаттыларға көмек көрсету. Қауымдастыққа Психология және психотерапия институтының директоры, медицина ғылымының кандидаты, заңгер Садықова Айжан Бекайдарқызы жетекшілік етеді.
Өздеріңізге белгілі, 2006 жылы Оңтүстікте сәбилердің ВИЧ дертіне шалдығу оқиғасынан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасына В.Дудник деген азамат келді. Жаңа бастық бас дәрігерлерді жаппай аттестациялаудан өткізді. Осы сынақтан көптеген бас дәрігерлер өте алмай, қызметтерінен алынды. Бас дәрігерлер біліксіздік танытты деуге болмайды. Сынақтан өткізу кезінде көптеген кемшіліктер орын алды. Бас дәрігерлерді қайткен күнде де амалын тауып, құлату әрекеті жасалды. Осыдан кейін мен сынақ кезінде орын алған кемшіліктерді тізбелеп, оны басқарма басшыларының алдына қойдым. Олар менің бұл уәждеріммен келісті. Осындай қысылтаяң кезде мені Ұлттық медицина ассоциациясының облыстық филиалына президент етіп сайлау туралы ұсыныс түсті. Мен бұған келісімімді бердім.
--Осы уақытқа дейін бұл ұйым нендей іс-шараларды атқара алды? Қиын жағдайға тап болған дәрігерлерге қаншалықты көмек бере алдыңыздар?
--Ұйымның бастамасымен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті медицина факультетінің клиникасы алдынан «Дәрігерлер аллеясы» ашылды. Бұған университеттің президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Л.Тәшімов үлкен көмек көрсетті. Қаржы емдеу мекемелерінен жиналды. Аллеяға алғашқыда қазақтан шыққан әйгілі шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының ескерткішін қоямыз дегенбіз. Бірақ кейін ойласа келе, бүкіл әлем таныған, шығыстың ғұламасы Әбу Әли ибн Синаның ескерткіші орнатылды. Ескерткіштің қасына «Гиппократ анты» және Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының өсиетнамасы жазылды. Снымен бірге аллеяға өзгелердің ғұмырын сақтап алу үшін өз өмірін құрбан еткен дәрігерлерге арнап ескерткіш ашылды. Өздеріңізге белгілі, қырым-қанды безгегіне шалдыққан науқастарға көмек көрсету кезінде Түркістанда үш дәрігер қайтыс болды. Оларға «Алтын дәрігер» деген атақ бердік. Ескерткіш міне, осындай жандарға арналып отыр. Бұл аллеяның келешек-дәрігерлерге, адам өмірінің арашасы болатын жас мамандарға берер өнегесі мол деп ойлаймын.
Осы жерде айта кетейін, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өте күрделі тұлға. Оның осыдан 5 ғасырдан бұрын жазған медициналық үлкен ғылыми еңбегі – «Шипагерлік баян» күні бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Қытай үкіметі 1997 жылы «Шипагерлік баянның» құндылығын жоғары бағалап, оған «Мемлекеттік бірінші кітап» деген сыйлықпен марапаттады. Қытайда Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының мұрасын зерттеу үшін 2 мемлкеттік медицина орталығын құрылған екен. Қазір мен бабамыздың еңбектерін зерттеу, оған лайықты бағасын беру туралы мәселе көтеріп жатырмын.
Қырым қанды безгегіне байланысты Түркістанда өткен дәрігерлердің сотына да қатыстым. Жеті дәрігерге сотталып кету қаупі төнді. Үш жарым ай осы сот процесіне қатысып, сот пен прокурорларға дәрігерлерлік қызметтің жай-жапсарын түсіндіруге тура келді. Осы жұмыстардың шарапаты тиді деп ойлаймын. Ақыр соңында бір дәрігер сотталды. Қалғандары қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, олар өз қызметтерін жалғастыруға мүмкіндік алды.
Жалпы, дәрігерлерді науқасты құтқара алмағаны үшін жауапкершілікке тарту, сол үшін өтемақы талап ету белең алып барады. Мәселен, жуырда Қазақ-түрік универстеті клникасының бір дәрігері осындай айыппен сот алдына барды. Талапкер жақ әкесінің өкпе рагін уақытында анықтай алмады деген айыппен одан 7 миллион теңге талап еткен. Мен осы іс бойынша зерттеу жүргізіп, сотта өз пікірімді айттым. Өкпе рагі тез дамиды, дәрігердің оны уақытында анықтай алмауы әбден мүмкін екенін түсіндірдім. Нәтижесінде талапкер жаққа клиника жұмсаған шығындарын, нақты айтқанда 300 мың теңге өтейтін болып шешілді.
Тағы бір осындай жағдай Арыс қаласында орын алды. Талапкер бұл жолы хирургтан өтемақы талап еткен. Мен аурухананың бас дәрігері арқылы тиісті нұсқауларымды бердім. Абырой болғанда, бұл жолы іс талапкер мен жауапкер жақтардың өзара келісімге келуімен аяқталды.
Дәрігер ауруға қастандық жасамайды. Жұмыс барысында қателіктің кетіп қалуы табиғи құбылыс. Бірақ сол үшін дәрігерді сотқа тартуға бола ма? Дәрігерлердің кәсіби тәуекелділігін қорғау қазір өте өзекті. Ауру мен дәрігер арасында туындаған мәселелерді сотқа жеткізбей шешуді қолға алу қажет, соның тиімді тетігін қалыптастыру керек.
--Дегенмен «дәрігер қателеспеуі керек» деген қағида бар емес пе? Кейбір дәрігерлердің өз міндетін тиісті деңгейде атқармайтынын, ауруханаларда «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің орын алатынын жоққа шығаруға болмайды ғой. Ондай келеңсіздіктермен күресу үшін не істеу керек?
--Рас, біліксіз дәрігерлер де жоқ емес. Дәрігерлердің біліктілігін көтеру, білімін жетілдіріп отыру қажет. Ауруханаларда келеңсізіктер орын алса, онымен халық болып күресу керек. Бірақ ол үшін ақ халатыларға жаппай күйе жағу дұрыс емес. Өз қызметін адал атқаратын, тіпті ауруханаларда демалыс күндері де келіп жұмыс істейтіндер көп. Облысымызда медициналық қызмет кейінгі жылдары жақсы дамып келеді. Дәрігерлер өте күрделі операцияларды жасап жатыр. Облысаралық бөлімшелер осы Шымкентте ашылуда. Бұл облыстағы дәрігерлердің біліктілігі өте жоғары екенін көрсетеді. Медицина мекемелері бұрын соңды болып көрмеген заманауи қондырғылармен жабдықталуда. Осының бәрі де бірінші кезекте Елбасымыздың арқасы. Елбасы халыққа арнаған Жолдауыларында әлеуметтік салаға, оның ішінде медицинаға айрықша мән беруде. Мемлекет басшысының берген тапсырмалары негізінде жасалған Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде денсаулық сақтау саласы алдағы уақытта алға қарай дами береді. Әлі талай жетістіктердің куәсі болатынымызға сенемін.
--Әңгімеңізге рахмет! Қызметтеріңізге табыс тілейміз!
Мұрағаттан, 06.12.2012 ж